Димаш Ресей Халық әртісі Алла Пугачеваның кешінде ән айтты (видео)

Димаш Құдайберген Ресейдің Халық әртісі, әнші Алла Пугачеваның мерекелік кешінде ән айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті достар! Димаш Құдайбергеннің бүгін, 08.04.2019-да Алла Борисқызы Пугачеваның мерекелік кешінде өнер көрсетуі. «Түске ұқсас махаббат» композициясы, Игорь Крутойдың аккомпанементі», - деп жазылған қазақстандық әншінің ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.

Өлең аяқталғаннан кейін залдағы көрермендер «Браво!» деп ду-қол шапалақ соғып, Димаштың есімін бірнеше қайтара айғайлады. Сахнаға ұмтылған халық қолдарындағы гүдердің барлығын Димашқа сыйлады. Кеш жүргізушісі шоумен Максим Галкин: «Игорь Крутойдың тамаша әні және Димаш Құдайбергеннің таңғажайып дауысы. Тамаша тандем. Бұл сіздерге арналған қошемет», - деді. 

Димаш 8 сәуір күні Мәскеудегі Крокус Сити Холл ғимаратында ресейлік әншінің 70 жылдық мерейтойына арналған «Аллаға арналған сыйлық» концертінде өнер көрсететіні туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

Оған Григорий Лепс, Сергей Шнуров, Светлана Лобода, Валерий Леонтьев сынды танымал жұлдыздар қатысатыны хабарланған еді. 

Алла Пугачева - Кеңес Одағының және Ресейдің эстрада әншісі, композитор, тележүргізуші және актриса. КСРО Халық әртісі (1991), РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1995). Оның репертуарында орыс, ағылшын, француз, неміс, украин тілдерінде 500-ге жуық ән бар.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің 22 және 23 наурыз күндері Кремль сарайында өткен концерттері аншлаг жинады. Димаштың өнерін тамашалауға әлемнің 50-ден астам елінен жанкүйер келді. 

 Ал 29 маусым күні Димаш Нұр-Сұлтан қаласында шығармашылық кешін өткізеді.

Ал биылғы күзде көрермен назарына жас дарын туралы деректі фильм ұсынылатын болады. Оны «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп жатыр. Фильм жайлы телеарнаның басқарма төрағасы Ерлан Қарин айтып берді. «Бұл фильмде бұрын жарияланбаған түрлі бейнематериалдар көрсетілетін болады. Оған дайындық барысында біздің команда әншінің Мәскеудегі концертіне барды. Әріптестерімен арнайы сұхбаттар түсірді. Мәскеудегі концертінен кейін Қытайға сапарға аттанып, Хунан арнасындағы үлкен шоуға қатысты. Біз шоудың түсіріліміне де қатысып, ол жақта да Қытайдағы достары мен әріптестері тарапынан сұхбаттарды түсірдік. Әрине, негізгі түсірілім Нұр-Сұлтанда 29 маусымда өтетін концертіне байланысты болды. Оқиға желісі осының негізінде құрылады. Бұл - Димаштың ең үлкен концерті. Әлбетте, Димаштың әлемнің әр түкпірінде концерті өтіп жатыр. Бірақ, бұл ең ауқымды концерті болады деп ойлап отырмыз», - деді ол.



 

СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 09 сәуір 2019 г. 762 0