Аймақ халқы акцияға атсалысты (аудио)

Баршамызға белгілі, өткен 24-ші маусымда Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасында төтенше жағдай орын алды. Оқыстан шыққан өрт соңы жойқын жарылысқа ұласып, жергілікті тұрғындардың ғана емес, тұтастай елдің үрейін алған болатын. Апаттық жағдайдан кейін еліміздің барлық аймақтарынан Арыс халқына үлкен қолдау білдіріп, арнайы гуманитарлық көмек жөнелтілуде.
Бұл оқиғаға Сыр халқы да бейжай қарап қалмай, арнайы автокеруен жасақталып, аймақтағы барлық аудан мен қала жұртшылығы қаржы мен азық түлік, тұрмысқа қажетті заттардан құралған көмек беріп те үлгерді. Арыстағы ағайындардың көңіліне демеу болар деген ниетпен облыс пен қала әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер мен ұжым қызметкерлері бір күндік жалақысын да аударған.
Сонымен қатар, қала әкімдігінің Б.Шөкенов атындағы саябағында ұйымдастырған «Қызылордалықтар Арыспен бірге» атты акциясына да тұрғындар белсене қатысты. Мұнда зардап шеккендерге көмек мақсатында арнайы жәшік орналастырылған. Келген тұрғындардан бөлек, өнер ұжымдары, мемлекеттік қыз­меткерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер және студенттер де қаржылай қолдауларын қайы­рымдылық жәшігіне салып жатты.
– Әлімсақтан «арты қайырлы болсын» дейтін қазақпыз. Арыстағы оқиғаға орай халқымыз тағы да бірлікті, ынтымақты ұстанатынын дәлелдеді. Барлық атсалысып отырған мекемелер мен жеке адамдарға алғысымызды білдіреміз. Елдің тұтастығын, ауызбіршілігін танытатын бұл акцияда сіздердің қайырымды істеріңіз көпке үлгі, кейінгі буынға үлкен тәрбие деп есептеймін. Қызылордалықтар қашаннан жақсылық жасауға жаны құмар жұрт екені көпшілікке мәлім. Бұл қиындықты бірлік жеңетінінің дәлелі, – деді қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова. 


Микрофон алдында – Рәпіш Төлепова.




​​​
СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 28 маусым 2019 г. 186 0