Жалағаш элеваторы алғашқы өнімді қабылдады (фото)

68

0

Жиырма екі жылдан
соң Жалағаш элеваторы қайта күріш қабылдады. Өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК жанынан
«Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС құрылып, 42 шаруашылықпен келісім-шартқа отырған
болатын. Бүгін диқандар 450 мың тонна күрішті элеватордың қамбасына әкеп құйды.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, аудан әкімдері, ауылшаруашылық саласының
мамандары  қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы
«Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС-нің зертханасының және электрондық таразы, астық
көтергіштердің жұмысымен танысты. Мұнан соң агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми
жетістіктері, жаңа технологиялар, инновациялық жобалар мен минералды тыңайтқыш,
пестицид жеткізушілердің көрмелерін аралап көрді. Өңір басшысы шаруашылықтарға
жаңашылдықты жатсынбау қажеттігін ескертті. Сапалы өнім алу үшін, әрине,
жаңашылдық керек. Кұріш жинау жұмыстарына арналған облыстық семинар-кеңесте бұл
мәселе кеңінен талқыланды.

Жалпы, Сыр диқандары
биыл 161,4 мың гектар жерге егін ексе, соның 81,2 мың гектары күрішке тиесілі.
Ағымдағы жылы егіншілік саласын субсидиялауға республикалық және жергілікті
бюджеттен 5,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Өткен жылы күріштің гектарынан
орташа есеппен 49,9 центнерден өнім жиналған-ды. Мамандар биыл да бұл межеден
түспейтіндігін айтып отыр. Қазіргі таңда диқандар 15 мың гектар алқаптың
күрішін орып болды. Жалпы қажетті жанар-жағармайдың 60 пайызға жуығы
шаруашылықтарға жеткізілген. Бұл бағытта 11 оператор жұмыс жасап жатыр. Облыс
әкімі сала басшыларына барлығы бақылауда болуын қатаң тапсырды. Яғни,
диқандардың маңдай тері зая кетпесін деді. Қазан айының алғашқы он күндігінде
күріш орылып болады. Ендігі міндет мерзімнен кешіктірмеу.

– Ауыл шаруашылық саласына мемлекет үлкен
қолдау жасап отыр. Өткен жылы біршама шаруашылықтардың аяқтан тұруына жағдай
жасадық. Тәуелсіздік жылдарына бос тұрған Жалағаш элеваторы іске қосылды.
Көктемде 42 шаруашылықпен келісім жасасып, өнімді сатып алуға 809,9
миллион  теңге төленіп қойды. Бүгін
алғашқы күріш элеваторға әкелінді. Облыста майда шаруашылықтар көп. Тіпті
қолдарында техникалары жоқтары да бар. Сондықтан алдағы уақытта оларды басқа
өнім түрлерін өсіруге бағыттауымыз қажет, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Расымен, майда
шаруашылықтардың мәселесі көп болып тұр. Өңір басшысы айтқандай, оларды басқа
дақыл түрін өсіруге бейімдеу қажет. Қазіргі таңда облыста күріш егіп отырған
350 майда шаруашылық бар. Оның үстіне 2017 жылдан бастап өңірлік мамандандыру
картасы негізінде ауыл шаруашылық құрылымдары қаржыландырылатын болады. Оның
талаптары жоғары. Сондықтан талапқа сәйкестендіруді осы бастан бастаған жөн.
Тағы бір жаңалық, келер жылдан бастап көкөністі, картопты тамшылатып суару
арқылы  және жаңа жоңышқа еккендер10 есе
артық субсидия алады. Яғни, жаңа технологияны қолданғандар қамқорлықты көп көреді.

Күріш негізгі дақыл
болғанымен суды көп қажет етеді. Ғалымдар табиғатымызға төзімді тұқым шығарумен
айналысып келеді. Тіпті шетелдіктерменде мамандарымыз тәжірибе алмасып жүр.
Нәтижесі де жоқ емес. Аймақ басшысы, ілкімді істі ілгерілету қажеттігін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз