«Qoldau» неге қорлау болып тұр?

986

1

Мемлекет шаруалардың арқасынан қағып отырғандай көрінетін шығар. Бірақ өздері «мұның бәрі бос сөз» дейді. Субсидияның сергелдеңге салғаны аздай, енді оған жем-шөп мәселесі қосылды. Аралдағы қуаңшылықтан кейін бағасы аспандап шыға келгенін қайтерсіз?! Балақтан тартқан басқа да қиындықтар туралы білетіндер айтсын.

Жалағаш ауданындағы «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төр­ағасы Нұрлан Биманов он шақты жыл бұрын ірі қара мен жылқы тұқымын асылдандыруға ден қойды. Алайда алда талай кедергі күтіп тұрғанын сезбеген де еді. Әсіресе, бюрократиялық бөгет пен әкімшіліктің әуресі аяққа әлсін-әлсін оратыла береді.

– Субсидия алу үшін былтырдан бастап құжаттарды электронды түрде толтырып, тапсыруға көштік. Таңнан кешке дейін малдың соңында, егістік басында жүретін бізде ондай мүмкіндік бола бермейді. Ауылда интернет тартпайды. Телефонмен үйдің төбесіне шығып сөйлесетін кездер болады, – дейді кейіпкеріміз.

Субсидия алуға өтініш беру рәсімі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-ның «Qoldau.kz» платформасында жүзеге асырылады. Бүгінде 219 мыңға жуық қолданушысы бар. Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов сандық плат­форманың ақылы негізде жұмыс істейтінін сынап, Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады.

– Қызмет құны алынған субсидия сомасына байланысты. Мәселен, суб­сидия сомасы 100 мың теңгеге дейін болса, төлем 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Бұл – шамамен 9 мың теңге, 1 млн теңгеге дейін – 10 АЕК, яғни 29 мың теңге, ал 1 млн теңгеден асса – 11 АЕК, 32 мың теңге шамасында төленуі тиіс. Онсыз шаруа субсидиядан қағылады. Бізге және шаруаларға қызметтің құны неге субсидия көлеміне байланысты екені түсініксіз. Өйткені мұнда тек өтініш беру рәсімделеді. Оның өзі автоматты түрде жасалады. Биыл қызмет алушылар саны 218 мыңнан асқанын ескерсек, сандық платформаның қанша табыс табатынын есептеу қиын емес, – деді депутат.

Ал диқандардың күні бойы компью­терге үңіліп отыратын уақы­ты жоқ. Дала жұмысынан босамайды. Содан келіп «мүмкіндіктер терезесін» іздейді. Бұл – порталдың ашылу уақытын білетіндерге ғана бұйыратын «бақ». Онда өтініш қалдыруға шамасы жоқ шаруалар ақыр соңында ақшадан қағылуға мәжбүр.

– Халық арасында жүйе туралы «Qoldau» емес, «Qorlau» деген ұғым қалыптасқан. Мал басын есепке алу да министрліктің ақпараттық-талдау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Онда тіркеу үшін шаруа 8500 теңге, жаңа туған немесе сатып алынған мал басының әрқайсысына 200 теңге төлейді. Субсидия алу үшін тағы бір ақпараттық жүйеге өтініш беріп, тіркеледі. Осылайша шаруа малдың сапасын жақсарту мен өнімділікті арттырудың орнына ауылдағы интернет сапасының төмендігіне қарамастан «тарыдай шашылған» электронды пор­талдардың қулық­тарын түсінуге және онымен ақылы негізде жұмыс істеуге мәжбүр, – деді мәжілісмен.

Шаруашылық жетекшісі Н.Биманов осы жолы субси­дияның түгел дерлік бір ғана аудан азаматтарының қолына тигеніне аң-таң. Әлде депутаттың «қулық» дегені осы ма екен?

Субсидия «жыры» арнайы жұмыс тобының Арал, Қазалы, Қар­мақшы аудандарындағы малшы, диқандармен кездесуін­де де көтерілді. Олар да бірауыздан «Qoldau» жүйесінің қолайсыздығын, жемқорлыққа жол ашатынын алға тартты.

– Өтінішті резервке қою мүм­кіндігінің төмендігі, субсидияның бес минутқа жетпей түгесілуі, шаруалардың одан қағылуы басты кемшілік болып отыр. IT саласының мамандарын жалдаған күннің өзінде мемлекет көмегін алу-алмауы неғайбыл. «Qoldau.kz» цифрландырылған бағдарлама деуге келмейді. Шаруа тұрмақ, компьютердің майын ішкен адам үшін күрделі. Қаншама құжатты сканерлеу, бір сілтемеден екіншісіне өту, айта берсе, машақаты көп. Министрліктің басқа жүйелерімен интеграцияланбаған. Интеграция жасалғандарының өзінде ақау бар. Мал басы, қожалық, мекен-жай ауысып кетіп жатады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Осы орайда министрлікке автоматты жүйені қолданысқа қолайлы ету, субсидияның жет­кілікті көлемде бөлінуін қадағалау ұсынылып отыр.

Елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялауға қаржы бөлінуінің кемі жоқ. Былтыр 366 млрд теңге шамасында болса, биыл 500 млрд-қа жеткен. Есесіне оның төңірегінде дау да, арыз-шағым да көп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлі­метінше, саладағы қылмыстық істердің 54 проценті субсидияны жымқыруға қатысты.

– Бізде субсидия алудың талап-тәртібін жұрттың бәрі бірдей ала алмайтындай етіп жасаған. Тек агроолигархтардың қолы жететіндей ғып жасалған дүниелер бар. Ал осы құжаттарды әзірлеп, бай-манаптардың мүддесін қорғап жүргендер кімдер? Қолдары таза емес, жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекеттік қызметшілер. Сол себепті мұндай мемлекеттік көмек қарапайым жұртқа жете бермейді. Бізде шаруашылықтың тек 10 проценті ғана субсидия ала алады. Онда да басым көпшілігі – ірі шаруашылықтар, – деді Қазақстан ұлттық мал өсірушілер қауым­дастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев «Егемен Қазақстандағы» сұхбатында.

Мал асыраушылар өздерін жем-шөп субсидиясының әуре-сарсаңға салып қойға­нына қапалы. Облыстық кәсіпкерлер палата­сының алаңындағы кездесуде кәсіпкер Тұрсынкүл Ибраева:

– Өткен жылдың желтоқ­са­нында мал азығы шығынын өтеуді субсидиялауға өңірлік бюджеттен 730,5 млн теңге бөлінді. Бірақ бізге жетпей қалды. Өтінішті кім тез беріп үлгерді, солар ғана алды. Бұл әділеттілік емес. Сонда біз малдың жағдайын ойлаймыз ба, әлде өтініш беретін уақытты күтумен компьютерді аңдып отыруымыз керек пе?! – деді.

Оның «бірінші болып қимылдағанға бұйырады» деуі жергілікті бюджет қаржысының жеткіліксіздігінен. Мемлекеттік қолдау 897 шаруашылықтың 321-іне жетпеген. Ал сұраныс сомасы – 394,2 млн теңге.

– Барлық аудан фермерлері «Qoldau» ақпараттық жүйесінің жұмысын өзгертуді сұрап отыр. Өйткені онда сыбайлас жемқорлық тәуекелі басым. Миллиондаған субсидия бір-үш минут ішінде таратылып беріледі екен. Соның кесірінен кәсіпкерлер субсидияның бір бөлігін өзіне қызмет көрсеткен мықты программист маманға бөліп беруге мәжбүр. Тіпті ресейлік мамандардың қызметіне жүгін­гендер бар, – деді кездесуде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Ғалия Әлімқұлова.

«Берімов» жеке кәсіп­кер­лігінің төрағасы Ақберген Берімов саладағы көп бастаманың көзбояушылық екеніне қынжылыс білдірді.

– Субсидия тұрмақ, жем-шөпті осы күні өз ақшаңа әзер аласың. Аралдағы қуаңшылықты сылтауратып кейбір пысықайлар жоңышқа бағасын көтеріп, ойларына келгенді істеп жүр. Малға чип салдыруды талап етеді. Бірақ ол бір ғана жерде бар. Барсаң, таусылып қалған болып шығады. Шаруашылықты ірілендіру үшін екінші мәрте несие алайын десем, «берілмейді» деп кері қайтарды. Жоғары жаққа біздің жағдайымызды білетін, ауылдың иісі мұрнына баратын адамды қоймай жағдай оңалатынына сенбеймін, – деді ол.

Сырбойылық диқандар күріш егуге машықтанған соң бүкіл техника соны егіп, оруға арналған. Биылғы 188 мың гектар егіс көлемінің 90 мыңы – күріштік. Оны әртараптандыруға қолда бар техника жарамайды. Мойнында қарызы бар шаруашылықтардың басқа дақыл түрлеріне бүгін-ертең ауысуы мүмкін емес. Ал ақмаржаннан бас тарту үшін фермерлерге жүгері, жем-шөп, картоп сияқтыларға бағытталған техника керек-ақ.

Жергілікті 89 кәсіпкерлік субъектісі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы аясында агроөнеркәсіп кешенінде өнім өндіру және өңдеу жобалары үшін аграрлық несие корпорациясынан 2019 млн теңге несие алған. Бағдарлама шарты бойынша сыйақы мөлшері – 15 процент, оның 9 процентін мемлекет субсидиялауы тиіс. Сонда кәсіпкерге қалатыны – 6 процент. Алайда корпорация проценттік соманы субсидиялауға бөлінген қаржының жеткі­ліксіздігін сылтауратып, қарыз иелерінен несиені толық жабуды талап еткен. Мерзімін кешіктірген жағдайда міндеттемені орын­дамағаны үшін мемлекеттік қолдаудан қағылады. Шаруа қожалықтары несиені қалтаға салмақ түспейді деген сеніммен алған еді. Енді келіп қорасындағы сиыр, жылқыны сойып өткізуден өзге амал жоқ.

– Мемлекет бергенін аузы-мұрнымыздан шығарды. Биыл бәріміз үшін жайсыз болды. Мал өлімі көптеп тіркелді. Қыста біраз шығынға ұшырадық. Тағы солай. Жем-шөбін уақытылы беріп, ем-домын жасағанмен нәтижесіз. Өлім-жітім себебін мемлекет індет немесе жұт есебінде қабылдамай отыр. «Мал ашуы – жан ашуы». Бұлай жалғаса берсе, қай жерге барып тірелетініміз белгісіз, – деді кәсіпкер Н.Биманов.

Облыстық кәсіпкерлер па­латасы шаруаларға ортақ проб­лемалар ретінде мал азығының тапшылығын, жайылымдардың тақырға айналуын, көлдер жүйе­сінің тартылуын атады. Айналып келгенде, бұл алдағы күз, қыс пен көктемде мал басын сақтап қалуға кедергі келтіруі ғажап емес.

– Арал ауданы бойынша балық питомнигіне қажет су Қамыстыбас көлдер жүйесінен алынады. Бүгінде ондағы су арнасынан шамамен 500 метрге азайып кеткен. Соңғы екі-үш жылда Қамыстыбас тіршілік нәрінен тіпті қағыла бастаған. Мал азығы мәселесіне келсек, жазда жоңышқа құны аспандап тұрғанда күзде 2-2,5 мыңға көтеріледі. Сонда малдың жайы не болмақ?! Қыстың қалай өтетіні белгісіз. Ауыл шаруашылығы министрлігі шұғыл шара қабылдамаса, кәсіп­керлер былтырғы пандемия кезін­дегідей «қол режиміне» көшуге мәжбүр, – деді палата директорының орынбасары.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<