Қырық мың қой өрген Қызылқұм еді

2530

3

Қызыл іңірде Қазалының орталығынан шыққанбыз. Қызылқұмға қарай бағыт алдық. Айтпақшы, бұл күндері еңбек демалысындамын. Ел жаққа әдейі келдім. Ертеректе өмір сүргендердің есті әңгімесін жинау еді бар мақсатымыз. Ілгерідегі теңіз ұлтанындағы болған ауылдар, одан әрі Қызылдың  жерін шамамызша аралайық дедік.

Арандыға

аң құлатқан...

Кәукейге барар жолдағы дарияда «Қарлаң» өткелі бар. Қалқымалы темір қайықтарды қатарластыра қойған көпір. Тарихтағы оғыздардың астанасы болған Жанкент осы маңда. Қорқыт бабаның кіндік қаны тамған жер деседі. Жылан жұтқан көне қала жайлы аңыз көп. Санжар хан, Бегім сұлу…

Қызылқұмға барар жолда ел жетерлік. Бірлік, Қожабақы секілді ауылдар қатарласа орналасқан. Қожабақыңыз бұрынғы Энгельс қой. Біздің Бекарыстан би ауылының да Карл Маркс дейтін қаба сақалды көсемнің атымен аталғаны бар. Жалпы мұндағылардың барлығы келмеске кеткен кеңестік кездегі атаудан ерте құтылғандар. Тәуелсіздіктің тартуы сол, біздің аймақтағы бар ауыл әу бастағы есіміне бірден оралды.

Аранды дейтін ел бар осында. Бұрынғы Жданов. Тарихы тым қызық. Білетіндерді сөйлетсеңіз, оны түрліше баяндар еді. Осы жерде сан ғасыр бұрын мекен еткен түрлі тайпалар пен хандар аң аулауды жақсы көрген. Ал мұнда ежелден киік пен құлан, қарақұйрық көп жортыпты. Жас жігіттер кейде тұзақ құрып, садақпен көздеп алған деседі. Тағы бір тәсілі болған. Саятшылыққа шыққан хан нөкерлерімен осы маңға ор қаздырып, жүгірген аң қашса құтылмайтындай енін де, ұзындығын да тым көлемді еткенге ұқсайды. Әлгі ордың іші тола ұшы жоғарыға қарай орналасқан істік ағаш. Аран деп аталыпты. Қиқулап, қаумалай айдаған киік пен құлан осы орға құлағанда әлгі аранға түсіп қадалатыны белгілі ғой. Қуғындап әкеп, «аранға» құлатқан жердің орнына бертінде ел орналасты. Қыр басында отырған ауыл Арандықыр деп аталды.

Айтпақшы, «арандап қалыпты», «арандатты» сөзінің мағынасы осыған келіп тіреледі. Әлденеге алданып не ұрынған пендеге жапсыра айтылатын қазақы сөздің ежелгі аң аулау кәсібінен шыға келгенін қараңызшы.

Кәукейге жетер жердегі барлық ауылды айта келіп, Бозкөлді қалай ұмытамыз?! 170 шаңырақ бақша егіп, мал өсіреді. Кезінде қой фермасы да болған. Кәукей, Тасарық, Лақалы бөлімшелері осында қарапты.

Бозкөлде «атақты дүкен ұстаған Жәлен қартты кім біледі?» деп сұраудың өзі артық. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда қазақтың киелі өнері – ұсталық, көріпкелдік, емшілік, шипагерлік, т.б. қасиеттерді бір басына топтастырған Жәлен ата жайлы жергілікті жұрт жыр қылып айтады. Бір уақыттары аймақтың бас басылымынан «Қасиет қонған «қара дүкен» немесе Жәлен ата жайлы не білеміз?» деп көлемділеу мақала бердік.

Жалпы біздің халық көшпелі заманнан бері қарай ел ішіндегі бақсылық, емшілік дәстүрлерді ерекше бағалаған. Ғылыммен қаруланған қазіргідей дәрігерлер болмаған заманның өзінде бақсы-балгерлер ел аралап, ауру жандарды емдеп жазған. Сондықтан оларды халық қатты құрметтеген.

Иә, қою қараңғылықпен жағаласа Кәукейге де жеттік. 90 шақырым жүріппіз. Айтпақшы, бұл сапарымыз туралы ауыл әкіміне айтқанбыз. Сөзінің лебінен байқағанымыздай, руханият пен жергілікті тарихи жер-су аттарына жүйріктігі көрініп тұр. Оңталап Мүсілім деп өзін таныстырған әкіміңіз де қырыққа әлі төрт жылы кем. Жап-жас. Өзі де ауыл шаруашылығына керекті ветеринар дәрігер екен.

Кәукей жайлы

қызық атау бар

Оңталаптың әкім болып тағайын­далғанына екі жыл уақыт болмапты. Оған дейін көрші Тасарық ауылында мал дәрігері болып қызмет істеген. Кәукейдің өз тумасы. Кешкі шай үстінде ауылын таныстыра келіп, бүгінгі тіршілігін де айтып өтті.

– Қазаққа мал керек. Онсыз болмайды. Әсіресе, ауыл адамдары осы кәсіппен көптеп айналысса, мемлекеттен жайылым мен суға қатысты тиісті көмек үзілмесе болғаны. Елге кіреберісте көл бар, мал жайылымы әзірге жетерлік. Ал ауыл ішінде 11, сыртында 9 бұлақ ағып тұр. Шамамызша олардың кейбіреуін жылда тазалап тұрамыз. Биыл Кәукейге екі саябақ салынуда. Халықтың басым көпшілігі атакәсіптің айналасында. Енді мына «Кәукей-Қазалы» бағытындағы асфальтты жол бітсе, қатынас бұрынғыдан да көп жақсарады, –дейді ауыл әкімі.

Айтпақшы, Кәукей ауылының атауына қатысты тіпті адам таңғалдыратындай деректі естідік. Тап осылай деп ешкім айта алмайды, бірақ болжам көп мұнда. Біздің білеріміз алыстан жеткен аңыздың ұштығы. Ұштығын ұстағанмен, сол жорамал айналасындамыз.

Қазалыға қарасты бұл ауылдың атауы көпшілікті ойландырып жүр. Мынаған қараңызшы, «кәукей» қалмақ сөзі деген де әңгіме болыпты. Мағынасы әйелдің іш киіміне қатысты. Бұл нақты тұжырым емес.

Ал мына екінші деректі кәукейлік­тердің көбісі айтып береді. Аңыз қалай таралушы еді? Еске түскенін айтып көрсек. Естігеніміздей, бұл өлкеде Кәукей есімді ана өмір сүрген. Оның атының ұмытылмауында сыр бар. Кәукей ананың бойындағы шексіз кішіпейілділік, көпшіл, дархан мінез, жомарттық һәм дастарханшыл қасиеттер – оның атының кең таралуына себеп болған сияқты.

Ауыл маңында бұрыннан қалған керуен жолы бар. Әлі де сұлбасы сақталған. Олай дейтіндей себебіміз жоқ емес. Теңіздің шығыс жағалауы ол кездері малға өте жайлы болса, мал аузы ерте көкке ілінетіні белгілі ғой. Ар жағындағы қарақалпақтарға малын сатып, сол жақтан астыққа айырбастағанына Қызылқұм ішіндегі осы керуен жолы ғана дәлел бола алады. Соның ішінде қарақалпақтардың ақ жүгерісі аталардың негізгі тамағына айналған.

Әлгі аңыз бойынша, теңізді айнала Үрімші мен Хиуа арасындағы жаман да, жақсы да жүріп өткен жол бойында Кәукей ана жолаушыларға дастарханынан дәм татқызады-мыс. Өткен-кеткен жолаушыға тегін қызметін көрсетіп, адал асы мен шөл басар ағарғанын ұсынған қазақта мұндай шешелер көп.

Елдің көлдей ықыласы түсіп, тек алғыс арқалаған оның дүние салса да аты бүгінгі ұрпаққа жеткенін айтады ақсақалдар. Қонақжай қалыптан таймаған ананың есімі бүтіндей бір ауылға осылай таңылған.

Ажар қыздың ақыры

Кәукейге қондық. Нағыз сапар таңертең басталды. 45 градус ыстық боларын алдын ала білсек те бас тартпадық. Елсіз жердің бұрынғы тіршілігін көру, әсіресе, мұнда 1960-1970 жылдары балықшы мен малшы ағайынның ауыл болып отырғанын бүгінгі буын расымен біле бермейтін еді.

Кәукейден қосылған жолбасшы ағамыз бар. Жанымызда жүруді өзіміз сұрадық. Бірден келісті. Сәкен Қабылов мектепте мұғалім. Әрі жергілікті жердің көне жәдігерлерін түгендеп жүреді. Алдымен барар жеріміз – Кәукейден 65 шақырым қашықтықта жатқан Ажар елді мекені. 20 шақты үй төрт түлікпен айналысады. Жетпісінші жылдардың аяғында ашылған тоғызжылдық мектебі бар. Жарық мұнда бір кездері тартылған. Қазір оның бағаналары да жоқ. Мұндағылар дизельді мотор пайдаланады. Онда да түнгі 12-ге дейін. Ажарға аптасына екі рет Кәукейден автобус қатынайды. Сондай-ақ тазартқыш қондырғы арқылы тұщы жерасты суын ішіп отыр.

Ажар деп неге аталды екен? Бізге қызығы – осы. Оны бала күнінде осында туған Сәкен ағаның аузынан естиміз тағы. Құлақ түріңізші.

– Біздің ауылдан шақырымға жетпейтін төбе бар. «Ажартөбе» деп атайтын жергілікті тұрғындар. Көзге көрініп тұратын осы төбенің ауыл жақ беті жатағандау басталып, арғы беті тік еңіс, сусыма ақшағыл құмды болып кеткен. Сол төбенің ақ құмында бала күнімізде талай асыр салдық. Дәл сонда сексеуілден үйілген жалғыз белгі тұрды. Ауылдастар Ажар қыздың осында жерленгенін айтатын. Үлкендеріміз әрі-бері өткенде білген дұғасын оқитын. Нақты дерегін білетін көнекөздердің көбісі бұл өмірде жоқ, – дейді Сәкен Қабылов.

Өлкетанушының айтуынша, Ажар қыздың есімін ұмыттырмаған сол ауылдың атауы болып тұр. Теңіз жағалауынан шығыс беткейінен жиырма шақырым жерде іргетасы қаланған. Дұрысы, 1960 жылы қазіргі Бекарыстан би ауылының шалғайдағы мал фермасы негізінде ашылған.

– Кәукейде ұстаздық қызмет еткен, ескі әңгімеге жүйрік Ерліхан Құлдықов деген әкеміз болды. Соның айтуынша, Ажар осы төңіректі мекендеген Кебекбай деген ауқатты кісінің жалғыз қызы болған. Өз заманында қадірлісі Кебекбайды Қыдыр көрген дейді. Содан да болар. Бұл Кебекбайға басқа түліктен бөлек, бірыңғай көкала түсті жылқы біткен. Сонда бұрынғылардан қалған әңгіме желісі ғой. Кебекбайдың өзі дүниеден өткенде сол көкаланың бірі қалмапты. «Қыдыр көрген Кебекбай өлді, көкала жылқы да көкке ұшты». Қызылдағы жұрт қызыға айтатын әңгіменің бірі осы, – дейді Сәкен аға.

Жазбамыздағы осы тақырыпты мына бір дерекпен қоюландырып көрелік. Кәукейге қарасты «Ыңғай» деген жер бар. Қалыңда орналасқан. Ағып тұрған бұлағы, аумағы бір-екі шақырым болар көлі де бар. Кезінде мұнда шопандар да отырған, қой қырқым кезінде пункттер де болыпты. Жерінің құнарлылығы болар, ауылдың жеке малын бағатын малшылар қазір де Ыңғайды жаз жайлауы етіп келеді.

Ыңғай дегеніміз – кісі аты. Осы аймаққа белгілі адам болған дейді. Қаймақты шайды терлей ішіп, өткен дуалы ауыздардың сөзін бұзбай айтар ақсақалдардың сөзімен баяндасақ енді.

Ыңғайдың баласы Кебекбайдың әйелі жастай қайтқан. Кебекбайыңыз жаңағы осы Ажар ауылына аты таңылған қыздың әкесі. Жарының жылынан соң Ыңғайдың балалары жабылып, Кебекбайға елден қыз іздейді. Сөйтіп естек керейт Жанназар молданың шөкебай деген қызына құда түседі. Әкесі молдалық ұстаған қыздың да дін жолында екені белгілі ғой. Бұлардың қыз айттыра келгенін естіген шешесі жақтырмапты дейді.

– Үйі сынық адамға қыз бере алмаймыз, – десе керек. Мұндағы «үйі сынық» деге­ні­нің мәні «әйелі өлген» дегенге сайып тұр.

Арада біраз уақыт өтеді. Бірде Жанназар молда үй сыртында отыр екен. Алыстан жалғыз дара шаңды байқайды. Әлгі шаңның жақындағанын күткен ғой. Сәл сабыр қылып, аңдап қараса, төрт аяғын тең тастаған, су төгілмес жорға болып шығады.

– Апыр-ай, – дейді сонда молда Жанназар.  – Жорғалығыңда кемдік жоқ, айыбың байтал екен. Осылай деп таңдайын тақылдата берген әкенің сөзінен кейін қызы Шөкебай жұлып алғандай:

– Байталдың жорға болғаны құрысын, қыздың молда болғаны құрысын, – депті. Қыздың сөзін құлағы шалып қалған Жанназар да дереу сөз парқын аңғарып, бар жасауымен Ыңғай баласы Кебекбайға ұзатқан дейді.

Ал әңгімемізге арқау болып отырған Ажар қыз осы Кебекбай мен Шөкебикенің жалғыз қызы болғанын ғана білеміз.

Бұл Ажар қыздың ажалы неден болған? XVIІI ғасырдың аяқ кезінде өмір сүрген сұлуды қарақұрт шаққан деп те айтады. Ұзатылар күні өте сұлу қызға көз тиіп, шымылдық ішінде ауырып, соңғы демі үзілген деген де дерек бар. Анығы Аллаға аян. 

Бізге белгілісі, он екіде бір гүлі ашыл­маған қызын есте қалдыру үшін Кебекбай үлкен ас берген. Басына сексеуілді үйдіртіп, белгі қойдырған. Ол замандарда өлгендерге сексеуілден қалап не қоршап басын қарайтатын болыпты. Мұндай зираттар Қызылқұм өңірінде көп. Әлі де барғанға ұшырасады. Сол сексеуілді қорымдар малшы ағайынға адаспас үшін белгі сияқты да қызмет атқарған. Мысалыға…

Келесі тақырыпты да оқи кетіңіз.

Қырық мың қой сыйған…

Қызылқұмның жұмбағы мол. Тылсым дүниесі жетерлік. Әу бастан мал баққан жұртқа жайлы мекен деседі. Ілгеріде құдық та, бұлақ та көп болыпты. Қыстау басқан қазақтың малын бұл Қызылқұм жұтқа да алдырмаған.

Айтайын дегеніміз басқа. Қызылдың құмында осындай (суретте) белгілер бар. Бұрын көп болған. Қараңызшы, құм да қасарысып өсер сексеуілді қиюластырып өрген. Суреттегі «Мәңгүрдің белгісі» деп аталатын үйме сексеуіл жоғарыда айтқан Ажарға жақын. Шамамен 20 шақырымдай болар. Биіктігі 2 метрден асса, аумағы алты қанат киіз үй іспеттес.

«Ажар» ауылының аумағында бұл белгіден бөлек, сексеуіл үйіп, қолдан тұрғызылған қорымдар мен белгілер өте көп. Әрқайсысының өз атауы бар, көбісі ұмытылған, оны білетіндер де қалмапты.

Сайын далада неге сексеуіл үйген? Ақсақалдардың айтуынша, бұны көшпелі ағайынның өзі ойлап тапқан. Адаспас үшін. Әрі ең биік деген құм төбенің басына томарлы сексеуілді жинап, осылай қиюластырған. Ажардың маңында бұдан бөлек, «Ажартөбе», «Байту», «Өтеш белгі» дейтін осындай сексеуілді орындар бар. Көбісі кішірейіп кеткен, кейбірін әдейі өртеп те жіберген болуы мүмкін.

– Менің пайымдауымша, – деді жолсерік Сәкен аға. – Бұл белгілер ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас жағында тұрғызылған сияқты. Сексеуілден белгі қоюдың бірнеше себебі бар, біріншіден, өлген адамның басына тұрғызса, екіншіден, жастай қыршын кеткен адамдардың сүйегін үлкен қорымдарға қойса да, «аты елеусіз қалмасын, әрі-бері өткен пенде дұғасын арнар» деген мақсатпен жүргіншілер көп жүретін жолдың бойына қойған. Оған мысал, өзіңе баяндаған Кебекбайқызы Ажар сұлуға қойылған сексеуіл белгі, қазір «Ажартөбе» деп аталады. Ал үшіншіден, әл-ауқаты бар адамдар өз күшімен көзінің тірісінде белгілі аймақтарға баратын үлкен жолдардың бойындағы биік төбелерге сексеуілден өріп белгі тұрғызған. Ондағы мақсат – барар бағытқа жөн сілтеу әрі өз есімін қалдыру.

Сәкен ағаның айтуы көңілге қонымды. Қазір сол ауыл маңайындағы сексеуілді белгілер кезінде қойшылардың Қызылдың құмында адаспауына көп көмегі де тиген. Ал «Мәңгүрдің белгісі» жайлы дерек жоқтың қасы. Мүмкін адам аты, мүмкін басқа. Бізге белгілісі, ол ХІХ ғасырдың аяқ кезінде тұрғызылған.

Бір қызығы, осы белгілер бір бағытта қойылған. Жолаушы адаспасын деген ниет қой. Компасы жоқ бұрынғы қазақтың Қызылдың құмында осылай тіршілік еткені таңғалдырмай қоймайды. Айтпақшы, кешегі кеңестік кезеңде Қызылқұмда қара қой көп болыпты. Қырық мыңнан астам маңырама өрген дейді осы далада. Тіпті, 1984-1985 жылы Қызылқұм совхозының директоры Бердіғали Құрманбаевтың кезін­де қой саны 49 мыңның үстіне жетіп жығылған. 50 мың басқа жеткізуді міндет­теме етіп алған совхоздың бұл ерлігі әлі де ел есінде.

Сол уақытта әр жерде отырған қойшыға үкімет бұлақ қазып, су шығарып берген. Тіпті, осы жолдарды жазып отырған автордың ата-тегі де осында шопан болған. Қожас Жанбосынов. Оның баласы Сарыбай мен Дәрібай да Қызылдың аптабында қой бағыпты. «Сарыбай төлдемі», «Қожас бұлағы» дейтін атаулар сол дәуірден қалған бір белгі.

Жоғарыда айтқандай, мұндай сек­сеуілді белгіні кейбіреулер адам сүйегі бар қорыммен де шатастырады. Ол қате еді. Рас, біз Қызылқұм шекарасында жат­қан халық батыры Жанқожа Нұр­мұхамедұлының мәңгілік жайынан сек­сеуілді моланы көптеп байқағанбыз. Олар бұндай биік емес, әрі дөңгелене өрілген, ортасы ашық болды. Тіпті, тұзды кесектен қалап та қойған молалар кездесті. Өйткені, баба жатқан жерден әрірек тұзды Аралдың бұрынғы орны да байқалған. Қазіргідей құрылыс материалы жоқ әрі құмда отыр­ған қазақ өлгеніне сексеуілден де мола тұрғызғанына осы дәлел бола алады.

Тик-токпен атын шығарғысы келіп жүр­ген бүгінгі ұрпақтың аталары жай тір­ші­­лігімен де осылай тарих жасап кетіпті-ау…

Жаңа туған қозы иісін сағынамын…

Қойдың арқасында табиғатпен тілдесе білген ажарлықтар былтыр ауылының 60 жылдығын жоспарлап еді. Бірақ, ол толық өтпеді. Себеп біреу, елдегі карантиндік шектеулер.

– Ауыл халқы әлі де қолдағы қарамызды қимай отырмыз. Көшкіміз келмейді. Менің бір түсінбейтінім, елдің баласының бәрі әкім болғысы келеді, бәрі кәсіпкер болсақ деп армандайды. Сонда мына малды кім бағады, егінді кім орады, машинаны кім айдайды?! Бір білерім, жұмыс жоқ демеу керек, жұмыстың көзін таба білу керек.

Ойдан ой туады ғой кейде. Қызылда өрген қанша мың қара қойды кезінде «осы қой құрымайды» екен деп те жүргендер болды. Асылық сөз ғой ол. Осы ескек есіп шаршағанда «осы қара қайықтан қашан құтыламыз?» деп едік, теңіз де келмеске кетті. Біз әлі де армандаймыз, сол теңіз оралса, сол қойымызды өрістетсек дейміз. Өз басым кейде жаңа туған төлдің, қозының иісін сағынамын. Күлесің-ау, рас нәрсе. Биыл ауылдың құрметіне ескерткіш орнаттық. Оның ішіне осы Ажарды құрып, еңбек еткен аталарымыздың, шо­пан болған әкелеріміздің есімін жаз­дық. Жан-жағын абаттандырып, тал-шы­бықтар отырғыздық. Елге деген, шопан әке­лерімізге деген құрметімізді осылай білдірдік, – дейді Ажар ауылының тұр­ғыны Сәндібек Тасекеев.

Ажардың ауыл болып қалыптасуы, ондағы еңбеккерлер жайлы талай жазылды. Тарих дәптерін парақтасақ, соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығы қалпына келтіріле бастады. Кейбір кол­хоздар іріленіп, мал шаруашылығымен айна­лысатын үлкен шаруашылықтар құ­рыл­ғаны белгілі. Қызылқұмды игеру, зерттеу жұмыстары да осы кезде басталған.

Осы өңірге қой әкеліп, қоныстануды жоғары білімі жоқ азаматтар жүргізді. Бірақ олардың даладан үйренгені көп болыпты. Жерді тану, шұрайлы өлкені сәтімен пайдалануға жергілікті жердегі тәжірибесі мол әкелер көптеп тартылған. Соғыс ардагері Қали Макенов бастап, Аяған Ділжанов, Саржан Есімов, Сарқұл Нұрниязов, Төлеген Бақышов секілді азаматтар осында тер төкті.

Малшылар үшін баспана соғып, ферманың шаруашылық орталығын құру, жем-шөп қоры, су көздерін табу көп еңбекті талап етті. Бәрінің атын атап шығу артықтық етпейді, бірақ, малға жайлы болған өлкенің бір кездері гүлденуіне осында болған әрқайсысының да үлесі бар еді. Сырғабай Бижанов, Бекзия Текеева, Әбибулла Рсаләлиев, Маусым Ршымбетов, Ізбасар Қабылов, Қожантай Нұрмаханов, т.б. қой шаруашылығына аямай маңдай терін төккен «Ажар» жері бұл.

Одан кейін «Қызылқұм» қой совхозы құрылды. Бұл 1964 жыл еді. Ал «Ажар» №2 ферма болып совхозға бекітілді. Ажарда әлі ел отырғанын жоғарыда сөз еттік. Біз барған совхоз орнында құлаған үйлердің орны ғана кездесті. Айтпақшы, мұнда мемлекеттік шекара заставасы орналасқан.

Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы­ның жырларында «Күні бойы қой жайып түні бойы, Қозы иісіндей қоп-қоңыр түс көремін…» дейтін өлең жолдары кездеседі. Қозының иісін ауыл қазағынан артық кім түсініпті?! Шын сезінсеңіз, солай ғой. Жаңа туған төлдің иісін Қызылқұмда қой бағып өскеннің бәрі түйсіне алады. Бірақ Ажардан әрі қырық бес шақырым бұрынғы Қызылқұмда мал да, жан да қалмаған. Әлдеқашан, 1995 жылы тараған. Қызығы сол, әлі де төл иісі шығатындай…

Елі пір тұтқан

Ер Жәкем

Қызылқұм совхозының орнында халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы атындағы шекара заставасы бар дедік. 2017 жылдан бері батыр баба есімімен аталады. Ал әрі қарай тағы да 45 шақырым жүрсеңіз, батыр бабаның өзі жатқан жайға барасыз. Дәл шекара сымын аяғымен тірей жатқан бабаның жанында ірілі-ұсақты қорым жетерлік. Батыр бейітінен төменірек құрманай Сары батыр мен Қызылбас палуан Тауасарұлы да жерленген. Екеуі де ел шетіне тиген жауға Жанқожа батырмен бірге шапты.

Мұнда тілеухана бар. Бұлақ та бар. Жылыстап ағып жатыр. Жалпы Қызылдағы көп бұлақтар бітелуге таяу. Ал батырдың мәңгілік мекеніндегі бұлақ жанынан қарақұйрықтың ізін де байқап қалдық. Бәлкім аруақты адамнан жануар да пана тілейтін болар. Алда-жалда ардан безген біреу болмаса, батыр басындағы бұлақтан шөл қандырар дала аңына ешкім көз сүзбес деген ойға да келдік.

– 1970 жылдары жергілікті халықтың қолдауымен күйдірілген кірпіштен төрт құлақты етіп өріп, батырдың бұрынғы бейітін қоршаған. 2012 жылы осы маңға тазалық жүргізіліп, баба қорымы сырланып, іргесіне тас төселді. Бейіт өзің көргендей төбе басында орналасқан, мына сатылы жол сол кезде салынды, – дейді Сәкен аға зияраттап барар үлкендерге арналған арнайы баспалдақты көрсетіп.

Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы жайлы айта қалсақ, оның ең біріншіден, Хиуа мен Қоқан, одан қалды, орыс отаршыларына қарсы күресте ел аузындағы ерлік істері бірден ойға оралады. Бұл туралы сөз қозғамаймыз, әрі көпшіліктің Жанқожаның ел үшін жасаған ерлік істері мен әулиелік қасиетінен біршама хабардар екені анық. Батыр туралы көптеген зерттеуші ғалымдар, жазушылар еңбек қалдырды. И.В.Аничков, Б.Шалабаев, С.Қасқабасов, З.Шүкіров М.Қаназ, Б.Кәрібозов, сынды белгілі тұлғалар жазған шығармаларда батыр бейнесі бүгінге толық ашылып жеткендей. Әсіресе, ұзақ жылдар осы тақырыпта тереңнен қазбалап, көнекөздер әңгімесін қағазға түсірген, 50 жылдан астам мұрағат ақтарған, зерттеуші-жазушы Әбсаттар Оспановтың да өлшеусіз еңбегі бар.

Сырт көзге айбат болып, заманында дұшпаннан қағажу көрген қазақтың қамын жеген ұлт тұлғасының қорымы көп сырды ішіне бүгіп, үнсіз жатыр. Ел мен жерін қорғауда ат үстінен түспеген Жанқожа бабаның сол ерлігін бүгінгі бақытты ұрпағы ұмытпаса деген тілек бар еді бізде де.

Сүйегі сықырлайды «Сатурнның»…

«…Қызылқұмның батыс беткейі бұрынғы теңіздің ұлтаны еді. Арал шалқыған кезде бұл жағалаудың бәрі сыңсыған қалың ел болған. Қазір «бастан бақ тайған заман»  болып тұр». Бұл – жоғарыда айтқан Кәукейдегі Сәкен Қабылов ағамыздың сөзі.

– Қызылдың төрінде, шекара шебінде жатқан халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлына зияраттауға бет бұрған жұрт міндетті түрде, қайтарда теңіз жағасындағы бұрынғы «Бектау», «Сұлутөбе», «Қаражар» «Қос қыршын», «Босай», «Сандал» қорымдарына соқпай кеткен емес. Бұл қорымдарда марқұм ата-бабалары, туған-туыстары мәңгілік мекен тапқан. Ал енді біздің Кәукей ауылынан 60 шақырым Ажарға бардық қой. Ажардың батыс беткейінде Ұялы ауылы болды. Қазір жоқ. Теңіз бар кезде тіршілігі сумен байланысқан елдің тек орны ғана жатыр, – деді Сәкен аға Жанқожа жатқан жайдан шыға бере.

Ал мен әдейілеп құмартқан ағаш кеме осы Ұялы ауылының орнынан 18 шақырым берірек жатыр. Демек, теңіз бар тұста Кәукей де, Ажар да – жағалауға жақын орналасқан ауылдар. Ағаш кеменің қазіргі тұрған жері «Зәруха жалы» деп те, «Заузан» деп те аталады. Қазақтың әр төбеге ат қойғышын ескерсек, бұл бізге таңсық дүние емес.

Барған адамға алдынан шөккен нардай болып кезігетін, оң жағына жамбастай қисайыңқыраған ағаш кеменің тарихын Сәкен аға былай тарқатып еді.

– Кеменің – аты «Сатурн». Теңіз таба­нында қалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт болған. Биіктігі 3 метр болса, ұзындығы 16, ал ені 6 метр шамасында.

Менің естуімше, «Сатурн» кеме­сінің қызметі – «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты он екі ауылды азық-түлік, тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету, яғни елді мекендердегі дүкендерге азық-түлік, тұрмыстық заттар жеткізіп берген, – деп шешіліп сыр шертті өлкетанушы ағамыз.

Теңіздің алай-дүлей құбылысын адам түсініп болған ба?! Бірде «Қос шегенді», «Ұзынқайыр», «Сандал», «Жалпақ», «Қарабура, «Айжарым-тасты» елді мекендеріне қарай жүк артып шыққан кеме теңіздің кешкі асау толқынды дауылына кезігеді. «Сатурн» осы кезде «Қос шегенді» тұсындағы панасы молдау ұзынша келген қолтыққа келіп тұрақтауға мәжбүр болыпты. «Қауіп-қатерден құтылдық» деген кеме капитаны мен көмекшілері ауыр-ауыр якорьлерін терең суға тастап, дауыл басылғанша тоқтай тұруға шешім қабылдаса керек. Бірақ үйдей толқын қанша пана жер болса да, ағаштан соғылған кемені жағалауға қарай тықсыра береді. Таң атып, жан-жағы анық көріне бастаған уақытта теңіз де сабасына түскен. Дауыл тыншыған кезде капитан құрғақта қалғанын байқайды. Теңіз жағасы бұл кезде артқа шегініп кеткен еді.

Жағалаудың бірде тасып, бірде қайта орнына келетінін білетін сырмінез кеме коман­дасы қорқынышқа бой алдырмайды. Шегінген жағалау қайта қалпына келер-ау деген сеніммен, «сол кезде алып кетерміз» деген ойға үміт артқан күйі «Сатурнды» қалдырып, өздері тарасқан көрінеді.

Енді қараңызшы. Аралдың апатқа ұшырар шағына дөп келгендей бәрі. Теңіз жағалауы сол шегінгеннен бірте-бірте кері қайтып, бері оралмайды. Арал айдыны көзге көрінбейтін жағдайға жетеді. Ал «Сатурн» сол қалғаннан жағалауда қалып қойған.

– Арада талай жылдар жылжыған, – деп әңгімесін жалғай түсті Сәкен аға. – 1973 жылы «Ұялыдан» бастап, жағалаудағы елді мекендер тарады. Теңіз тіршілігі біржолата тоқтады. Кейінірек туған жерін аңсаған теңіз перзенттері атажұртқа тұғырлы тас әкеліп те орнатты. Жиі-жиі басқосулар болып жатты. Өйткені, оларда теңіз қайта келер-ау деген ой да, туған жерге деген сағыныш та бар…

Жергілікті өлкетанушының айтуынша, «тұрымтай тұсына кеткен» сол кезеңде жағалауда кеме ғана емес, ауылдардың жұртында түрлі заттар мен техникалар қалды. Ол кезде ешкімнің ешнәрсемен жұмысы болған жоқ.

– Мен 1999 жылы сол баяғы «көрсем-ау, білсем-ау» деген құмарлықпен «Бектау», «Ұялыны» жағалап қайтқаным бар. «Бектауда» тұрған газик машинасы, «ЮМЗ» тракторының бөлшектері, «Ұялыдағы» бульдозер тракторы, алып кемелер, ауылды жарықтандырып тұрған электродвигателі, лабаз, цех орындары, қыш кірпіштен өрілген монша, бәрі солайымен, қаз-қалпында тұр еді. Ол кезде теңіз тартылып кеткеніне 25 жылдай уақыт өткен. Осы жерді мекендеген теңізшілердің пайдаланған құралдарын, тұрған мекендерін көріп, тіршілігінен үлкен әсер алып қайтқанмын. Елес­тетіңізші, ағаш қайықтар құрғақ жағалауда тұр, балықшылар жаңа ғана айдынға шығып кеткендей көрінетін сол бейне әлі жадымда. Шалқыған суы жоқ болса да, темір кемелердің орын-орнында тұрғаны көз алдымнан кеткен емес. Балықшы құралдары мен қайық-кемелерін шамалы уақытқа қалдырып кеткендей болып көрініп еді-ау маған, – дейді Сәкен аға.

Өткенді баяндаушы кейіпкеріміз араға 18 жыл салып, Ұялыға тағы да барыпты. Сондағы сапардан өте қынжылып қайтқан. «Бұрынғы «Ұялы» жұртында «мынау өткен күннен естелік» деп көрсететіндей ештеңе қалмағанына іштей налыдым» дейді ол.

– Мәңгілік ештеңе жоқ, дегенмен де, аталарымыз тіршілік еткен, талайдың кіндік қаны тамған киелі мекенде көзге көрінетіндей жәдігерлік дүние қалмағаны, ең болмаса, қыш кірпішті монша тұрғанда жүдеу көңілге жұбаныш, сағынған жүрекке демеу болары хақ еді ғой. Оны да бұзып, қабырғаларын қақыратып кетіпті. Иә, металл жинағыштар мен қабырға бұзғыштар «Ұялыдай» атажұртты жылан жалағандай еткен екен. Енді, міне, жағалау құмында қалғаны осы «Сатурн» кемесі ғана. Таланған жұртта қалған тәбәріктей. Тарихы бар, көздің қарашығындай-ақ сақ­тайтын көненің көзі. Ескірмейтін естелік қой бұл. Келер ұрпаққа «сенің бабаларың осындай кемені тізгіндеп, Ұлы теңізде жүзген» деп айтардай-ақ құнды да қымбат дүние, – деп аяқтады сөзін Сәкен аға.

Теңіз жәдігерлерін түгелдеп жүрген Сәкен Қабылов «Сатурн» кемесін өз ауылына әкелмекші. Оның пікірінше, кеме теңізден нәпақасын тапқандардың бүгінгі ұрпақтары көп шоғырланған Кәукей ауылында тұруы керек. Сонда ғана жәдігер сақталады. Бұл сөз «кемені ауылға жеткізіп берсе» деген ел өтінішіне ынталы да қалталы, мүмкіндігі бар азаматтарға құлаққағыс болатын. «Кеме елге жетсе, оны күтіп ұстап, ауылдың ажарын ашатындай көрікті жеріне қойып, келер ұрпақтарға аманаттау біздің мойнымызда». Осылай дейді Сәкен аға.

Күннің ыстығы мен қыстың қар аралас қара суығына төтеп берген «Сатурнның» әр жері шұрқ-тесік бола бастапты. Қызылдың желі соққан сайын сықырлайды. Сықырмен қоса кеменің әр тесігінен уілдей дыбыс шығады. Жетім ұлдың тұншығып жылағанындай. Үзіліп естіледі. Сол сәт ағаш кеме жоғалтқан теңіз-анасын бір сәт жоқтағандай көрінді маған…

«Ұялыны» ұмытпайды ұлдары

Сәкен аға айтқандай, осы сапарда өз басым «Ұялыны» көруге құмарттым. Бір кездері теңіз аралында орналасқан ба­лықшы ауылдың бұрынғысы қатты қызық­тырған. Амал не, таппадық. Ұшы-қиырсыз сары даланы бұрынғы Ұлы теңіздің орны десе, басқалар сенбес. Қилы-қилы заман өткерген, қиянаты адам қолынан болған Аралдың құр орнын кезгендегі көргеніміз ұлудың майда қабыршағы еді.

«Ұялыны» көрмеген соң «Бектауға» бұрылдық. Мұнда да жұрттың орны ғана. Шекарашылардың ауыр көліктерінің ізі­нен басқа түк жоқ. Тек теңіз табанынан бір белгі болып кеме якоры ғана көзге түсті.

«Ұялы» жайлы дерек көп. Менің қолыма сол елден шыққан Ахат Әли­ұлының жазбалары түсті. Сонда айтыл­ғандай, «Ұялы» – Ұлы теңіз (Арал теңізі) қойнауындағы ұзынша орналасқан арал. Ұзындығы 20, ені екі жарым шақырым шамасында деп көрсеткен.

Балық аулаумен тіршілік еткен бабалардың жағалаудан тыс өмір сүрген жері де осы «Ұялы» аралы. 1973 жылға дейін ауыл болған мұнда. Теңіз тартылған соң балықшы ағайын жан-жаққа қоныс аударды. Ол жайлы әңгіме бөлек. Біз қолдағы тарихты қысқаша ғана сөйлетсек.

Қазір аппақ сор басқан тұзды далада 1928-1930 жылдары «Бектау», «Ұялы» ауылдық кеңестері құрылған. Арал ішінде колхоз орталығы жұмыс істеп, көп тұрғын үй салынған. Мұзқала, клуб, монша, мектеп, мәдениет үйі, дүкен орындары кешегі күнге дейін қабырғасы құламай тұрған деседі.

Ұлы Отан соғысында жауынгерлерге балық жағынан мол азық ұйымдастырған ұялы­лықтардың өзінде жеті балық қабылдау пункті болыпты. Кеңестік жүйе­нің кесірінен жер аударылған түрлі ұлт өкілдері осында жұмыс істеген. Ал негізінен «Ұялы» тарихы патша заманы, Қазалы уезінің құрылуымен тікелей байланысты.

17 ұлтқа мекен болған осы аралдың сыртпен қатынасы тек су жолы ғана еді. Жолаушылар тасымалдайтын кемелер жүрген. Арал ішінде тұщы су қоры да мол болыпты. Жергілікті жұрт құдық қазып, ауыз суды осылай іске асырған.

«Ұялыда» балық зауытымен қатар, мал шаруашылығын өрістеткендер де жетерлік дейді білетіндер. Ірі қара малды балықшылар күш көлік ретінде пайдаланған. Түйе мен жылқыны шанаға жегіп, мұз үстінде ауланған балықты арнайы лабазға тасыпты.

Сенсеңіз, сонау түкпірдегі аралда жетіжылдық қазақ мектебі және дәл сондай орыс мектебі жұмыс істеген. Ересектерді сауаттандыру мақсатында кешкі мектеп те сабақ жүргізген. Балабақша ашылып, екі тілде бөлімдері болған. Сондағы түрлі ұлтты ұйыстырып, бір жерге жинаған не нәрсе дерсіз?! Әрине, теңіз бен ондағы есепсіз байлық болатын.

Теңізде туып, теңізде өскен сол кезгі буын, бүгінгі ақсақалдар 1963 жылы «Ұялы» колхозына қарасты «Жантақты» деген жерден Ашықбай Қаниев басқаратын балықшылар жылымының мол олжаға кенелгенін айтады. Бұрын-соңды Арал теңізінде болмаған балық жылым торына сыймай, сыралғы алмаған жақын маңда үй қалмады деп тамсана әңгімелейді. Сол кезде бір «Ұялының» өзі 500 центнер балық өткізіпті.

– Көпке ырыс, береке болған Арал теңізі 60-шы жылдары қайта бастады. Жағалаудан шегінген су жыл өткен сайын білініп, «Ұялы» аралына кеме келуі қиындаған. Ал 1973 жылы «Ұялы» елді мекенінің орталығы мен балық аулау участогі «Бектауға» көшірілгенмен, үш жыл ғана тұрақтады. 1976 жылдың жазында «Бектау» елді мекені де тарады, ал «Ұялыға» қарасты балық аулау жұмыстары толық тоқтады. Ау-құралдары мен қайық-кемелер Арал қаласына апарып, тапсырылып жатты. Көзін балық аулаумен ашқан балықшыларға өз кәсібінен айырылу өте қиын болды. Атақоныстан көшу кім-кімге де оңай емес, Шаржау есімді кәнігі балықшының Аралға өткізуге тізіп алып бара жатқан қайық-кемелердің соңынан қимай, еңкілдеп жылап тұрғанына куә болдық. Ұлы теңізден бақ қайтса, пендесіне не шара? – дейді «Ұялы» жайлы өз жазбасында Ахат Әлиұлы.

Теңізбен бірге бірнеше балықшы ауыл осылай күйреген еді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. «Ұялы», «Бектау», «Қосшоқы», «Үшмырза», «Ұзынқайыр» сияқты ғажайып жерлер тек әр жерде естелік болып қана айтылады.

«Ұялыдан» ұшқан мықты ұл көп еді. Тұңғыш Премьер-Министр Ұзақбай Қарамановтан өзге, талай тарландар осы топырақтан шықты. Денсаулық сақтау саласындағы Дербісәлі және ұлы Бақытжан Сексенбаев, жазушы Әбсаттар Оспанов, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасов, доцент Егізбай Қанатов, ұлттық қауіпсіздік саласында көп жыл еңбек еткен полковник Қалдыбек Өмірзақов, полиция полковнигі Әлімжан Жарылқағанов, ғалым Оңғарған Бермаханов, т.б. ұлтқа қызмет еткендер «Ұялыдан» шықты.

Бүгінде туған жеріне жиі баратын Бекқали ағамызбен телефонмен тіл­дескенбіз. Қазалы ауданының Құрметті азаматы Бекбауылұлы осында туып, еңбек жолын осында бастаған азамат. Кадр бөлімінде басшылық еткен оның өз туған жеріне мәрмәр тастан белгі орнатқаны бар. Іскер аға одан бөлек, жаздыкүні туған ауылға зиярат жасап, Кәукей ауылында марқұм болған ұялылық ағаларына ас береді. Асқа «Ұялы» мен «Бектаудан» көшкен көзі тірі балықшылар мен олардың ұрпақтары жиналып жүр.

Рас. Ұлдары ұмытпаған «Ұялыдай» өлкенің қандай киелі екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз…

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<