Шекарадағы Шобанқазған

4647

3

…Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға да­йын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.

Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан.

Шобанқазған. Қармақшыдан 300 шақырымнан астам қашық­тықта жатқан осы жер неге осылай аталды екен?! Өз ойымызша, Шобанқазған, бәлкім, шопан қазған құдық болар. Тілдік өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін ғой. Біз осылай қиялмен дәлел қуғанмен, шынымен жобаласыппыз. Ондай жер атауы бар екен. Кей деректерде Шабанқазған – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Бұл Қазалыға қарасты жер деп көрсетілген. Екінші деректе Шабан емес, Шобанқазған. Айырмашылығы бір-ақ әріп. Ол қазір Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округіне қарасты шағын жұрттың атақонысы.

Т.Көмекбаев атындағы ауыл – Қармақшы ауданындағы ең шалғай округ. Қызығы сол, аудан орталығынан батыр ауылына 100 шақырымнан әрі жүресің. Ал Шобанқазған осы ауылдан 200 шақырым қашықтықта деседі. Сонда облыс түгілі, аудан орталығынан тым алыс жатыр. Расы сол, бізде мұндай ауылдар бар.

Айтпақшы, жоғарыдағы жер атына келсек, Шобанқазған белгілі адам не ру атауы болса керек-ті. Ел солай айтады. Анығын ешкім білмейді. Білетініміз, бұл ауылда әлі де тұрғындар бар. Шекара сызығында орналасқан. Арғы беті Өзбекстан мемлекеті. Шобанқазғаннан бөлек, Кекірелі дейтін шағын ауыл да бар мұнда. Екеуі де даму әлеуеті ең төмен елді мекендер қатарында.

Мұндағы халық негізі­нен өздерінің жеке мал шаруа­шы­лығымен айналысады. Дәл қазір Шобанқазғанда 11 отбасы өмір сүруде. Барлығы 51 адам. Ауыл­да бейімделген медициналық пункт бар. Онда екі адам тұрақты жұмыста. Айтпақшы, шекара маңында болған соң мұнда «Шобанқазған» шекара бөлімшесі жұмыс істейтінін айт­уымыз керек. Бұл әскери бөлімше ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты облыстық шекара қызметі департаментіне бағынады. Өзге жақтан келген әскерилермен бірге мұнда шобанқазғандық жігіт арнайы келісім-шартпен қызмет етіп жүр. Ал бес ауылдық тұрғын осы бөлімшеде түрлі жұмыстың тізгінін ұстаған. Бірі  – аспаз, бірі – моторист, бірі шофер дегендей. Қалған шобанқазғандықтар жеке малын бағып, өнімін сатып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Дәл осындай тіршілік көрші Кекірелі ауылына да тән.

Айтпақшы, бұлардан бөлек, тағы тоғыз отбасы әр бұлақтың басында шоқ-шоқ орналасқан. Жабықпай, Бөртөбе, Мырзалы, Жалдыбай деп аталатын жергілікті мекенді өздеріне қоныс етсе керек. Тұтастай атакәсіппен айналысады бұлар.  Мәліметке сүйенсек, Шобанқазғанда жылқы мен түйе ұстайтындар көп. Барғандар шұбатының дәмі ерекше екенін айтады. Сиыр өсіретіндер де бар. Сондай-ақ, ұсақ мал да ­жеткілікті.

– Қоныстанған халық мал шаруашылығымен айналысады дедік қой. Кеңес үкіметі кезінде мұнда өзбек малшылары көптеп отырған. Олардың барлық дерлігі қазақтар. Тәуелсіздіктен ке­йін, олар өзіміз жаққа өткен. Дұрысы, Шобанқазғанда Өзбекстанның мал жа­йылымдық жері болған. Ке­йін шекара, арнайы құжат бекіген соң, Шобанқазған Қазақстанға қарады. Содан кейін тұрғындар үкімет малын өткізіп, жеке бағудағы түліктерін алып, бері өтті. Көбісі орталыққа, Көмекбаев ауылына қоныстанды. Кейбірі сол Шобанқазғаннан іргесін аудармай отыр, – дейді Т.Көмекбаев ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Ахметов.

Жеті жыл бұрын Шобанқазғандағы бастауыш мектеп жабылыпты. Содан бері мұндағы мектеп жасындағы балалар Т.Көмекбаев ауылдық округі орталығындағы №185 орта мектеп жанындағы интернат үйінде жатып оқиды. Балаларды тасымалдауға арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілген. Бірақ оның тозығы жетіпті, жарамсыз көрінеді.

Қуанарлығы, ­әйтеуір мұн­да тұщы су қоры мол. Шобанқазған мен Кекіре­лінің тұрғындары ауыз суды өздігінен ағып тұрған тұщы бұлақтардан алады. Ал жарық мәселесі тым қиын. Мұндағылар электр энер­гия­сын жеке мотор арқылы пайдаланып жүр.

Шекараға таяу тұрған, тіршілігі төрт түлікпен тығыз шағын ауылдың бүгінгі келбеті осындай. Шал­ғайдағы дегенде шекарадағы атақоныстың ахуалы ондағы адамы мен ел саясатының еншісінде екенін жақсы білеміз. Әйтсе де, қонысы қоңданса ондағы аға­йынның ата дәстүрін, кәсібін, осының өн бойында рухын асқақтата бермегі аян емес пе?!

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<