Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы пысықталды

159

0

Жалағашта аудан әкімі Асылбек Шәменовтың төрағалық етуімен аппараттық мәжіліс болып өтті. Мәжілістің күн тәртібіне сай көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы, Жаңадария, Аққұм ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы, сонымен қатар Жалағаш кентіндегі санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары туралы хабарламалар жасалды.

Алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбдісаттар Бақтыбаев көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы хабарлады.

– Биыл ауданда 36 750 гектарға егіс орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 20 400 гектарға алқапқа егіледі. Вегетация кезеңінде су тапшылығы болу қаупіне байланысты ауданнан 1200 га күріш дақылының көлемі қысқартылып, былтырғы жылмен салыстырғанда суды аз қажет ететін жаздық бидай, жүгері, жаздық арпа, мақсары, жаңа жоңышқа артық егу жоспарлануда, – деді ол хабарламасында. Аудан басшысы Асылбек Өмірбекұлы биылғы көктемгі егістің уақытылы орналасуын қамтамасыз етуді, бекітілген кестеге сәйкес шаруашылық құрылымдарымен суға келісім-шарт жасалуын қамтамасыз етуді жөнінде тапсырмалар берді. Сонымен қатар, көктемгі егінді орналастыру науқаны барысында шаруашылықтардың белгіленген тәртіппен жоспарланған дизель жанармайын уақытылы алуын қамтамасыз етуді, су баруы қиын жерлерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жөнінде жұмыстар атқару туралы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Одан соң Жаңадария және Аққұм ауылдық округі әкімдерінің хабарламалары тыңдалды. Мәжіліс қорытындысымен тиісті ауыл әкімдеріне жіберілген кемшіліктерді дер кезінде жоюға және ауылды көркейту, абаттандыруға байланысты, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты азайту бағытында нақты тапсырмалар берілді. Ағымдағы жылдың 11 наурыз күні Жалағаш кентінде санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыруға байланысты атқарылатын жұмыстардың іс-шара жоспары бекітіліп, меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерге жолданды.

Осыған дейін 3 сенбілік жұмыстары жүргізіліп, белгіленген бөлініске сәйкес тиісті жұмыстар атқарылды. Осы бағытта атқарылған жұмыстар бойынша Жалағаш кентінің әкімі Ғалымжан Телібаев хабарлама жасады. Аппараттық мәжілісте аудан әкімі аппаратының инспекторлары ауылдық округтердегі санитарлық тазалық жұмыстарына жүргізген тексеру барысы слайд арқылы көрсетіліп, кемшіліктерді жоюға 3 күн уақыт берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз