Баймұрат батыр ауылы

1796

1

Кіреберісте-ақ, ауылдың ґкімі Жұмабек Әлиев қызу жұмыстың басталып кеткенін айтты. Бұрынғы жүйке ауруымен ауыратын науқастар жататын нысанды наркологиялық аурухананың медициналық ґлеуметтік оңалту бөлімшесі етіп қайта жасақтап жатыр екен. Бүгінде нысанды көне құрылысынан арылту үстінде. Шатырын алып тастапты. Қабырғаларын көне сылақтан ажыратуда. Жөндеу жұмысына 298 млн теңге бөлінген. Бұрындары жол бойындағы нысанның аула қоршауының өзі бір түрлі сезімді бастан кешіртетін. Жыл аяғына дейін қоршау да ауыстырылып, жаңаша кескін пайда болатын көрінеді. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында жаңғыртылып жатқан нысанда ауылдың 30 азаматы жұмыспен қамтылған. Мердігер мекеме – «Bolashak International Development» ЖШС.

Елде еңбек көзі бар

– Қазір жұмысты процентке шағып айта алмаймыз. Енді басталды. Жақында қала әкімі де сапарлап келіп кетті. Жыл аяғына дейін жұмысты толық бітіруге тапсырма берген. Мердігер мекеме басшылығы да межелі уақытта бітіруге мүмкіндік мол екенін айтты. Басы-қасында жүрміз. Бұ­йыртса, кіреберістен бастап, жаңа нысан көңілге қуаныш сый­лап тұрады, – деді Жұмабек Төлешұлы.

Айтпақшы, ауылдың қақ­пасы жаңадан салынған. Тек «Баймұрат батыр ауылы» деп жазылып, жарықтандыруы қалып тұр. Тиісті мекеме бұл жұмыспен айналысып жатыр. Бұйыртса, бірер күнде ол да орнығады деп уәдесін берді.

Ауылдағы тағзым алаңының аумағында халық демалып, серуендейтін алаңқай пайда болған. Абаттанған алаңға тренажерлық құралдар да қойылған. Кешкілік тұр­ғындардың жиналатын орны. Айнала жайқалған ағаш – күндіз көлеңке, кешкілік таза ауаның кепілі. Бұл жағынан да алаңқай өзгелерден көш ілгері.

– Мына біз келе жатқан жол – Тоғай көшесі. Енді қал­ғаны жол белгілерін орнату ғана. Басқасының бәрін бітіріп қойдық. Кішігірім көшелер бар, олардың тасын төсеп қойған. Мердігер мекеме облыс орталығындағы нысандарды бітірген соң, бірер күнде келіп, жұмысын жалғастырады. Сапасы жағынан мін жоқ. Біздің өтінішімізді «Қызылорда жолдары» ЖШС жерге қалдырып жатқан жоқ. Қосымша өзінің демеушілігімен 500 метр жол бөлігіне асфальт төсеп берді. Ел қашан да азаматымен айбарлы ғой. Осындай еліне, жеріне жаны ашитын азаматтардың арқасында ауыл да, аймақ та гүлденеді. Биыл ауылдағы 7 көшені жөндеуге 130 млн 334 мың теңге қаржы қаралды. Жыл аяғына дейін игеріледі, – деді ризашылықпен ауыл әкімі.

Кеңестік кезеңде «МИС» деген атаумен дүрілдеген ауыл болатын. Тәуелсіздік жылдарында бірнеше жыл дамуы тежеліп қалғанын ел біледі. Жұмыссыздар да көбейді. Халықтың тұрмысы да нашарлады. Бірақ бертін келе ауылдың тамырына қан жүгірді. Ел өзара кәсіппен айналысудың көзін тапты. Ауылшаруашылық саласында жер үлестерін игілігіне жарата бастады. Қазір тіпті ауласынан жылыжай ашып алғандар да бар мұнда. Жылына екі мәрте қияры мен қызанағын өткізіп, маңдай терінің жемісін татып отыр.

– Ауылды дамытатын – ауызбіршілік. Елдің сөзі бір жерден шығып, бір ұсынысқа ұйып отырса, биікте қанат қағамыз. Ауылдан шыққан Марат Бақбергенов есімді азамат мешіт салды. Оны өз қарауына алып, шығындарын көтеріп отыр. Имандылық үйі бар жердің береке-бірлігі болады. Елдің еңсе көтеріп отырғаны да сол. Ал мына тағзым алаңының қасында дәрігерлік амбуллатория салынатын болған. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жоба қолға алынып, мердігер де шешіліп қойған еді. Бірақ бұл бағдарламаға қаржы бөлінбей,  келер жылға қалды. Алдағы уақытта міндетті түрде салынады, – деді Жұмабек Төлешұлы.

Шағын ауылда 100 орындық жеке балабақша жұмыс істейді. Өзінің тасымалы да бар. Балаларды үйден алып, үйге әкеліп тастайды. Бұрын бұл ауылда көне клуб та жоқ еді. Әйтеуір, әупірімдеп мәдениет саласы көшке ілесіп келетін. Өз алдына жаңа ғимарат салынды, бастауыш партия ұйымы, ардагерлер бөлмесі, көрермендер залы, тіпті қажет десеңіз, би залына дейін бар мұнда. Елді мекеннің талантты жастары республикалық, халықаралық додаларда топ жарып жүр.

– Мәдениет ­саласына жауапты мамандарымыз мық­ты. Білесің бе, мына ала­қандай ауылдан халық­ара­лық байқаулардың бас жүл­де­герлерін шығарды. Еңбектері зор. Мәдениет үйінде 5 үйірме бар. Басқа жерлерден көрмеген шығарсың, біздің ауылда вокалды аспаптар ансамблі жұмыс істейді. Нысанды мем­лекеттік-жекеменшік әріп­тес­­тік аясында жеке кәсіпкер, қала­лық мәслихат депутаты Қайрат Орынбасарұлы салды, – деп толықтырды ауыл әкімі.

Екінші қабаттағы кітап­ха­наға ендік. Баяғыдай партада тіке отырып, оқитын оқу залы емес. Жұмсақ орындық, диван. Таңданысымды байқаған сыңаймен кітапханашы Әлия Жылқыайдарова әңгімеге араласты.

– Қазір оқу залы емес, «Coworking» орталығы деген бар. Оқырманға жағдай жасалған. Емін-еркін. Бір жылдық оқырманымыз 650 болса, кітап қоры 16606 данаға жетті. Қажетті әдебиеттермен қамтылғанбыз. Қазір онлайн түрде ғой, негізі басқа уақыттарда бұл жерден кісі аяғы арылмайды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай шараларымыз да жалғасын тауып жатыр, – деді ол.

Бұл ауылда екіқабатты көне үйлер бар еді. Әлі де бар ғой, жол түскенде соларға қарап қалың ойға бататынбыз. Мәселесі бар ғой, көне. Тозығы жеткен. Тұрғындардың үрейі мен қорқынышын сезінесің. Жанынан өтіп бара жатқанда ауыл әкімі сұрарымды білді ме, әлде өзінің де көкейіндегісі ме, көлікті тоқтатты.

– Мына үйлердің ішінде 1965 жылы салынған біреуі апатты деп танылды. Қанша жылдан бері сол статусты ала алмай жүр еді. Тұрғындарды үй кезегіне қойдық. Олар қуанды. Бастысы, қауіпсіздік, – деді маған қарап.

Ауылда электр энергия­сының күші жеткіліксіз болатын. Өйткені, бұрынғы қосалқы станцияға қарасты нысан­дардың саны артты. Ауыл­дың ауқымы кеңейді. Оның үстіне, қазір ХХІ ғасыр. Салқындатқыш, тоңазыт­қыш­тың небір түрлері қолданыста. Теледидардың өзі заманауи. Токты көп қажет ететіні анық. Ал қосалқы станцияның құнымен қоса, орнатуыңыздың өзі әжептәуір күш. Ауылда игі істердің басы-қасында жүретін Марат Бақбергенов тағы бір мәрте демеушілік жасауды ойға алды. Бір жарым миллион теңге ақша шығарып, қосалқы станцияны алып келді. Оны ауыл әкімі қалалық әкімшілік арқылы орнаттырып берді. Қазір жарқыраған жарықшам жаныңызға сәуле шашып тұр. Тамаша емес пе?!

Айтпақшы, талай жасты түлеткен білім ошағы да 2015 жылы жөнделген. Бүгінде заманауи нысан болып, сонадайдан көзге түседі.

Талдыаралға жол тегіс

Әкім мінген көлікті аяп отырмын. Қазір ой-шұқырлы жолға түскенде қалай болады деп… Өйткені, бұрын-соңды Талдыралға бір-екі мәрте барғаным бар. Жамау жолдың сиқынан шошынып қалғанмын. Сол есіме түсе кетті. Бұл жолы олай болмады. Жоқ, кәдімгідей тегіс. Даңғыл жолмен туралап келдік те, зулап көпірден өттік. Тәп-тәуір жол. Әкім бұл жолы да ойымды оқыды.

– Бұл жолдың бұрынғы жағдайын білетін боларсың. Қазір Баймұрат батыр ауылы мен Талдыаралда нашар жол жоқ. Осы жолмен жүріп, ауыл­ды айналып шығамыз. Балалар мектепке баратын жердің бәрі асфальт. Бұл – расымен де мақтанарлық көрсеткіш, – деді.

Мен де әкімнің сөзін құптай кеттім. Елді мекенге кіреберісте сол жақ бетте қоршалған үлкен шаруашылыққа көзім түсті.

– Бұл – Серік есімді азамат. Кәсіпкер. Бие сауып отыр, жылқы малын бор­да­қы­лайтыны бар. Қай­сыбір жылдары 5 гектар жер алып, кәсібін үлкейтті. Әрі қарай да дамыту ойында бар, – деді Ж.Әлиев.

Жазда көлеңке, қыста жылы болатын ұзын қораның ішінде құлындары бір бөлек, биелері келесі бетінде жинақы орналасыпты. Тап-таза, кең қораның ішінде қолына айырын ұстаған Серік Жанайдаровты кезіктірдік.

– Негізі 10 жылдан бері кәсіппен айналысамын. Ата кәсіп қой. Арада аз-кем қыз­метте болдым кәсіпке қайта араласып жатырмын. Бие ­сауып, тұрғындарға сатамын. Облыс орталығына да апарамын. Осыдан үш жыл бұрын 5 млн теңге несие алған едім. Енді қаражат көлемін арттырғым келеді, – дейді кәсіпкер.

Талдыаралда Құбас деген жер бар. Бұл – орман шаруа­шылығына тиесілі ау­мақ. Мұндағы 15 үй қазір Тал­дыаралға қосылды. Ара­дағы даңғыл жол Құбас деп аталып, елді мекен атауы жойылған. Бірақ, нағыз орман шаруашылығы екен. Айнала жасыл желек, биік ағаш. Мұндағылар 4 гектар жерге бұрынғы алма бақты жаң­ғыр­тып, көшет отырғызған. Бірер жылда жеміс беріп те қалады.

Ал елді мекеннің орталы­­ғындағы  медпункт  мемле­кет­тік-жекеменшік әріптестік ая­сында салынған. Мұндағы ақ халаттылар халықтың денсау­лығына қарасуда тыным тауып жатқан жоқ.

– Вирустың шарықтау шегі келгенде күндіз-түні жедел-жәрдем келем дегенше алғашқы көмек көрсетіп, үй аралап кеттік. Қазір басылды. Мұнда 3 медициналық қызметкер бар. Қажетті жабдықтармен қамта­масыз етілген, – дейді мейіргер Бақытбек Әбдірахман.

Бір ерекшелігі, Талды­арал­дағы екіқабатты үйлер кәріз жүйесіне қосылған. Ауыз­суында да мәселе жоқ. Мұндай жағдай тіпті кей қалалық жерлерде де жасалмағанын көзіміз көріп жүр ғой. Бұл ауылдағы ерекшелік деп ұқтық. Талдыаралдан 116 адамға жер телімі берілуде. Қазір тас жол төселген, ауызсу жүргізілуде. Енді электр желілері тартылады.

Қаладан таяқ тастам жер­дегі қос елді мекеннің тыныс-тіршілігі бұл. Күніге 6 мәрте автобус қатынайды. Биыл ауылдық округке 240 млн 237 мың 700 теңге қаражат қаралған. Бүгінде оның 47 проценті игеріліп тұр. Ат­қа­рылар жұмыс та сан алуан. Биылға жоспарланған 4 млн 181 мың теңге салық түсімінің жыл ортасында 2 млн 780 мыңы орындалған.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат

НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<