Ең үлкен марапат – ел тілегі

3602

9

Көпбейінді облыстық аурухана дәрігері Гүлбану Ысқақова коронавируспен күрестегі елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Мемлекеттік награданы ол қоғамның шынайы құрметі, ақжүрек алғысы деп есептейді.

Г.Ысқақова медицина саласына кездейсоқ келген жоқ. Дәрігер болу бала күнгі арманы еді. Әке-шешесі балаларының бірдей жоғары білім алуына ықпал жасады. Әсіресе, дұрыс жол көрсетіп, жөн сілтеген нағашы апасы Толғанайға ризашылығы шексіз. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген ол Қызылорда қалалық ауру­ханасының базасында бір жыл интернатурадан өтті. Әр жылдары қалалық жедел жәрдем стансасында, Махам­бетов ауылдық амбу­ла­ториясында дәрігер, облыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­масында бас маман болып еңбек етті. Бүгінде көп­­бейінді облыстық ауру­хананың күндізгі емдеу бөлім­шесінің дәрігері. Карантинге байланысты қазіргі күні фильтр бөлімінде жұмыс істеп жүр.

– Фильтрдің негізгі мақ­саты – қауіпті індет жұқ­тыр­ғандарды анықтау, пнев­мо­нияға шалдыққандарға қатысты емдеу шараларын жүргізу. Диагнозы нақты­ланғаннан кейін сырқат адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіледі. Коронавирус емес, пневмония болған жағдайда көпбейінді облыстық ау­рухананың терапия бөлімінің бокс бөлімшесінде ем қабылдайды. Нау­қастарға, сала мамандарына Үкімет тарапынан да, аурухана әкім­шілігі тарапынан да барлық жағдай жасалған. Дәрі-дәрмек жеткілікті, – дейді кейіпкеріміз.

Мемлекеттің қар­жылай қолдауы коро­на­вируспен күрестің алдыңғы шебіндегі ақха­латтыларды едәуір ынталан­дырды. «Ерен еңбегі үшін» медалі осы қуанышты еселей түсті. Өйткені отбасынан оқшауланып, ұзақ уақыттан бері өз шаңырағын, жақын-жуығын көрмегендер бар. Қоғамды, халықты қауіпті дерттен құтқару үшін тәуекелге бас тіккендердің еңбегі ескеруге тұрарлық.

– Бұл – жалғыз менің емес, бүкіл ұжымның, өңірдегі әріп­тестерімнің мерейі, абыройы. Дегенмен, біз үшін ең үлкен марапат – елдің ризашылығы, алғаусыз тілегі. Халық денсаулығын нығайту жолында антымызға адалдық танытып, әлі де аянбай қызмет атқаруға дайынбыз, – дейді дәрігер.

«Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев: «Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі» деді.

Расында, денсаулығы мық­ты ұлттың рухы да мықты. Ал рухы мықты ел үшін кез келген қиындықты еңсеру оңай. Ал өзгенің өмірін сақтау жолында жан аямай күш жұмсап жүрген ақжелеңді абзал жандарға елдің бірлігі, сақтық шараларына бейжай қарамауы – үлкен демеу.

– Біз біріксек, алынбайтын қамал жоқ. Ең бастысы, келер күндердің мамыражай болуын тілеймін. Ал, біздің қазіргі міндетіміз – көзге көрінбейтін қауіпті індетпен бетпе-бет шайқаста жеңіске жету, – дейді дәрігер.

Медицина саласы өкіл­дерінің өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін сақтап қалу кезіндегі ерлікпен пара-пар ерен еңбегі көпке үлгі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<