Жаңарған Жаңақұрылыс

1350

2

Өткен күнімізге көз тастап, ой елегінен өткізіп қарасақ, арыға бармай-ақ, тәуелсіздік алғаннан бері қарай 30 жыл ішінде елімізде толағай іс атқарылды. Тәуелсіздігімізді алдық, егемен ел болдық. Қаншама жылдар бойғы арманымызға жеттік.

Қазақстан Республи­ка­сы­­ның Тұңғыш Президенті-Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көре­ген кемел ойы, сарабдал сая­са­тының арқасында кет­кеніміз келіп, кемтігіміз толып, шекарамызды бекемдеп, Қазақ деген ел бар екенін дүниежүзі таныды. Халық игілігі үшін қаншама заңдар қабылдап, түрлі форумдар өткізілді. Осының арқасында еліміз тыныш, еңбегіміздің жемісін көрудеміз. Менің Қазалы ауданы орталығынан шалғайда орналасқан Жаңақұрылыс елді­ мекеннің 30 жыл ішіндегі тыныс-тіршілігі мен қол жеткен табыс­тарын тілге тиек етпекпін.

Ауыл тарихы

Жаңақұрылыс елді ме­кені 1992 жылы Қазалы ау­да­нынан Арал ауданына өтіп, шөп дайындайтын сов­хоз болып құрылды. Нағыз қиын кез: зейнетақы, балалар жәрдемақысы, жұмыс­шы­лар­дың еңбекақысы 3-4 айлап берілмейтін. Сонда да ауыл тұрғындары еңсесін түсірмей, ата-бабасының туған жерінен көшпей еңбек етті. «Еңбек етсең, емерсің» деген. Егінін егіп, шөбін дайындап, аудан көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды. Жылдан-жылға халық саны көбейіп, әлеуметтік тұр­мыс жағдайы жақсара бастады. Ауыл басшылары мен ақсақалдары бірлесе оты­рып, қиын кезеңдерден шықты. Елдің ауызбірлігінің арқа­сында халыққа қызмет жасайтын әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салына бастады.

Тарихты қашанда адамдар жасайды. Оның тірек тұтар тұлғасы да, иесі де – адам. Сол қиын  кезеңде  жұмыстың алға басуына тер төгіп, лайықты үлесін қосып, қиын кезеңнен шығарған сол кездегі кеңес директоры марқұм Құлмырза Тілеуов, ауылдық кеңес төрағасы Елшекен Қуанышбаевтың ерен еңбегін айтуымыз керек. Бұл азаматтар Жаңақұрылыс халқы үшін тарихи тұлға болып қала береді. Сәл шегініс жасап, Жаңақұрылыс халқы қандай жетістіктерге жеткенін, алдағы уақытта халық үшін қандай жұмыстар атқарылатынын ай­тайық.

Әкім не дейді?

Ауыл әкімі Биғали ­Аб­драим­­овтың айтуынша, қазір бірлігі жарасқан ауылда 163 отбасы өмір сүруде. Мыңға жуық тұрғын бар. Осы уақытқа дейін бірқатар ауқымды жұмыстар істелген. Атап айтқанда, әр үйге ауызсу кіргізілген.

2015 жылы  екі  қабатты  жаңа мектеп бой көтерген. Жаңадан фельдшерлік-аку­шерлік пун­кт салынса, бала­бақша, клуб жөндеуден өткен. Ауыл тұр­ғындары үшін аса қажетті ветеринарлық пункт ашылды. Өткен жылдың жел­тоқсан айында ауыл тұр­ғындары көптен күткен ұялы байланыс желісі орнатылды. Ұйымшылдықтың арқасында 2019 жылы жаңадан «Өтеш ахун» мешіті салынды. Биыл мешіт жанынан 100 орындық асхана құрылысы жүріп жатыр. «Өлі разы болмай, тірі ба­йымайды» дегендей Жеңістің 76 жылдығына орай соғыстан оралмағандарға «Тағзым» және «Жастар» алаңын салу жос­парланып отыр.

Бүгінде ең өзекті мәселе – автожол. Қашықты жақын­да­татын да, жақынды қашық­татын да халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартатын да, кә­­сіп­керлікті дамытатын да жол ғой. Көптен бері күрмеуі толық шешілмей келе жатқан Жаңақұрылыс-Бекарыстан би аралығындағы 22 шақырым жол және Бекарыстан биден Жаңақұрылыс шекарасына дейінгі 13 шақырым Қазалы ауданына қарайтын жолдың да қаражаты шешілді. Аманшылық болса, биыл халық игілігіне беріледі деп отырмыз. Ауылдың саяси ах­уалы тұрақты.

Білімділерді баптаған

Бала – біздің болашағымыз. Еліміздің тұтқасы сапалы білім, саналы тәрбие алу үшін олардың ең бірінші ұстазы мығым, білім алатын мектеп заман талабына сай болуы керек. Ата-ана мен баланың көптен күткені жаңа оқу ошағы еді. Көптің тілегі қабыл болып, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы бір сапарында Жаңақұрылысқа келіп, өз қолымен жаңа мектептің кірпішін қалады. 2015 жыл­дың жаңа оқу жылында мек­тептің ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды. «Жаңақұрылыстықтар, жаңа мектептеріңіз құтты болсын, балаларыңыз білімді болып, жылда мектеп бітірушілер ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, омырауларына алтын тақсын» деп батасын берді. «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деген. Тілек қабыл болып, сол жылдан бері жыл сайын мектеп бітіруші түлектер «Алтын белгі» алып келеді. Биыл 3 оқушы үміткер. Бұл да – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тарту деп білеміз. Осы №74 мектепте биология пәнінің мұғалімі Темірбек Сүйеубаев ауданаралық био­логия пәні олимпиадасында бас жүлде – жеңіл көлікті алды. Алдағы уақытта да мектебіміздің жарқын істері жалғаса береді деген сенім­деміз. Мектеп бітірген түлек­тер ауыл орталығына автобус аялдамасын салып, оның айналасына тал егіп, абаттандырса, «Өтеш ахун» мешітіне кілем сыйлап, жаңа темір есік салып, кейінгі жастарға үлгі болуда. Жақында ғана ауылдың кіреберісіне орнатылған «Ту­ған өлкем – Жаңақұрылыс» деген жазу алыстан көз тартады. Әсіресе, түнге қарай жарық­шамдары «менмұндалап», ауыл­ға көрік беріп тұрады. Ауыл жастарының берекелі іс­те­ріне ризашылық білдіреміз.

Кәсіп көзін тапқандар

Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 25912 гектарды құрайды. Негізінен мал жайылымы мен шабындыққа бағытталған. Жеке тұрғын­дардың малы біршама көбейіп, шаруа қожалықтары құрылды. Жоғарыда айтқандай, Жаңа­құрылыстың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Оны далада жайылған төрт түлікке қарап біле береміз. Мемлекет тарапынан да ауыл­шаруашылық саласын дамы­туға, өз-өзін қамтамасыз еткісі келе­тіндерге, жұмыс орнын ашамыз деушілерге қолдау қарқынды жүргізілуде. Мал басы ірі қара 1512, қой 1175, ешкі 1384, жылқы 1633, түйе 20 басқа көбейді. Өндірістік кооператив тарағаннан кейін 11 шаруа қожалығы құрылған. Жылқы, ірі қара сатып алуға 6 кәсіпкер мемлекеттен ақша алып,  әрқайсысы 2-3 адам­ды жұмыспен қамтып отыр. «Қожағұл ата» шаруа қожалығын құрған жас кә­сіп­кер Елнұр Елше­кенов өз қаражатына 15 бас асыл­тұқымды сиыр сатып алып, қазір бірнеше басқа көбейтті. Жаңа мешітке 500 мың теңге қаржылай көмек, асхана тө­бесін шиферлеп беріп, көптің алғысына бөленді. Мұхтар Амангелдіұлы Сор­көлді то­ғандап, оны суландырып, бір­неше балық түрін өсірумен айналысып,  жастарға үлгі болуда. Қайтарымсыз грант есебінен 2019 жылдан бері 7 адам қаржылай көмек алып, бірі монша салса, бірі құс, балық, мал шаруашылығын құрып, кәсіптерін дамытуда. Әрине, бұл ауылдағы жұ­мыссыздықты азайтты. Әр адам өзінің әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын жақсар­туға бет бұрған.

Ауылдың бүгінгі бейнесі

2018 жылдан бері жергілікті халықтан түсетін көлік, жер, мүлік салықтары жергілікті әкімшіліктің бюджетіне түсіп, оны ауыл ішіндегі кезек күттірмейтін жұмыстарға пайдаланып келеді.

Ауыл тұрғындары толық­тай электр энергиясымен қам­тылып, 5 көше түнгі жарық­пен қамтамасыз етілген. Бұл қыстың күндері мектепке баратын оқушылар үшін жақсы болды. Ата-аналардың, оқушылардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе, жоғарыда айтқандай, ауылдың кіребе­рісіне ауыл жастарының бір­лесуімен «Туған өлкем – Жаңақұрылыс» жазуы алыстан көз тартса, көшеге орналасқан әр ба­ғанаға би-батырлар мен Ұлы Отан соғысына қатысқан, тыл ардагерлері, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлер, жастардың сурет­терін орнатты. Жарық шамдары күндізгідей түнде де жарқырап, ауылға сән беріп тұр. Жарығың сөнбесін деген осы емес пе?! Әрине, түнгі жарық шығындарына аудандық бюджеттен 800 мың теңге бөлінген.

Тазалық табалдырықтан басталады. Жалпы ауыл тұр­ғындары күз, көктем айларында тазалық, көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, бір-біріне үлгі болуда. Аудандық бюджеттен бөлінген 200 мың теңгеге тұрмысы төмен отбасылардың күл-қоқысы шығарылып, оны төгетін шұқырлар қазылып, аяқсу жүретін арық тазалануда. Қазалы ауданына күнделікті, Арал ауданына аптасына 3 рет автобус қатынайды. Бұл да – кәсібіміздің  кеңейіп, тұр­мы­сымыздың жақсара түс­кенінің белгісі.

Жастар қоғамдық жұмыс­тарға тартылып, өздерін жан-жақты  дамытуға   және  ауылдың көркеюіне атсалысуда. Спорт саласында жоғары көрсеткіштерге жетіп келеді. Кір тасын көтеру, волейболдан үйірмелер ұйым­дастырып, аудан, ауыларалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Әр жылғы мектеп бітірушілер ауылды көр­кейтуге жоғарыда айтыл­ғандай, игі жұмыстарды үр­діске айналдырды. Олардың жа­ғымсыз әдеттерден, іш­кіліктен аулақ болайық, салауатты ауылға айналайық деген бастамасына ардагерлер мен ауыл тұрғындары ризашылық білдіруде. Бұл кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалатынына сенімдіміз.

Өткенге көз тастап, ойлана қарасақ, бір  ғана  Жаңа­құрылыс ауылында ел қуа­натындай игі жұмыстар ат­қарылған. Алдағы уақытта бала­бақша мен клуб салу, Жаңақұрылыс-Бекарыстан би аралығындағы автожол, Ақбасты, Қаракөл көлдерін суландырып, ша­бындық пен жайылымдарды көбейту үшін Нұралы жармасына шлюз орнату, шаруа қожалықтарын көбейтіп, тұрақтандыру үшін «Қараарық» каналын тазарту жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Орайы келгенде айта кетейін, аудан әкімдігінің Жаңақұрылыс халқына жасап жатқан қам­қорлығына риза­шылық біл­діреміз. Алдағы уа­қытта да игі істерінің жалға­суына ықпал жасайды деген сенімдеміз. Ауылдағы атқарылып жатқан игі істерді және ауылдың бірлігі мен тірлігін халыққа жария ету міндетім деп білемін.

Сердалы ШАЛБАЕВ,

КССРО Денсаулық саласының үздігі,

Жаңақұрылыс ауылдық

ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<