ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ТАРТУ

Биыл, Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында қала көлемінде ауқымды жоспарлар мен тың жобалар қолға алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға қаланың жанашыр және белсенді азаматтары да өз үлестерін қосып келеді. Соның бір дәлелі, қаланың құрылыс компаниялары көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына ерекше атсалысып жатыр.

Қала әкімдігі көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы бейнесін сәулеттік және эстетикалық талаптарға сәйкестендіру үшін жергілікті құрылыс компанияларына ұсыныс білдірген.

Қала әкімідігінің ұсынысын шынайы жанашырлықпен қабылдаған құрыш қолды құрылысшылар, қазірдің өзінде Қызылорда қаласындағы Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов, Абай, Жібек жолы, Әуелбеков, Сүлейменов секілді көшелерде орналасқан 30-дан астам көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін жаңартып, әрлеу жұмыстарымен айналысуда.    Бұл осы бағыттағы жұмыстардың тек бастамасы.

Негізінде, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 35 бабының 2 тармағына, 50 бабының 1 тармағына сәйкес «Тұрғын үйді қалыпты жағдайда күтіп-ұстауға кететін шығынын (пайдалану шығыны) өзінің ортақ меншіктегі үлесінің көлеміне қарай өтейді және пәтер иелері ортақ мүлікті өздерінің үлестеріне тең мөлшерде күтіп-ұстау мен пайдалану бойынша жалпы шығыстарға қатысуға міндетті» делінген.

Яғни, ортақ меншігі болып табылатын тұрғын үйді күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарын жүргізу тікелей тұрғындардың өз міндеті болып табылады.

Алайда, қала әкімдігі бұл жағдайларға бейжай қарамай жыл сайын бюджеттен тыс көздерден қаржы тарту арқылы, көпқабатты тұрғын үйлерді әрлеу, өжірелер мен шатырларды ретке келтіру жұмыстарымен тұрақты түрде айналысып келеді.

Сондай-ақ қала әкімдігі қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрғын үйлердің сыртқы келбеті мен аулаларын абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына шынайы жанашырлықпен қарауға және кәсіпкерлік нысандардың сыртқы сәулеттік келбетін жақсарту, мерекелік безендіру жұмыстарына ерекше белсенді атсалысуға шақыруда.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда қаласындағы құрылыс компаниялары бұған дейін де қаланың дамуына үлкен үлес қосып келеді.

Мәселен, Сыр өңірінің бас шаһарының 200 жылдық мерейтойына басты тарту – Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы жаңа тұрғын аудан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланса, ондағы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен бірқатар әлеуметтік нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салуда.


 

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
ҚОҒАМ 16 сәуір 2018 г. 175 0