Ақтауда бір сыныпта 12 ұлт өкілі білім алып жүр

Ақтаудағы 23-мектептің 4-сыныбы көпұлтты Қазақстанның көшірмесі саналады. Бұл сыныпта 12 ұлттың өкілі білім алады. Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
Мектепте өтетін ашық сабақтарға, мерекелік шараларға әр оқушы өз ұлтының киімін киіп келеді, өз тілінде өнер көрсетеді.
«Мақсатымыз - Қазақстан халқының достығын насихаттай отырып, балаларды бауырмалдыққа, бейбітшілікке тәрбиелеу. Себебі еліміздің ең басты байлығы - ұлтаралық татулық», - дейді мектеп ұстаздары.
4 «Б» сыныбының оқушылары 12 тілде амандаса алады. Себебі мұнда қазақ, орыс, кәріс, армян, ингуш, татар сияқты 12 ұлттың баласы оқиды. Бұл балалардың жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір, атасы басқа болса да, Отаны бір. Мектеп табалдырығын аттағалы 4 жылдың ішінде оқушылар бір-біріне бауыр басып, достасып үлгерді.
«Менің көп досым бар. Олар басқа ұлттан. Біз олармен тату-тәттіміз. Ешқашан керіспейміз. Мен Қазақстан елінде өмір сүріп жатқаныма мақтанамын», - дейді 4-сынып оқушысы Нұрдәулет Әлімбеков.
Ақтаудағы 23-мектеп - көпұлтты Қазақстанның көшірмесі іспетті. Бұл ерекшелікті ескерген мектеп басшылары осыдан 20 жыл бұрын қаладағы алғашқы балалар Ассамбелясын құрады. 20 жылда мектептегі Қазақстан халқы Ассамблеясы толағай табыстарға қол жеткізді. Оқушылар өз ұлтының өнері мен салт-дәстүрін меңгеріп қана қоймай, өзге халықтардың да мәдениетін зерттеді. Басқа тілде ән айтып, түрлі ұлттың тағамын әзірлеуді үйренді.
«Біз балаларды 1-сыныпқа келген күннен бастап бірлікке, бауырмалдыққа тәрбиелейміз. Түрлі шаралар ұйымдастыру арқылы олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіруге тырысамыз. Отанын шын сүйетін, достықтың қадірін білетін ұрпақ дайындап шығару. Бастауыш сыныпта достықтың мәнін ұғынған бала өсе келе ұлтқа бөлінбей, татулықты ту етері анық», - деді №23 мектеп директоры Зарифа Казиева.
Алдағы күндері қаладағы барлық мектеп оқушылары табиғат аясында бас қосып, «Достық» шарасына қатысады. Әр мектепке әр ұлттың кескін-келбетін таныстыру міндеттелген. 23-мектептің ұжымы Дағыстан халқының ұлттық тағамын әзірлеп, биін билемек.

ҚОҒАМ 01 мамыр 2018 г. 393 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031