ЖАЗАСЫН ӨТЕП КЕЛГЕНДЕР ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЗӘРУ

Темір тордың ар жағынан оралғандарды қоғамға қайта сіңдіру үлкен қажырлылықты талап етеді. Оларды шеттетпей, ортаға сіңісіп кетуіне азаматтар мүдделі, дұрыс көзқараста болуы керек. Себебі, соттылы жан моральдық тұрғыдан іштей жүнжіп, қайтадан қылмысқа бой алдыруы ықтимал.

Әрбір сотталушыны түзеу орындары мемлекет есебінен ұстайтыны жасырын емес. Бұған дейін біз бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдардың кейінгі тағдыры туралы хабарсыз болатынбыз. Бүгінде кешенді стратегияны іске асыру барысында «Қақпа алдында кездесу» атты әлеуметтік жоба енгізілді. Бұл жоба сотталғандарды қамқорлығына алады. Өйткені, олардың ортаға бейімделуі, жұмысқа орналасуы маңызды мәселе. Мәселен, жоба аясында бостандыққа шыққалы жатқан азаматты алдын-ала қоғамға дайындап, босатылғаннан кейін әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі. Яғни, азаматтың жұмысқа орналасуына, білім алып, мамандық иесі атануына, тегін медициналық жәрдем мен заңгерлік кеңес алуға және басқа да әлеуметтік көмек алуына қол ұшын береді.

Тағы бір өзекті мәселе, жазасын өтеушілер өзінің бойындағы адами қасиеттеріне деген сенімсіздігі артып, бостандыққа шыққаннан кейін түрлі себептерге байланысты дұрыс шешім қабылдай алмауы мүмкін. Осыған орай туған-туыстары, отбасы қолдау мен сенім білдіру қажет. Ал, ешкімі жоқ, баспанасыз қалған азаматтың қоғамның толыққанды мүшесі болып кетуі қиын мәселе. Кейбір жазасын өтеуші азаматтардың туған-туыс бауырлары оны қабылдаудан бас тартады. Осындай жағдайда біз Тасбөгет кентінде орналасқан, «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына» орналастырамыз. Содан кейін, оның жұмыспен қамтылуы, жеке басын куәландыратын құжатын алып беруге, тегін медициналық көмек және мамандық алу үшін қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жолдаймыз.

Орталық қызметерлері былтырдан бері 126 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, жәрдемақылар алуға, бірреттік материалдық көмек, денсаулығына байланысты мүгедектікке шығуына ықпал етіп келеді. «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері өткізіліп, нәтижелі жұмыспен қамтылуда.

Бұрын сотты болған азаматтарды, қоғамнан шеттетпей қоршаған ортаға бейімдеу барлық адамзаттың міндеті болу керек. Әрине, оларды тек жақсы жағынан қарау кімнің болса да қолынан келмейді. Дегенмен, адами қасиетімізді жоғалтпай осы санаттағы азаматтарға қол ұшын беріп, қоғамға сіңісіп кетуіне ықпалымызды тигізсек нұр үстіне нұр болар еді.

Раушан НҰРТАЕВА,

«Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды 

әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының» қызметкері.

ҚОҒАМ 30 мамыр 2018 г. 405 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031