Тест орталығының директоры 140 балл жинаған түлекке iPhone алды

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-да ең жоғары балды жинаған алматылық түлекке iPhone сатып алды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Әлімқұлов биылғы жылдың мамырында ҰБТ-ның он бес жылдық мерейтойы құрметіне алғаш болып ең жоғары балл жинаған түлекке сыйлық жасайтынын мәлімдеген еді. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Алматы қаласындағы №123 мектеп-гимназияның түлегі Шиара Әбдірахымқызы Құдайбергенованың ҰБТ кезінде ең жоғары 140 балды жинағанын ести сала уәдесін орындауға асығып, түскі үзіліс кезінде гаджет сатып алуға барды.

"Биыл ең жоғары деңгейге жеткенімізге қуанып отырмыз. Бұл қуанышты күнді өткен жылы тестілеудің жаңа форматы енгізілгеннен бері күтіп жүрген едік. Уәдемді орындап, телефонды сатып алдым, енді сыйлықты тапсыру үшін Шиарамен кездесуді күтеміз", – деді Рамазан Әлімқұлов.

Смартфонды тапсыру үшін алматылық түлек Астанадағы қорытынды баспасөз конференциясына шақырылды. Егер ол елордаға келе алмай қалған жағдайда сыйлықты ұлттық тестілеу қызметкерлері апарып береді.

ҚОҒАМ 26 маусым 2018 г. 808 0