Сырдарияда "Coworking" орталығы ашылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын арттыру болып табылады. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғырту жобасын қолға алған болатын.
Аталған жоба бүгін Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде жүзеге асып, жаңадан "Сoworking" орталығы ашылды.
Орталықтың ашылуына Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Б.Мырзахметова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев, аудан әкімі аппаратының аударма ісі жөніндегі редакторы А.Ибрагимұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Әбілдаев, аудандық "Жастар ресурстық орталығының" директоры Ғ.Оралов, жетекші партия мүшелері, кітапхана оқырмандары, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты.  
Орталықтың ашылуында "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Е.Жақып сөз сөйлеп, жобаның мақсаты, күтілетін нәтиже және басым бағыттар туралы айтып өтті.
– Жоба Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияны жаңғырту бағытындағы тапсырмасына сәйкес орындалуда. Орталықтағы жұмыс процесінде жастар интернет желісін пайдаланып, кездесулерді, семинарларды, конференцияларды өткізе алады. Осында түрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге, кеңес алуға, идеялар талқылауға болады. Бұл игі іс оқырмандар санын арттыруға үлес қосатынына сенім мол, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мен Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Б.Мырзахметова орталық жұмысына тілектестік білдірді. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев кітапхана саласы бойынша ауданның жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Жаңа жобаның лентасы қиылғаннан кейін қатысушылар "Сoworking" орталығын аралап көрді.
Айта кету керек, орталықта ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындары, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, принтерлер мен сканерлер, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет, Skype арқылы сұхбаттасу мүмкіндігі бар.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
ҚОҒАМ 29 қараша 2018 г. 174 0