Қазақстанда «Нұрлы жер» аясында 100 мыңға жуық тұрғын үй пайдалануға берілді

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 2018 жылы 100 мыңға жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы 15 жылда 1,5 млн отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарлама жүзеге асырылған 2 жылдың ішінде шамамен 200 мыңға жуық отбасы тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды.

«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы 2016 жылдың желтоқсанында қабылданды. 2018 жылдың маусым айында ол мемлекеттік бағдарлама болып қайта бекітілді. Бағдарламаның мақсаты - халық үшін тұрғын үй қолжетімділігін арттыру. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жыл сайынғы Жолдауында бағдарламаға оң баға берді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2017 және 2018 жылдың 11 айында барлық қаржыландыру көздерінен 22 161 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде 197 573 отбасы өз тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алған. Оның ішінде 2017 жылы - 11 168 мың м² (100 812 баспана), 2018 жылдың 11 айында - 10 993 мың м² (96 761 баспана) берілген.

2018 жылы жалпы 12,1 млн м² тұрғын үйді (немесе 100 мыңға жуық баспана) пайдалануға беру керек болатын, оның ішінде 1,3 млн м² тұрғын үйі - мемлекеттік инвестициялар есебінен. 2018 жылдың 11 айында 11 млн м² пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 91%-ы. 96 731 баспана салынды немесе жылдық жоспардың 97%-ы орындалды. Жылдық жоспарды 12 айдың қорытындысы бойынша толық көлемде орындау көзделген.

Мемлекеттік бағдарлама басталған 2 жыл ішінде қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі бойынша алдыңғы қатарда Астана қаласы (4,7 млн м²), Алматы қаласы (2,6 млн м²), Маңғыстау (1,8 млн м²), Ақтөбе (1,5 млн м²), Атырау (1,3 млн м²), Алматы (1,3 млн м²) және Қызылорда (1,2 млн м²) облыстары тұр.

 

ҚОҒАМ 08 қаңтар 2019 г. 151 0