Ауған соғысы жауынгерлерінің алғашқы мұражайы

Биыл – Ауған соғысының бастал­ға­нына 40, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл. Жат жерде болса да жан беріп, жан алысқан жауынгерлер ерлігін ертеңге жеткізетін ең алғашқы мұражай 37 жыл бұрын, 1982 жылы Қазалы локомотив депосының құрылыс цехында ашылды. Өйткені дәл осы цехта ағаш ұстасы болып жұмыс істеген кіші сержант Қуаныш Ибраимов пен жерлесіміз, қатардағы жауынгер Сәндібек Инабатов әскери міндеттерін өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан еді. Содан кейін олар «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ауған халқының жауынгер интернационалистке алғысы» медалімен наградталды.

 

Азаматтық борышымды Әскери теңіз флотында (Кубада) атқарып, 1982 жылы Қазалы локомотив депосына жұмысқа қабылданып, құры­лыс цехына бригадир болып келге­німде арыстай екі жігіттің Ауған соғы­сында қаза болғаны маған ерекше әсер етті. Сол кездегі цех шебері Телжан Жарылқасынов ағамыздың басшылығымен ағаш ұстасы Жалғас Райбеков ағамен бірлесіп, мұражай ашуды қолға алдық. Осылайша от пен оқтың ортасында болған қазақстан­дық, оның ішінде қазалылық әскери жауынгерлер туралы қомақты деректі материал қоры жиналды. Шайқаста қаза тапқан батырлардың ұрпаққа үлгі болар ерліктері жөнінде жеке мұра­ғатынан алынған деректер, куәліктер, наградалар мен тағы басқа дүниелер қойылды.

Мұражайды ашу сәтіне мар­құм­дар­дың ата-аналары, туған-туыстары, аудандық комсомол коми­тетінің өкіл­дері, ұжымдастар және Ауған соғы­­­сына қатысушы қазалылықтар жиналды. Содан бері мұражай жастардың патриоттық тәрбиесін күшейтуге, қайсар жауын­герлердің есімдерін қас­тер­леуге, ерліктің үлгісін көрсетуге септігін тигізіп келеді. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан өнді­рісті модернизациялау шара­сы­ның жүр­гізілуіне байланысты мұражай Қазалы локомотив жөндеу зауытының әкімшілік ғимаратында орналасқан тарихи мұражайдың төрдегі бұрышына көшірілді. Кең көлемді фотоплакаттар, Қуаныш Ибраимовтың мемориалдық ес­керткіш тақтасы сол жердегі тағзым залына қойылды.

Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын қасіретті беттердің бірі. Ауған даласында қан төккен Кеңес әскер­лерінің қатарында отандастарымыз аз болмаған. Атап айтқанда, 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21 адам хабарсыз кетті. Мыңдаған жігіт мүгедек болып оралды. Соғыстың бел ортасында болған жерлесіміз, Мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Ба­қыт­бек Смағұл Қазалы локомотив жөндеу зауытында бірнеше мәрте болды. Сол бір сұрапыл жылдарды еске салып, бүгінгі бейбіт күннің қадіріне жетуге үндейтін өлеңдерін оқыды. Зауыт директоры, «Құрметті теміржолшы» Нұрлан Алмағамбетовке «Отан үшін отқа түс, күймейсің» даңқына сіңірген еңбегі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісін тақты. Ал Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері, «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев 10 жыл бұрын «Ауған соғысы арда­гер­лері ұйымдарына қосқан үлесі үшін «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл» медалімен марапаттаған болатын. Өйткені, Нұрлан Жұбатқанұлының басшы­лы­­ғымен ұжымда зейнеткерлер мен Ауған соғысы ардагерлеріне атаулы күн­дерде зор құрмет көрсетіледі.

Алдағы уақытта да Ау­ғанстандағы шайқаста қай­тыс болған және от кешкен жауын­гер­лердің есімдерін отан­сүй­гіш­тіктің үлгісі ретінде насихаттау елдігіміздің белгісі болып қала берері анық.

 

Қанай ЖАМБЫЛОВ,

Қазалы локомотив жөндеу 

зауытының қызметкері.

ҚОҒАМ 05 ақпан 2019 г. 486 0