ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҰРМЫС САПАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Елбасының «Қазақстан -2050» стратегиясы, «100 нақты қадам-Ұлт жоспары», сонымен қатар   Жолдауларынан туындайтын міндеттерді  жүзеге асыруда  аумақтағы  істің жай-күйіне жауапты өкілді және атқарушы органдардың    бірлескен жұмыстарының орны әрқашан маңызды. Сондықтан өткен жылы облыстық мәслихат тарапынан атқарылған жұмыстардың негізгі қорытындыларын сараптап,  оқырмандармен  бөлісуді  жөн  көрдік.
2018 жылы алтыншы шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының 8 сессиясы ( 4-і   кезекті, 4-і кезектен тыс) өткізіліп, жалпы саны 114 шешім (оның ішінде 27 шешім Әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтіп, БАҚ-та жарияланды) қабылданды.  Барлығымызға белгілі, мәслихаттар құзыретіне заңмен жүктелген негізгі  мәселе  жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады.
Осы ретте, облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 12 желтоқсандағы 17- сес­сиясында бекітілген «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне ағымдағы жыл ішінде (қаңтар-желтоқсан айларында) 6 рет (2 рет - кезекті, 4 рет - кезектен тыс сессияларда) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бюджетті  нақтылаулардың нәтижесінде  2018 жылға арналған облыстық  бекітілген бюджет 190,8 млрд. теңгеден жыл соңында   225,6 млрд. теңгеге дейін, яғни, 34,8 млрд. теңгеге немесе 118,2 пайызға өсті.
2018 жылы облыстық бюджеттің 55,4 млрд. теңге немесе 27,8 пайызы  әлеуметтік  саланы  қамтиды. Оның ішінде білім саласына 22,4 млрд. теңге, денсаулық сақтау саласына 11,1 млрд. теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға 6,9 млрд теңге және де мәдениет, спорт салаларына 12,6 млрд теңге  бөлініп, бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты. Сонымен қатар, тұрғын  үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы 18,4 млрд. теңгені (9,2%) құраса, ауыл шаруашылығы саласына 15,1 млрд. теңге (7,6%) бөлінген.  Қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық,    қылмыстық  атқару  қыз­метін  жандандыру  бағытына     6,5 млрд. теңге (3,2%) қаралды,  көлік және коммуникация саласына 13,1 млрд. теңге (8,2%) бағытталып, тиісті жұмыстар жасалған.  
Сайлаушылар мен депутаттардың ұсынысына сәйкес облыс әкімі  Қы­рым­бек Көшербаевтың қолд­ауы­мен 2018 жылы атқарылған жұ­мыс­­тардың  бір қатарына  тоқта­лып  өтейік.
Елді мекендерді байланыстыратын жолдар, оның ішінде, «Самара-Шымкент-Жаңақорған-Келінтөбе» жолы (39 мың адам тұратын 17 бірдей елді мекеннің);
«Самара - Шымкент – Қамбаш – Бөген – Қаратерең» бағытындағы жолы (23 мың адам тұратын 22 елді мекеннің);
«Самара – Шымкент – Тоқабай» бағытындағы жолы (4 ірі елді мекенді байланыстыратын) ;
Қазалы ауданындағы Әлсейіт кө­пірін айтпағанда, «Қазалы – Көл­арық – Әлсейіт – Бекарыстан би – Жаңа­құрлыс» жолы (15 мыңнан астам тұрғыны бар) мәселелеріне қар­жы бөлініп, тиісті жұмыстар ат­қарылды.  
Сонымен қатар, бірнеше ауылды қамтитын   (8 ауылды қамтитын «Шиелі – Байкенже – Жаңақорған» жолы, 6 ауылды қамтитын «Қызыл­орда – Айдарлы - Тартоғай», 6 ауылды қамтитын «Жалағаш-Жосалы») жолдарға  байланысты  тұрғындар  ұсынысы  ескеріліп,   жұмыстар  жүрді.  Одан  бөлек,  қала, кент, ауылішілік  50-ден астам жол  сұранысқа  сәйкес  жөндеуден өтті.      
Биылғы газдандыру жұмыстары оның ішінде,  үш ауданды,  Қазалы қала­сын газдандыруға қатысты жұмыс­тарға,  Байқоңырда 6 үй, 6 мектеп, 1 балабақшаның облыстағы 13 әлеуметтік мекеменің  газға  көшуіне   тұрғындар ризашылық біл­діріп, осы бағыттағы, жұмыстарға  зор сеніммен қарауда.    
 Өткен жылы  билік тараптарының   бірлескен шаралары  арқасында   апаттық үйлердегі  465  отбасы  жаңа  үйлерге  көшірілді.    
Тұрғындардың тарапынан  сұра­ныс болған 36 шақырым электр желілері, 162 шақырым су жолы жөндеуден өтті.
Қызылорда облысы тұрғындарын  сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тура­лы мәселе кезекті сессияда қа­ралып, жан-жақты зерделеу жүргізіліп, осыған дейінгі жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттерге сәйкес шешімдер қабылданды. Зерделеу барысында, ауыз суға байланысты  барлық  ауылдық  елді мекендердің 83,2 пайызы немесе ауылдағы халықтың 97 пайызы Арал-Сарбұлақ, Октябрь, Жиделі топтық су жүйесіне қосылып,   ал 3 пайызы  орталықтандырылмаған су көздері   арқылы қамтамасыз етіліп жатқаны анықталды.  Ал  облыстың қалалық елді мекендеріндегі халықтың 98 пайызы орталықтандырылған  ауыз  су  жүйесіне  қосылған.   Сессияда қаланың  бас жоспарына  өзгеріс  енгізуі  есебінен «Сабалақ» саяжайын ауыз сумен 100 пайыз қамтуға  қаржы қаралды, жұмыс жалғасуда, жоспарға сай  биыл  аяқталады.
Елбасы «Жаңа онжылдық  – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2020 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізуді жүктегені белгілі. Бүгінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста 224382 адам тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданып, бұл көрсеткіш тұрғындардың 28,3% -н  құрап отыр.Осы мәселе  облыстық  мәслихаттың  кезекті сессиясында арнайы қаралып,  бұқаралық  спортты  дамытудың  жос­пары нақтыланды.
Қызылорда облыстық мәслиха­ты­ның кезекті 25-сессиясында  Қы­зыл­орда қаласындағы кей кө­шелер  ел дамуына ерекше үлес қосқан Жамал Байхожаев, Құдайберген Сұлтанбаев, Қалжан ахун, Текей батыр, Асан Тайманов, Айтмұрат Шаменов, Бименді Баймаханов   есімдерімен аталды. Сонымен қатар, Арал өңірінің балық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан, аграрлық сектордың үздігі,  балықшы елді мекендеріне мектеп, аурухана, тұрғын үйлер салуда да зор үлесін қосқан қоғам қайраткері Саржанов Құдайбергенге, саналы ғұмырын химия ғылымы саласына арнаған ғалым, 170-ке жуық ғылыми жаңалығы патенттелген, 20-дан аса моно­графиялар мен оқулықтардың авторы Баешов Әбдуәлі Баешұлына,  «Айқын» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері,  қарым­ды қаламгер, публицист  Жүсіп Нұр­төре Байтілесұлына «Қызылорда облы­­­сының құрметті азаматы» атағы берілді.
Депутаттар мен аудан әкімдігінің бір­лескен ұсынысына байланыс­ты Қар­мақшы ауданындағы «Балажарма» каналының жөнделуі 4 елді ме­кеннің аяқ суын шешіп, егін көлемін арттырды. Әлеуметтік  салалардың  потенциалын арттырудағы келелі жұмыстарды, оның ішінде, бірне­ше аудандық аурухананың, Байқоңыр­дағы ОМО филиалының ашылуын, Шиелі ауруханасының құры­лысы, т.б.  білім, денсаулық, спорт,  мәде­ниет ошақтарының салынуын,  жастар бағдарламаларын қаржы­лан­дыруын   бөлек-бөлек  атап  өтуге  болады. Мысалы, өткен жылы 34 әлеуметтік нысанның құрылысы облыстық бюджет есебінен қаржы­лан­дырылды.  Оның ішінде 4 мектеп, 1 лагерь, 7 балабақша, 2 аурухана, 9 спорт, 1 әкімшілік ғимарат, 1 жастар орталығы, 2  қоғамдық тәртіп, 2 клуб, 1 музей, 2 мәдениет үйі, т.б  құрылыс  нысандары бар. Қызылорда облы­сында әлеуметтік  осал  тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік  беретін,  3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленіп, облыстық мәслихат депутаттары тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған топтардың барлығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Бағдарламаның тиімділігін ескерген жұрттың қуанышында шек жоқ. Тіпті қазірдің өзінде тағатсыздана күтіп жүргендер жетерлік.  
Аймақ  жастарына 2013 жылдан бастап облыстық бюджеттен бөлініп келе жатқан облыс әкімінің білім  гранттары   2018 жылы      екі есеге дейін өсіп,   113 млн 295 мың теңге қаралды.  Өздеріңіз  білетіндей,  бұл қолдау негізінен  ауылдық жер­дегі көпбалалы және тұрмысы тө­мен отбасынан шыққан дарынды түлектерге көрсетіледі. Осындай және бұдан да басқа  нәтижелі жұ­мыс­тар негізінде  Сыр халқының тұр­мысы тек статистикалық  емес,  адам табиғатына сәйкес, тарихи және әлеу­меттік тұрғыдан оң бағытқа өзгеруде.  
Депутаттар өз сайлаушылармен мәслихат сайтында жарияланған кестеге сәйкес 150-ден астам кездесу өткізіп, өз есебін берді.  Жұмыс орындарында және «Нұр Отан» партиясының филиалында белгіленген уақытқа сәйкес жеке қабылдау өткізді.  Осы кездесулер мен қабылдауларда  айтылған барлық ұсыныс-пікірлер жыл бойы  сарапталып, жыл сайын облыстық бюджетті қалыптастыру немесе  нақтылау  кезінде   облыстық  мәслихат  арқылы  облыс  әкімдігіне ұсынылады.  Бюджет әкімшілері   ұсыныстарды зерделеп, шешу жолдарын қарастыру үшін жұмыстар жүргізеді.  Келесі кезекте  облыс әкімі депутаттармен кездесу өткізіп,  депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарға  талдау  жасалып, атқарушы билікпен бірлесе отырып алдыңғы кезекте,  жақын кезекте, ұзақ мерзімді ке­зең­­дерде орындалатын іс-шаралар   нақтыланады. Жыл көлемінде депу­таттық  сауалдардың  орындалу барысы арнайы кестеге қойылып, әкімдікте қаралады. Мысалы,  биылғы  2019  жылға   облыстық  мәслихаттың   депутаттары тарапынан  барлығы  109 сауал  келіп түскен болатын. Оның 63 сауалы (58 пайызы) шешімін тауып, оған 9,3 млрд. теңге қаржы бағытталды.  Облыстық  бюджетті  бекіту  барысында 34 сауал  қолдау тауып,  оның қаржысы 7,0 млрд тенгені құрады, ал  облыстық  бюджетті нақ­тылауға ұсыныс барысында тағы 29 сауалды қанағаттандыру  үшін 2,3 млрд тенге қарау жөнінде  облыстық  бюджет  комиссиясында  мақұлданды. Үстіміздегі жылы 7-ші ақпанда өткен кезектен  тыс  сессияның  күн  тәртібінде  қаралды.   Қалған мәселелер уақыт ағымында және алдағы мерзімдегі облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешіледі деп күтілуде.
Облыстық мәслихат депутаттар өз қаражатынан облыс аумағындағы әлеуметтік жағдайы төмен азамат­тарға 29 млн теңгеге қайырымдылық көмек көр­сетті. Олардың кейбірі БАҚ  бет­терінде жарияланып жатса, кейбірі депутаттар өтінішіне сәйкес  жариялана  бермейді.  
Мәслихаттың қоғамдағы рөлі мен депутаттардың атқарып жатқан жұмыстарын түсіндіру мақсатында жылдық медиа-жоспар әзірленіп, об­лыс­тық телеарналарда – 12 депу­тат сұхбат беріп, газеттерде жалпы саны 28 мақала жарияланды. Ха­лыққа қажетті деген мәліметтер Қы­зылорда облыстық мәслихатының сайты мен  әлеуметтік  желілердің  парақ­шасында үнемі жаңартылып келеді.
Өткен жылдың ерекше бір сипаты ретінде кәсіпкерлікті қолдау жылы болғандығын атап өтер едім. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде атқарылып жатқан жұ­мыс­тарды сараптау барысында кәсіпкерлікке деген тұрғындар тарапынан  көзқарастың өзгеруі айрықша байқалды. Яғни қоғамдық  санада өз-өздерін жұмыспен қамту  дұрыс  бағыт ала бастағаны  сезілді. Бизнес пен экономикалық дамудың ықпалындағы бүгінгі әлемді  алға  жылжытатын күш ол – кәсіпкерлік. Кәсіпкерлік рух арқылы адамзат алдындағы туындап жатқан қиындықтарды бағындырудамыз.  Қалыптасқан, үйреншікті  өмір  дағдысы жағдайында тәуекелге барып,  жетістікке ұмтылатын еркін ойлау арқылы көшбасшылықтың  сан қырын көрсете білетіндердің кәсіпкерлік ерік-жігері рухы жо­ғары болады. Бұндай адамдар жаңа қызметтер мен тауарларды на­рыққа  ұсынуға тәуекелшіл болады және бизнесті алға сүйретуші жетекшіге айналады. Ал енді Ұлы Дала заңымен еркіндіктің  бұлағын сусап ішкен қазақы болмыстың шаруашылық ұйымдастырудың өзін­­дік қабілеті жеткілікті. Табиғат­тың қатаң заңымен тайталаса өскен қазақ­тардың    өзгерістерге жылдам бейім­делетінін   дала заңын зерттеуші көптеген ғалымдар жазып кеткен. Мысалы, атақты жазушы Лев Толстойдың мақалаларынан  шаруа­шылық  жүргізудің  қазақы болмысын  түсініп, өз реформаларында қолданған  П.Столыпин  аз уақытта Ресей экономикасын жаңа деңгейге көтерген. Осы жолмен   ауыл шаруашылығын реформалау арқылы Ресейді теңдесі жоқ елге айналдыруға болатынын дәлелдеген. Осындай ұлттық  қабі­лет арқасында,  соңғы бірнеше  ғасырда қазақ даласында болған геосаяси өзгерістер кезінде басқа мәдениеттердің ағысында ақсақ та, тұншығып батқанымыз жоқ.  
Соңғы кезде, кәсіпті дамы­туға   мемлекеттің жасап жатқан мүмкін­діктерін жергілікті тұрғындардың, әсіресе, жаңа буынның  пайдалануға  ынтасы  жақсы. Өткен жылы, шағын және  орта бизнестің субъектілері 1087-ге артып, салық органдарына тіркелді. Егер 2018 жылдың ба­сын­да тіркелген шағын және орта кәсіп­керлік нысандарының жұмыс жасап  тұрғандарының  үлесі 74,9 пайыз болса, жыл қорытындысымен 82,9 пайызға жетті.  Оларда жұмыс жасайтын адамдар саны 85 610-нан 90 001-ге өсті. Бұл жаза салуға оңай сандар. Бұндай көрсеткіштерге  жетуге алдымен оңтайлы қолдау мен көпшілік көзқарас дұрыс болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін Елбасының  «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы  «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін » номинациясын біздің облыс әкіміне тапсыруы көрсетіп берді. Жалқаулық, қарекетсіздік – еріксіз «теңселіп, тамақ аңдуға» алып баратынына Сыр тұрғындарының көзі тағы бір жете бастады.  Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев «кәсіпкерлікті дамыту   әр адамның қолын аузына жет­кізудің   бірден-бір амалы. Осы жол ғана адамдарды  біреуге мұқтаждық болудан сақтап, өз өміріне өзі ие болуға   бастай алады.  Қазір ашқан  кәсібі  бүгінгі өзінің және ертеңгі ұрпағының несібесі», – деп түсіндірумен  келеді.  Осындай бағыттағы шаралардың нәтижесі болар, адамдардың біреудің қолына жәутеңдеп қарап, адами қадір-қасиетті ойлаудан кетіп, біреудің дегеніне көніп, айдағанына жүруге   мәжбүр болудан  құтылудың бір жолын – өз кәсібінен іздей бастауы қуанышты жағдай. Кәсіпкерлікті бастау, оның жолындағы қиындықтармен күресе отырып, өзін-өзі жеңе білуі үшін ар-ұжданға негізделген  рух  керек.  Халық даналығы «өзгені жеңген – жарты батыр, өзін жеңген – нағыз батыр» дейді. Кәсіп ашу, қазақы болмыста мал табу адамнан жанқиярлықты, табандылықты, еңбексүйгіштікті талап етеді. Кәсіп­керлікті  қолдаудың  алғашқы жылы­ның қорытындысы бойынша  басқаға үлгі болар бір топ азаматтарды бір миллион теңге  көлемінде марапаттау болады.   «Аясаң – аяма» деп, өзін, баласын  аяғандықтан жанын   аямаған адамның тұрмысы түзу болатыны анық. Ертеректе,  дін үшін  соғыс  кезінде  ғұлама  сахабадан  қасындағы серігі  «осы біздің істеп жүрген ісімізден абзал не бар екен дүниеде?», – деп сұраған екен. Сонда сахаба: «бала-шағаны  күнбе-күн  асырау  бұл  дін үшін  болған соғыстан абзалырақ», – деп  жауап  беріпті.   Атам қазақ «он екі мүшең сау  болса кедеймін деп айтпа» деп кеткен.
Ғұлама Шәкәрім:
Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп
бір Құдайың.
Ойласын  деп ой берді, көруге көз,
Аяқ берді, тапсын  деп
басқан сайын, – деп айтқан екен. Шынында да, қазақтың «бай болып мұратына жетіпті» деп аяқталатын  ертегісі сияқты бай да дәулетті  болудың басты көзі еңбек ету  мен кәсіп иелену болып шығады.  Өзіміз пайда болған қара жерге қайта  барғанымызша жейтін нанымызды маңдай терімізбен табу қажеттігі  пешенемізге ойып жазылған. Біз жату үшін емес, кері тартар  нәпсіні  жеңе  отырып,  тынымсыз  күрес пен еңбектің  арқасында  бақуатты  өмір  сүреміз, келешегімізге жарқын жол ашамыз. Оны істемесек, ешкімге ренжімеуіміз керек. Облыстық мәслихат   депутаттарының   ұсыны­сы­мен  облыс  әкімінің , «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы,  облыс­тық  кәсіпкерлер палатасының   қолдауымен кәсіпкерлікті  жаппай дамытуды қолдау   үш жылға  ұзартылды. Осы мүмкіндікті пайдалану  бәрімізге  сын.    Отарлық кезеңде  елі де,  жері де жетімнің күйін кешкен қазақ ұлты тәуелсіздіктің  арқасында тақыр даладан ғарышқа көтерілген пассионарлық дүмпу үстіндегі  ұлтпыз.  Ал пассионарлық дүмпу кезінде  жекелеген адамдардың өмірінде  ерекше бір кезеңдер болады,  ол адамның  болашағы соған қарай дамуы мүмкін.  
Қорыта айтқанда, өткен жылға өкпеміз жоқ,  дегенмен, алда атқа­рылар жұмыстар жеткілікті. Ол жұмыстардың жемісті  болуы  бірлікке  сүйенген  тірлігімізге байланыс­ты. Кезегімен бітетін жұмыстарға сабыр сақтап сеніммен қарауымыз қажет. Сабыр – сәулетіміз, сенім – дәулетіміз.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
облыстық  мәслихат
хатшысы.
ҚОҒАМ 09 ақпан 2019 г. 363 0