Байқоңырлық прокурор қыздармен отырыста болғанын растады

Байқоңыр прокуроры Азамат Баянбайұлы түскен видеодан кейін қызметтік тексеріс басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.  
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов басталған тексеріс туралы айтып берді. Оның айтуынша, Азамат Баянбайұлы отырыста отырған жерінде түсірілген видеода өзі екенін растаған.  
"Бұл соның өзі. Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Ол осы отырыста болғанын жоққа шығармайды. Шынында да, оны туған күнге шақырған. Ол сонда барып, құттықтап, 15 минуттан кейін кетіп қалған. Қызметтік тексеріс барысында оқиғаның мән-жайы анықталады және тиісті баға беріледі. Әзірше (прокурор Азамат Баянбайұлы - түсіндірме) жұмыс істеп жатыр", - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
 Осыған дейін әлеуметтік желіде Байқоңырдағы ІІМ өкілдігінің басшысы Бақытжан Құрақбаев және Байқоңыр прокуроры Азамат Баянбайұлы жайылған дастарқан басында қыздармен отырғаны түсірілген видео жарияланған еді. Видеода үстелде бірнеше спирттік ішімдіктің тұрғанын байқауға болады.

ҚОҒАМ 08 сәуір 2019 г. 918 0