ЖЫННЫҢ ҚЫЗЫНА ҒАШЫҚ БОЛҒАН ЖІГІТ


Ол кезде мен бала едім. Осыдан жиырма жылдай бұрын біздің әулеттің басынан үлкен қайғы өтті. Колхоз жұмысын істеп жүріп әкеміз тракторымен   тасып жатқан өзеннен шыға алмай, қайтыс болды.
Әкемізді арулап қара жерге тапсырған соң сол кезде мектептің соңғы сатысында (11-класс) оқып жүрген ағам Садық аяқ астынан сандырақтап сөйлейтін болып кетті. Өз өзімен күбір- күбір тілдесіп, үйдің артындағы алма бақта жүреді де қояды. Кейде біреумен ұрсысып, кейде жылап қалады. Бала болдық па, әйтеуір ағамыздың ол қылығы бізге кино әртістерін елестетін.

Еріксіз күліп, оның айналасынан шықпайтынбыз. Одан соң ағамыз түннің жарымында үйден шығып кететін болды. Жігіт болған соң түнімен көше кезу ауылды жерде жазылмаған заңдылық еді ғой, үйдегілер соған балап үндемеді. Тек анам ғана бірдеңені сезгендей, Садықтың артынан ере шығатын. Бір күні анам жылап отырып атама Садықтың жайын айтты. Оны жын соққан секілді дегенін анық естіп қалдым. Өйткені ағам түнде сыртқа шығып кетеді екен де, моншаның қасындағы тандырдың ішіне кіріп алып біреуді еркелетіп отырады екен. Анам байқап қойыпты. Таңертең ағам тандырдың ішінде ұйықтап жататын. Атам ауылдағы бұқарша білімі бар дейтін Жақан молданы ертіп кеп, ағамды оқыта бастады. Біз оны қызықтап, терезеден үңілеміз. Кейін молда мен атам шай үстінде сөйлесіп отырғанда молда: «жайсыз жерге жатып қалған ғой. Жынның қызы иектеп алыпты. Түнде сол оятып, тандырдың ішіне ертіп әкетеді екен. Жеті күн оқып ажыратып аламын» деді. Қанша күн оқығаны қазір есімде жоқ, молда күнде үйге кеп, атам екеуі ағамды үшкіріп отыратын. Кейіннен ағам әлгі ауруынан құлан таза айығып кетті. Шүкір, қазір ағам үйлі баранды. Үйленген, асықтай төрт ұлы бар. Өзі жеке бизнеспен айналысады. Кейде осы оқиғаны сұрасам, ағам ауыр ойдың құшағына сүңгіп кететін. «Мен ондай әдемі қызды әлі бұл әлемде кездестірген емеспін» дейтін сосын. «Жеңгеміздің сұлулығына жете қоймас енді» деп қалжыңдаймын мен.
Ағам сол бір қасіретті күннің елесі есіне түсіп кеткендей ауыр күрсінетін…

Есболат Мұса

http://kz.el24.kz/          

ҚОҒАМ 10 сәуір 2019 г. 607 0