Қазақтың жаны – қолөнер

Біраздан бері үзілген тінді қайта жалғағандаймыз. Өткен жылдан бастап ауылдарды аралап, оның тыныс-тірші­лі­гімен танысудамыз. Оған себеп – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласы. Өткенді тірілтіп, өш­кенді жандыру бізге парыз. Осы тұрғыда өңірдің бірқатар елді мекенін араладық. Соның бірі – Жосалы кентінен 140 шақырым қашықтықта жатқан Т.Көмекбаев ауылы. 

Түтіні түзу ұшқан ауылда қаза­қылықтың қаймағы бұ­зыл­маған. Олай дейтініміз – мұнда ұлттық дәстүрді сақ­тап, қазақтың қолөнерімен  айна­лы­сатындар  же­терлік. Соның бірі – Шамшырақ Жантуарова. Өзінің айтуынша, ол инені қолына  бес жасынан бастап ұстапты. Бала кезден-ақ ана­сына қолғабыс етіп, тігін­шілікке төселіпті. Бүгінде бес баланың анасы ауылдың сый­лысы, кәсібін дөңгеленткен жан.

– Іс тігуге, тоқымаға өте құ­мар­мын. «Қолөнер – қа­зақ­тың жа­ны» деген рас. Жалпы отба­­сы­мызбен ұлттық өнердің жана­шырымыз, – дейді ол.

Шебер өткен жылдың ая­ғына таман «Бизнес Бастау» бағ­дар­ламасымен 600 мың теңге кө­лемінде қаржылай несиеге қол жеткізіп, оған үш түрлі тігін машинасын сатып алған. Кәсібін осылайша ке­ңей­туді мақсат еткен шебер құжат жинау кезінде көмек берген ауылдық округ мамандарына дән риза. Бұрын ескі машинамен әуреленетін болса, енді қазір су жаңа жабдығы жұмыс са­пасын арттырып, қолайына жарап тұр.

Бір айта кетерлігі, Шам­шырақ Жантуарова ауыл мек­тебінде еден жуушы болып  еңбек етеді. Кәсіп – оған қосымша табыс көзі. Себебі, көпбалалы отбасына қаражат қа­шан да артықтық етпейді.

– Қолөнер кәсіпте – табыс, өмірде – өнеге, отбасында – тәр­бие. Шын сөзім. Қазір кей адам­ның әлеуметтік жағдайы неге тө­мен? Неге жұмыссыз? Өйткені – қолы бос, жұмысты өзінен емес, көктен іздейді. Жұмыс – адамның алақанында. Ақша – маңдай те­ріңде. Ата-анасы қимылдаса, бала да соған қарап қарекет қылады, – дейді шебер.

Түйін:

Шебер қолды Шамшы­рақтың тігін бөлмесі ұлттық киім-кешек пен басқа да бұйымға толы. Оған сұраныс та, тапсырыс та көп екенін айтады көпбалалы ана. Осылайша шебердің қолынан шыққан талай дүние көптің қажетіне жарап тұр.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,

журналист.

ҚОҒАМ 27 сәуір 2019 г. 143 0