Атсейіс

Қазақ халқы қашаннан Қамбар ата ұрпағын қасиетті жануар қатарына қосқан. Тіпті, оны төрт түліктің піріне балап, перзентіндей мәпелеген.

Ақай ауылының тұр­ғыны, жас кезінен мал шар­­уа­шылығына, оның ішін­де жылқы бағу­ға өмірін арнаған, Арал, Қазалы өңі­рі тұрғындары есінде «Мін­әждың Шабдар қас­­қасы» деген атқа ие болған Мін­әжа­диннің баласы Се­йіт те өсе келе ата жолын сабақтастырды.

«Ата жолы – анық  жол» дегендей, бала кезден әке жа­нында жүріп, ат баптаудың қыр-сырын меңгерген Сейіт мектепте оқып жүргенде-ақ, ауданда өткі­зіл­ген мал­шылар слетінде әкесін ай­­маққа даңқты еткен «Шаб­дар қасқа» құнанымен бә­й­геге шауып, жүлде ал­ғаны әлі есінде.

Осыдан кейін-ақ ол ат баптауға құлшына кіріседі. Әрине, оған ағасы Серік көп көмектеседі. Содан бері арада зуылдап жыл­дар өтті. Бүгінде екі ұлдың әкесі атанған, қырықтың ортасына кел­ген Сейіт қора­сында шабысқа да­йын­дап отыр­ған екі құнаны мен «Күрең қас­қаны» баптауға алған. «Күрең қасқа» жуырда Сар­бұлақта өткен 24 ша­қырым­дық аламан бәй­геге қатысқан 15 жүйріктің ішінен бірінші келсе, Пер құнаны жа­қында ауыл тұр­ғындары­ ­ұйым­дас­ты­ра­тын тасаттықтағы бәй­геде ба­ғын сынамақшы.

– Бала жасымнан атқа құмар боп өскендіктен бе, әйтеуір жыл­қы туралы әңгімеге елеңдеп тұрамын. Марқұм әкем бар өмірін жылқы баптауға арнады. Ағам Серік те солай.  Бірақ бүгінде сейістер қатары сирек. Ауылымызда менен басқа Сайлау Жалғасов деген азамат бар. Ол жүйрікті даусынан тани­тын білгір десем, артық айтқандық емес. Расында да, біздің ауданда мына шеті Қазалы, Арал, мына шеті Қызылорда, Шиелі өңірлеріндегідей жылқы баптаушылар көп емес. Десе де, қазалылық Мар­хабат, На­ға­­шыбай, қызылордалық Дәу­лет, шие­лілік Ибадулла есім­­ді ат­­сейіс­­термен ты­ғыз бай­­­ла­ныс­та­мын. Тіп­­ті, олар­мен  тәжі­ри­бе ал­ма­сып та тұрамын. Ауыл­­да атсейістер клубы ұйым­­дастырылса де­ген де арман бар. Талапты жас­­тар жетерлік. Тек оларды осы іске баулу керек. Ел­басымыздың өт­кен жыл­­ғы «Болашаққа бағ­дар: ру­хани жаң­ғыру» атты бағ­дар­ламалық ма­қаласы маған, маған дей­­мін-ау, көптеген қа­зақ аза­мат­тарына үміт ұя­латты. Ықы­лым заман­нан ба­ба­ла­ры­мыз өміріне серік ет­кен дәстүріміздің тағдыры бүгінгі жас­тар­дың қолында. Ал, аға буын өкілдерінің парызы – ұрпақ­тан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аталар дәстүрін жастарға ама­­наттау, – дейді атсейіс Сейіт.

Ақай ауылдық окру­гінің аға ветеринары Қазбек Күншығаров жә­не Сейіт үшеуміз «Кү­рең қасқа» жа­нын­да ат бап­таудың қыр-сырын әң­гі­мелеп тұр­ға­ны­мызда, аулаға  екі жас жігіт кіріп келіп, аман­дық-саулық сұ­рас­қан сейіс жастарды біз­­ге таныс­тырды. Бұлар да жылқы баптап, олардың са­нын көбейтуге жұмыс істеп жүр екен. Сейіт пен олардың әңгі­мелері бірден жарасып кетті.

Сейіттің Дулат есімді ұлы бәйгеге шапса, Дәурені оның жат­тық­тырушысы. Екеуі де мектептен үйге келгенде бі­рінші ат қораға бас сұғады екен. Тұл­парларының хал-жағ­да­йын бі­ліп, оларды бір сипамай үйге кірмейді.

Қолда түйе де, сиыр да бар. Балаларымның кө­ме­­гімен оларды да ба­ғымда ұстаудамыз. Кө­бей­­ту де ойда жүр. Алла қаласа, бұл жоспарды да іске асырмақшымыз. Елба­сы­ның қолдауымен осы са­ла­ны дамыту мақсатында мем­лекеттік бағ­дар­ламалар өмір­шең болуда.

Тіпті, осы жобалар ая­сында көптеген аза­мат­тар кәсіп ашып, нәсібін тауып жатыр, – дейді ол.

 

Нұрбай  ЖАНӘДІЛОВ.

Байқоңыр қаласы.

ҚОҒАМ 03 мамыр 2019 г. 235 0