Индустриялық жобалар – ертеңгі игілік

 Аймақтың басты табыс көзі – мұнай өндіру көлемі жыл өткен сайын кеми түсуде. Әйтсе де экономиканы әртараптандыру бағытында қолға алынған жүйелі жұмыстар нәтижесінде облыстың жалпыөңірлік өнімнің көрсеткіші төмендеп отырған жоқ.

Бүгінде Сыр өңірінде Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 512 млрд теңгеден асатын, іске қосылғанда 5,4 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 25 жоба іске асырылуда. Қазіргі күні оның 7-і іске қосылып,  700-ге жуық жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2018 жылы құрылыс индустриясы саласында  іске қосылғаны 2 өндіріс орны. Оның біріншісі, Жаңақорған ауданындағы қуаттылығы 75 мың тонналық әк зауыты, қазірдің өзінде өнімі облыста ғана емес, республиканың басқа өңірлеріне шығарылуда. Екіншісі, Елбасының қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір кезінде Шиеліде ашылған тампонажды цемент зауыты. Зауыт өнімі мұнай-газ, атом өнеркәсібі саласында да қолданылатын болады.

Жалпы өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуы 5 басым бағыттағы сала бойынша қалыптасатын болады. Бірінші бағыт – тау-кен өнеркәсібінің әрі қарай дамуы. Облысымыз пайдалы қазбаларға бай өңір болып табылады, уран, ванадий, қорғасын, мырыш және т.б табиғи қазбалардың қоры қалыптасқан. Осы қазынаны игеру мақсатында «Шалқия Цинк» ЖШС-ның «Жылдық қуаттылығы 4 млн тоннаға дейін Шалқия қорғасын-мырыш кенішін кеңейту және кен байыту фабрикасының құрылысы» жобасы мен «Балауса процессинг компания» ЖШС-ның «Баласауысқандық» кенішінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасы жүзеге асырылады. Алғашқы жобаның құны – 235 млрд теңге, жаңа жұмыс орны 1 540 болса, екінші жоба құны   35 млрд теңге, 649 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. 

Келесі бағыт – жергілікті пайдалы қазбаларды өңдеу арқылы құрылыс материалдары өндірісі саласын дамыту. Бұл бағытта  жоғарыда аталған екі жоба іске қосылды. Сондай-ақ, «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасы жүзеге асырылу сәтінде болса, алдағы уақытта «Yildizlar SSS Holding» түрік компаниясы керамикалық өнімдер шығаратын зауыт салады. Сонымен қатар, облысымыздың барлық аудандарында құрылыс индустриясының даму қарқыны кең етек жаюда. Құрылысқа қажетті керамикалық кірпіш, қаптама кірпіш, газоблок сияқты түрлі жобалар Индустрияландыру карталарына ұсынылуда. 

Үшінші бағыт бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірімізге тән агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту көзделген. Бұл бағытта «Сыр Агро» ЖШС-ның «1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу», «КазАгроМир» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында көлемі 2,2 гектарлық автоматтандырылған өн­ді­рістік жылыжай құрылысы», «Сенім табиғат» ЖШС-ның көпсалалы ауылшаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы, «BSK Каратау» компаниясының Тұз өндіру, өңдеу және байыту бойынша өндірістік кешені және «Сыр Маржаны» серік­тестігінің ет комбинатын салу жобалары жүзеге асырылады.

Төртінші бағыт бойынша қазіргі таңда, өңірде жалпы көлемі 915,7 гектар құрайтын 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда. Қазір бөлінген жер телімінен 209,83 гектар жер игеріліп, жалпы құны  192,2 млрд теңгені құрайтын 48 жоба орналастырылды. Оның ішінде құны 65,2 млрд тенгелік 16 жоба іске асырылып,  519 жұмыс орны ашылды.

2019 жылдың І тоқсанында іске қосылған жобалар шығарған өнім көлемі 35,4 млн теңгені құрады. Жыл соңына дейін құны 37 млрд теңгені құрайтын 5  жобаны іске асыру жоспарлануда. 

Бесінші бағыт – өңірді дамыту бойынша озық тәжірибелерді зерделеудің, сондай-ақ облыстың инвестициялық әлеуетін таныс­тырудың жақсы мүмкіндігі болып табылатын роуд-шоулар ұйымдастыру болып отыр.

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – инвестициялық жобаларды іске асыруға шетелдік инвестицияларды және трансұлттық компанияларды тарту болып табылады. Өңірімізде өткізілген инвестиция тарту бағытындағы басты іс-шараның бірі – «Жасыл экономика – өңір дамуының жаңа бағыты» тақырыбында ұйымдастырылған Х «Baikonyr Invest» халықаралық инвестициялық форумы болды. Форум жұмысына әлемнің 15 елінің өкілдері, сондай-ақ, 5 елдің өкілетті және төтенше елшілері қатысты. Форумда  «Rino Asia» түрік компаниясымен керамикалық бұйымдар өндірісі жобасын іске асыру бойынша келісімге және 14 меморандумға қол қойылды

Жалпы алғанда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде  соңғы үш жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 2,3 есе, жалпы қосымша құн көлемі 12%-тен астам, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 22,7%-ке ұлғайды. Бірнеше жыл ішінде облыстың жалпы­өңірлік өнім құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 2,5%-тен 3,7%-ке өсті. Облыстан экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдері соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге жетті.

2018-2020 жылдары аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығы» жарияланды. Қабылданған шаралар нәтижесінде  өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-ке артып, рейтинг нәтижесімен біздің облысымыз шағын бизнесті жүргізуге қолайлы үздік аймақ аталып, Елбасы облыс әкіміне «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.

Соңғы 6 жылда 3 млн  шаршы метр шамасында тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығының өзінде 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынды. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, былтыр  тұрғын үй берудің жылдық көлемі 2,6 есеге өсіп, 700 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

2019 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша облыста негізгі капиталға салынған инвестиция 84 млрд теңге құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге өсті. Ал негізгі капиталға бюджеттен тыс 62,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  5,1 есеге өсті. Атап өту қажет, жалпы  негізгі капиталға тартылған инвестиция қарқыны бойынша аймақ республикада бірінші орында.

Әріптестік әлеуеті

Қазіргі экономикалық жағдайда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызы өте зор. Ол мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты нығайтуда жаңа мүмкіндіктерді ашады және  экономиканың барлық саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдануды кеңейтеді. МӘЖ әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жеке кәсіпкерлік нысандарды тартудың тиімді механизмі. Мұндай әріптестік жобаларын іске асыру жергілікті бюджеттің ауыртпалығын төмендетіп, жеке инвестицияларды тартып қана қоймайды, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарта түсетіні уақыт өткен сайын байқалып келеді. Қызылорда алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыруды бастағанын және аймақтың тәжірибесі өте табысты болғанын атап өту қажет.

«Айтары жоқ, бүгінгі күні Қызылорда облысы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша елімізде екінші орында тұр. Жуырда өткен Үкімет отырысында облыстың осы бағыттағы бастамасы жоғары бағаланып, тәжірибені республика бойынша тарату ұсынылды. Бір ғана мысал, облыста 2013 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін балабақшалар саны 2 есеге артып, 71%-ті құрады.

Аймақта мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған 400-дей жекеменшік балабақша жұмыс істейді. 2015 жылы  3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100%  қамтамасыз етіп, елімізде алғашқы болып «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырдық. Осы­лайша,  бюджет қаражатын басқа да әлеуметтік-экономикалық міндет­терді шешуге бағыттау мүмкіндігі арта түсті.

Бүгінгі күні Сыр өңірінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет, көліктік инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік қамсыздандыру, энергетика салаларында жалпы құны 34 млрд теңгені құрайтын 116 жоба жүзеге асырылуда.  Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында – 42, дене шынықтыру және спорт саласында – 27, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында – 20, білім саласында – 8, цифрландыру саласында – 6, мәдениет саласында – 6, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында – 5, қоғамдық тәртіп саласында – 2, әлеуметтік қамсыздандыру және экология салаларында 1 жобадан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар облыс және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылуда.

Олардың ішінде 2018 жылдың соңына дейін 32 жоба бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына қол қойылған болатын. Қабылданған мемлекеттік міндет­теменің құны 10,5 млрд теңге. Оның басым бөлігін денсаулық сақтау саласы құрайды. Бұлардың жүзеге асырылуымен облыс көлемінде 12 дәрігерлік амбулатория, 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және бір ауысымда 400 келушіге арналған емхана  халыққа қызмет көрсетуді бастайды. Сондай-ақ облыс орталығындағы №101 мектептің бу қазандығы қайта жаңғыртылса, Шиелі кентіндегі іске қосылған цемент зауыты ор­наласқан индустриялық аймаққа газ желілері тартылады, сонымен қатар осы аудандағы әлеуметтік нысандар газдандырылады.

Ал биылғы жыл басынан бері тағы да 7 жоба бойынша  мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына қол қойылды. Олардың ішіндегі төрт жоба аясында облыс аумағындағы ондаған білім ошақтарының бу қазандықтары қайта жаңғыртылатын болады. Көптен бері сөз болып жүрген  Қызылорда қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені полигонының құрылысы да осы жобалардың тізімінде. Сол секілді облыстағы мемлекеттік органдарға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, Шиелі ауданындағы индустриялық аймаққа темір жол түседі.

Сыр еліндегі мемлекет пен же­кеменшіктің бизнестегі байланысы атқарушы билік және бизнес қауымдастығы мен қоғам үшін де оң нәтижелерге алып келетін болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

ҚОҒАМ 14 мамыр 2019 г. 281 0