Мен өмірге құштармын

Расында да, кім де болса өмір сүруге құштар. Бұл, ақиқат. Гүлсім әлі жас. Бірақ, біраз жылдан бері арбаға танылған. Ол өзінің қайсарлығымен, еңбексүйгіштігімен  өмірден өз орнын табу мақсатында күресіп келеді. Өзінің дертіне ем бар екеніне сенеді.
Он екі жастағы Гүлсім бүгінде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Ауылдастарына өзінің қолөнерімен танылған әжесінен үйренген ою-өрнек­тер мен бисерден жасаған бұйымдары жуырда елордада «Алтын қолдар» тақырыбында өткен республикалық жас қолөнершілер байқауында үздік теп танылды. Гүлсім Байқоңыр қаласындағы қалалық мәдениет үйі жанынан білікті би маманы Гүлнұр Қайдауылова жетекшілік ететін «Рандеву» би тобында өнер көрсетеді.
Осы топ құрамында жыл басында Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының ұйымдастыруымен ел астанасында өткен «Жетістіктерге бірге» атты  ІІ паралимпиадалық байқауға қатысып, жүлдемен оралды. Жуырда Қызылорда қаласында өткен ХIV халықаралық балалар шығармашылығы «ВІ Жұлдызай» фестивалінің облыс­тық кезеңінде Алғыс хатқа ие болды.
– «Мен «Рандеву» би тобына жетекшім Гүлнұр апа­йымның ұсынысымен келдім. Бүгінде Динара және Айшолпан сынды биші құрбыларыммен бірге  бұл өнердің қыр-сырын меңгеріп жатқан жайым бар. Нәтиже де жаман емес, біршама байқауға қатысып, жүлдегер де атандым. Бүгін біз Атырауға жүргелі тұрмыз. Алла қаласа, бірер күнде құрбыларыммен ол жақта өтетін фестивальға қатысамын. Әрине, менің де өз замандастарым сияқты алдыма қойған мақсатым бар. Тек тезірек аяғыма тұрып, мектептегі сыныптастарым сияқты білім жолына түсу. Сонымен қатар, би саласында биікті бағындырып, өзімнің қолдаушым – әжемнен үйренген қолөнерді жалғас­тыру, – дейді Гүлсім.
Міне, біз де  жол жүруге дайындалып жатқан Гүлсімге алға қойған мақсатының орындалуына тілектес­тік білдіріп қоштастық.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
Қармақшы ауданы.
ҚОҒАМ 10 маусым 2019 г. 127 0