Ереже бұзған жаяу жүргіншілер анықталды

Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тұрғындарды жолда жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру мақсатында облыс аумағы орталығында рейд жүргізілді.
Жаяу жүргіншілердің жолда жүру ережесін сақтау, олардың жолда жүру қауіпсіздігін арттыру бойынша жүргізілген шараға Жергілікті полиция қызметі басқармасы және Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды.
Тәртіп сақшылары облыс орталығында сауда орталықтарының алдындағы аумақтарда жол қозғалысының қарқындылығын ескере отырып, ондағы жаяу жүргіншілер өткелдерін назардан тыс қалдырмады.
Жүргізілген шара барысында жолақтан өтуге ерініп, жолдың арғы бетіне жүгіре жөнелген жаяу жүргіншілер тәртіп сақшыларының назарына ілікті.
Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы екі айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Белгіленген орыннан өтуге ерініп, көліктер арасынан жүгіріп өткен жаяу жүргіншілердің кінәсін дәлелдеген  инспекторлар  оларға түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп жатты.
Рейдтің алғашқы күнінде 71 тәртіп бұзушы анықталды. Бұл жаяу жүргіншілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 615- бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Жыл басынан ереже бұзған  3768 жаяу жүргінші анықталды.
Жолды жөнсіз кесіп өтіп, жол ережесін бұзатын жаяу жүргіншілерді тәртіпке шақыру бойынша рейдтер қала аумағында тұрақты түрде жүргізілуде.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
ҚОҒАМ 09 шілде 2019 г. 108 0