Жалғасбай жырау

 Күні кешеге дейін «Кеш сауат ашқан, таным-білімі төмен халық едік» деп өзімізді өзіміз кемітіп, өзгелерден олқы санап келдік. Түптеп келсек, тарихымызды парақтасақ, ешкімге есе жібермейтін ел екеніміз уақыт өткен сайын дәлелдене бастады. Қазір оған айқын дәлеліміз де, таразы басар салмағымыз да бар.
Ғылым, білімді айтсақ, бір әл Фараби ілімінің өзі көсегемізді көгертер талай асуларға алып шығады. Өнерге салса, күй атасы Қорқыт бабамыздың мұралары сан ғасырдан бері халқымызға рухани нәр болып келеді ғой. Бұл аталғандар – бүкіл қазақ даласының, халқымыздың маңда­йына біткен ырыс-құт. Бір Алланың бағасы қымбат сый-сияпаты. Тек оны бағалай, мәпелей аялап, қадірлей білуіміз керек.
"Сырдың елі – жырдың елі". Осынау мақтаныш тудыратын, ел аузындағы мақал-мәтелге айналған сөз – жоғарыда айтылған Алла сыйлаған киелі қасиеттің жемісі, көрінісі. Енді аздап төмен түсіп, жаңағы қасиеттің бірін тарқата отыра­йық. Әрісі Қорқыт атадан бастасақ, қазақ ел болып, ірге көтергелі Сыр бойы әсем әнімен, салалы дастанымен әмбеге аян. Салалы жыр, термелерді, оқиғалы дастандарды әнмен өрнектеп айтуды, оларды халықтың рухани қазынасына айналдыруды осы аймақтың өнерпаздары дәстүр еткен. Ақын, жыраулар бүгінгідей ақпарат құралдарының жоқ кезінің өзінде өнерлі қауымның шығармаларын өлтірмей, бірінен-бірі жаттап алып, таратып, көптің арасында айтып, насихаттап отыр­ған. Оған өткен ғасырда осы өңірде өмір сүрген халық ақыны Қуаныш Баймағамбетұлының Сыр бойында бұрын-соңды өткен ақын-жыршылар жөніндегі толғау­лары дәлел:
Бұдабай Сыр бойының сүлейі еді,
Ақынның аса күшті дүлейі еді.
Артына өшпейтұғын сөз қалдырған,
Шешеннің шаң жұқтырмас біреуі еді.

Күлдірлеп Күдері өтті Таспаменен,
Айтысқан талай жүйрік қасқаменен.
Айтысып Ұлбикемен жеңіп шыққан,
Тең таппай теңесуге басқаменен.

Кеншімбай кені жырдың өткен Сырда,
Айтысқан Ақсұлудай қызбен бұл да.
Тек қана мен Сыр бойын айтып тұрмын,
Әйтпесе жоқ демеймін ақын қырда.

Жорықбай жойқан жүйрік өтті кеше,
Жырында болдық оның әлденеше.
Алдына жарысқанда адам салмас,
Айтулы ақын еді ол тым өзгеше.

Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең-жырды борап өтті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғұлдан бұлар да өтті.

Топ бастар Тұрмағамбет тұлпар еді,
Самғаған самұрықтай сұңқар еді.
Тарихын мұсылманның жырға қосқан,
Сөзіне бүкіл қазақ іңкәр еді.

Баласы Қадырберген Қаңлы Жүсіп,
Нақыппен айтысты ол бірдей түсіп.
Бәйге алған жүйріктер көп Сыр елінде,
Жанында жүлде бермес сөз жарысып.

Таубайдың Жүсібі өтті төмендегі,
Ерімбет Қарасақал Шөмендегі.
Сарыбай Әзілкеш пен һәм Құлназар,
Шегебай, Бәйім, Сайын өрендері.

Бұлардың артын ала, күні кеше
Лайық оны жауынгер жырау десе.
Жалғасбай жауды жеңген батыр еді,
Тыңдаған жырын халқы әлденеше.
Ендігі әңгіме жауынгер жырау Жал­ғасбай туралы болғандықтан, сөзімізді оның тегі мен өмір жолынан бастағанымыз мақұл болар. Жырау Жалғасбай Тұяқбайұлы 1908 жылы Қармақшы ауданы, "Ақжар" елді мекенінде (бұрынғы Ақбел, Жуантөбе ауылы) дүниеге келген. Әкесі Тұяқбай "байдың тұқымы" деген жаламен 1930 жылдары дү­ние-мүлкі тәркіленіп, 3 жылға сотталады да Ақмешіт түрмесінде қайтыс болады.
Әкесі дүниеден озған соң, қуғыннан жапа шеккен отбасынан күй қашып, әр жерде паналауға мәжбүр болады. Анасы Мәрия мен қарындасы Ажаркүл Өзбекстанға қоныс аударады. Сыртта бір жылдай болып, тағдыр тауқыметін көрген отбасы елге оралған соң арабша, латынша сауаты бар Жалғасбай 1937-1939 жылдары ауыл балаларына сабақ беріп, ел ішінде жыраулық өнермен шұғылданады. Ауылдастары алдында әуелі алуан тақырыпта  домбыраның сүйемелдеуімен жыр-термелер, арасында дәстүрлі әндер шырқап, халықтың ықыласына бөлене бастайды. Аймақтың атақты сөз зергерлері Тұрмағанбет, Кете Жүсіп, Шораяқ­тың Омары, Жиенбайдың Рүстембегі, әсіресе, Үбісұлтан, т.б ақын, жыршыларға еріп ұстаздардың үрдісін жалғастырып, өзінің жыраулық деңгейін кеңейтіп, репертуарын байытады. Ордалы ортаға түсіп, рухани қоры баии түсіп, "Қыз Жібек", "Мұңлық-Зарлық", "Айна мен тарақ", "Шаһнама", т.б салалы, күрделі дастандарды жырлайтын болады.
Жалғасбай – өмірдің тәтті дәмін татпай, тағдырдың тауқыметті қияметін көп көріп, бармағы тістеулі өткен жан. 1941 жылы өз өтінішімен Балтық теңізі жағалауындағы кекілескен ұрыстарға қатысып, еріксіз тоғыз ай тұтқында болады. Содан жау қолынан қапысын тауып, қашып шығып, Балтық бойындағы Филау қаласындағы Қызыл әскерге қосылады. Соғыстан кейінгі екі жыл өмірі де аңдуда, тергеуде өтеді. Оның бәріне сұм соғыстың зобалаңы кінәлі, әрине. 1948 жылы қайта тұтқынға алынып, 1949 жылы жалған жаламен Қостанай облысындағы Жетіқара қаласына жер аударылады. Содан 1955 жылы алаңсыз ақталып, елге оралады.
Елге оралған соң, ауыл тірлігіне белсене араласады. Аудандағы көкемөнерпаздар тобына қосылып, көптің алдында өлеңін оқып, жыр толғайтын. 1967 жылы СССР-дің 50 жылдық тойына Қызылорда қаласында 300 үй тігіліп, он күн тойланды. Өмір қызығына тоймай, өмірі өксумен, өкінішпен өткен Жалғасбай осы тойда жыраулығымен, қараша үйдің әдемілігінен бас жүлде алады. Одан кейін осы жылы қараша айында Энгельс совхозында Қармақшы ауданының 50 жылдығы тойланып, онда да жүлде иеленеді. Көп ұзамай жұбайы Ақбұрыш екеуі де көлік апатынан опат болды.
Міне, осылай Жалғасбай ащысын көрсе де, тұщысын тата алмай, өмірден өксумен өткен өнерлі жан еді. Бұлай есіркеуіміз – оның шабытты шағы  майдан даласында зұлмат жаумен арпалысумен, одан соң жазықсыз жазаның құрбаны болумен өтті. Ең өкініштісі осы еді. Өйткені жазықсыз жаза оның талантын тежеп, қаламын еркін сілтетпеді. Ел қатарлы жыр сайыстарына, ақындар айтысына, қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатыса алмады. Өлең кітаптары  да дер кезінде жарық көрмеді.
Жалғасбай дайын жыр-дастандарды орындаушы ғана емес, өз жанынан өлең шығарған ақындығы да болған жан. Сөзімді дәлелдеу үшін Жалғасбайдың қаламынан туған өлеңдерінен бірер мысал келтірейін:
Қимай-қимай қоштасып,
аттандық ұлы майданға,
Өрімдей кілең өңшең жас,
тиелдік темір вагонға.
Асынып бес қаруын, сағынып
бәрі ауылын
Сап түзеді солдаттар,
      күтіп тұр жаудың дауылын.

Оқ атылды бір кезде зеңбіректер
      зіркілдеп,
Орман іші күңіренді,
           әскери бұйрық діңкілдеп.
Қоштасты сонда солдаттар
  бір-бірімен күңкілдеп
Батысқа бірден бет алдық,
жау шебінен тіл алып,
Шу дегеннен ісіміз, алға басты оңалып... деп қанды майданға кірген сәтін жырлайды. Жалғасбай да майданда жүріп туған жерін, атамекенін сағына, сарыла жырға қосады.
Туған жер, атамекен, амансың ба?
Құтты ғой аталардың батасы да.
Оралсам Жосалының жусанына
"Ботам" деп бауырыңа басасың ба?

Сағындым жал-жал болған белестерін,
Сәт сайын көз алдыма елестедің.
Бір көрсең соғыстағы түрімізді
"Аман жүр, боталарым" демес пе едің...
Өкінішке орай, оның жыр шумақтары, өзінің төл дауысы халыққа жетпей, зерттелмей жатыр. Жалғасбай жыраудың ақындығымен қатар, шығарған бірнеше күйлері болған. Мысалы: "Бұқтым-бұқтым" күйі соғыс кезіндегі бомба, снаряд пен оқтың дауысы, жантүршігерлік дыбыстар өте әсерлі шыққан. "Ақбелдің бес сылқымы", "Шағала", т.б туындылары болған. Сонымен қатар, "ортекені" ойнатып, халық күйлерін шебер орындап, жеткізе білген.
Облыстық телеарнадан Есенгелді Шілдебаев әзірлеген "Ғибратты ғұмыр", "Ұрпағымен мың жасайды", "Жыр жампозы Жалғасбай жырау", "Жырау – жырдың пірі", "Тұлпарлардың тұяғы Жалғасбай жырау" атты фильмдер көрсетілді.
2014 жылы сәуір айының 13 күні тележурналист Бейсен Құранбектің "Айтуға оңай" телехабары "Жыраулық өнер"деген тақырыппен өтіп, оған қатысқан фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов жырау мұрасы жайлы мағыналы әңгіме өрбітті. Сол секілді, Хамит Ембергеновтің "Аза", Тынышбек Дайрабаевтың "Дала перзенттері" кітабында жырау туралы жазылған.
Қармақшы ауданындағы Ақжар Жалғасбай жырау атына көше беріліп, облыстық жыраулар фестивалі өтті. Ал, 2019 жылы мамыр айында А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Жалғасбай жыраудың төл туындысына арналған облыстық жыраулар фестивалі өтіп, өлең, жыр-толғаулары өзіндік мақамымен, әсерлі әуенімен халыққа жетті.
Жоғарыда айтылғандай, Жалғасбай – өнері осы уақытқа дейін еленбей, ескерілмей келген жауынгер жырау. "Ештен кеш жақсы" дегендей, ұрпақтары, ардагерлер кеңесі бас болып, Жалғасбайға арнап кеш өткізді. Онда жауынгер жыраудың майданда, ел ішінде шығарған жыр-термелері орындалды. Енді осы дәстүр жалғасын таба береді деген үміт бар.

Өтеген ЖАППАРХАН,
ардагер-журналист.
ҚОҒАМ 30 шілде 2019 г. 347 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031