Дені сау ұрпақ – ұлт мақтанышы

 Сандарға сүйенсек, дүниежүзі бойынша сусамыр дертіне шалдыққан 366 млн адам болса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 435 млн-ға дейін өсуі мүмкін деген болжам бар. Медицина тілінде «қант диабеті» деп аталатын бұл ауру  соңғы кезде мектеп жасындағы оқушылар арасында да жиі кездесетін болды. Себебі, бүгінде бұл дерттің нақты диагнозын қою қиын. Өйткені, оның алғашқы сатысында көп су ішу, іштің ауыруы, құсу, кіші дәретке көп шығу сияқты белгілер байқалғанымен, оны дәрігерлер жұқпалы ішек ауруларымен шатастырып жатады. Бұл ретте мықты сауатты маман сырқаттың алдын алуға септігін тигізеді.

Осы орайда «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі» мекемесі облыстық денсаулық сақтау басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша бірқатар іс-шаралар жасап келеді. Соның бірі – «Номад Палас» қонақ үйі­нің мәжіліс залында өткен «Созылмалы ауруы бар балалардың өмірі мен денсаулығын жақсартуға бағытталған жексенбілік мектептер мен денсаулық кабинеттері жұмысын ұйымдастыру» тақырыбындағы семинар-тренингі. Оған қала және аудан бойынша жоба үйлестірушілері, бронх демікпесі және қант диабетімен сырқаттанатын балалардың ата-аналарынан құрылған ата-аналар комитетінің белсенділері, емхана медбикелері мен денсаулық кабинеттерінің мамандары қатысты.

Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Дүйсен­баева семинар-тренингтің мақсаты мен міндеттері туралы айтып, әр емханада бекітілген денсаулық кабинеттерінің жұмысын жандандыруға назар аударды. Мұнан кейін облыстық балалар ауруханасының эндокринологы  Гүлнұр Айжарыққызы балалардағы қант диабеті туралы жалпы ақпаратпен таныстырып, сырқаттанған балаға қандай психологиялық көмек көрсету керектігін, науқас балалардың мектепке дейінгі мекемеге және мектепке бару ережесін түсіндіріп өтті.

Семинар соңында ата-аналар атынан сөз алған Людмила Лучникова дәрігерлер мен мамандарға алғысын білдірді.


Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ҚОҒАМ 01 тамыз 2019 г. 181 0