Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алды?

 Көпбалалы аналардың тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін берілетін атаулы әлеуметтік көмектің төлене бастағанына бес айдай уақыт болды. Оған бюджеттен (республикалық бюджеттен 13,5 млрд, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд) 14,8 млрд теңге қаралған.

Шілденің 1-дегі мәлімет бойынша 22170 отбасындағы 114657 адамға 6,4 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Оның ішінде, 18 жасқа дейінгі 72752 балаға (63,5%) 20789 теңгеден кепілдендірілген төлем төленді.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар құрамына талдау жасасақ,  63,5%-і – 18 жасқа дейінгі балалар, 0,9%-і  – зейнеткерлер, 0,6%-і – мүгедектер, 4,5%-і – күндізгі оқу нысанында оқитын студенттер, 14,6%-і – бала күтімімен отырғандар, 13%-і өтініш беру мезетінде жұмысы барлар, 1,1%-і – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 1%-і  – жұмыссыздар, 0,8%-і – мүгедек баланың, І-ІІ топтағы мүгедектердің күтімімен айналысатындар. Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3,3 есеге (34312 адамнан 114657 адамға), оның ішінде, Қызылорда қаласында 3,9, Қармақшыда  3,6, Жаңақорғанда 3,4, Шиеліде 3,2, Жалағашта 3 есеге артып отыр.

Ал еңбекке жарамды жастағылар саны 28030 адамның 12 проценті  (3356 адам) жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыса алады және олармен әлеуметтік келісімшарттар жасалуы қажет. Бүгінде әлеуметтік келісім-шарттардың 31,3 проценті жасалып, 199 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.

Мемлекет басшысының атаулы әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға байланысты берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан құрылған мониторингтік топ өңірде екі рет Арал, Қазалы, Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында болып, төлемдерді ұйымдастыруда практикалық және әдіснамалық көмек көрсетті.

Қабылданған құжаттарды ішінара тексеру барысында шартты ақшалай көмек алушыларда әлеу­меттік келісім-шарттар мен жеке жоспар­дың болмауы, құжаттардың электрондық макетіне қатысты кемшіліктер орын алды. Кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізуге аудандық, қалалық арнайы комиссиялар құрылды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан құрылған 3 мобильдік топ АӘК алушылардың жеке істерін түгендеумен айналысып жатыр. Басқарманың мобильдік топтары шартты ақшалай көмек алушылармен министрлік дайындаған іс-қимылдар алгоритміне сәйкес, облыс бойынша кіріс департаменті нөлдік табыс көрсеткен жеке кәсіпкерлер және кәсіпкерлігін тоқтатқан тұлғалармен жұмыс жүргізуде.

Жұмыспен қамту орталықтары мамандарының біліктілігін арттыру бойынша оқу семинары ұйымдастырылды. Кемшілік анықталған 1173 құжат қайта қаралып,  1045 құжат қалпына келтірілді, 27 құжат бойынша 3,2 млн теңге бюджетке қайтарылды, 4 құжат бойынша төлем тоқтатылды, 101 құжат бойынша қайта тексеру жұмыстары жалғасуда.

«СБ» ақпарат.

ҚОҒАМ 03 тамыз 2019 г. 344 0