Теміржол – тіршіліктің күретамыры

Тамылжыған тамыз айының алғашқы жексенбісі  – теміржолшылардың кәсіби мерекесі. Бұл күнді шойын жолдың шеберлері ерекше ықыласпен қарсы алады. Олар жылдың қай мезгілі болсын, уақытпен санаспай еңбек етеді. Сондықтан еңбек еленіп, жасалған жұмыс құрметтелгені абзал. 

Бір сәтке де дамыл таппайтын күрежолда қызмет етіп жүрген барлық теміржолшыларды ел әлеуе­тін көтерушілер десек жарасады. Жаздың ыстығында маңдайын күнге, қыстың суығында кеудесін қарлы боран мен аязға тосып, көктем мен күздің жауынында тыным көрмей қалтқысыз қызмет етудің арқасында теміржол бойындағы тірлік еш бәсеңдеген емес. Міне, осындай еңбек майталмандары қандай да болсын құрметке лайық.

Мереке қарсаңында Жұлдызбай Мұсаев басқаратын Қызылорда локомотив пайдалану депосына арнайы барған болатынбыз. Ғасырдан астам тарихы бар мекеменің қыз­мет­керлері төл мерекелерін тойлауды бастап кетіпті. Салтанатты шараның ашылуында «ҚТЖ-Жүк Тасымалы» АҚ Қызылорда бөлімшесі» филиалының директоры Амангелді Арысбаев әріптестерін құттықтады.

– Теміржол саласы ел эконо­мика­­сының күретамыры болса, локомотив депосы оның жүрегі деуге болады. Өйткені, шойын жолмен тасымалданатын барлық пойызды тепловоздар тартады. Оларға техникалық қызмет көрсету осы мекеме жұмысшыларының мойнына жүктелген. Қауіпсіздік сақтау жағынан да ешқандай ақауға жол берілген жоқ. Бұл, әрине, өз ең­бек­теріңізге зор жауапкершілікпен қарайтындықтарыңызды білдіреді. Тепловозды жүргізіп, діттеген жеріңізге уақытында жеткізетін депо қызметкерлерінің атқаратын еңбегі ұшан-теңіз. Қызылорда локомотив пайдалану депосының машинистері биылғы жылы жанармайды үнемдеу бойынша бірінші орында. Жалпы депоның жұмыс көрсеткіштері де жоғары деңгейде орындалып, республикадағы үздік мекеменің қатарында келеді, – дейді бөлімше директоры.

Мұнан кейін Қызылорда локомотив пайдалану депосының басшысы Жұлдызбай Мұсаев мекеменің жыл басынан бері атқарған жұмыс көрсеткіштері, алған асулары мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.

– Кәсіби мерекені Қызылорда локомотив пайдалану депосы жоғары дәрежелі өндірістік көрсеткіштермен қарсы алуда. 2019 жылдың І жартыжылдығында пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі сақталып, локомотивтің ор­таша тәуліктік өнімділігі 2647,05 мың тонна шақырымға орындалды. Жүк пойызындағы локомотивтің орташа тәуліктік жүрісі 851,92 шақырымды құраса, оның орташа салмағы 3256,84 тонна. Ал техникалық жылдамдық 52,87 шақырым сағатқа орындалды. Осы жетістіктің барлығы ұжымдағы ауызбіршіліктің, қажырлы еңбектің арқасы деп білемін. Қазіргі таңда ұжымда 1 класты – 21, 2 класты – 87, 3 клас­ты 155 машинист бар. «Құрметті теміржолшы»  төс­белгісімен марапатталған  12 қызметкеріміз бар. Олардың 8-і зейнетте болса, қалған 4-і қызмет жасап жүр. Біліктілік дәрежесін жоғарылатуға 7 теп­ловоз машинисі, 17 қызмет­кер жіберіліп, 20 машинист көмекшісі тепловоз машинисін даярлайтын курста оқып жатыр, – деді депо басшысы.

Бұл салада талай жылдар тағдырын теміржолмен байланыс­тырып, мем­леке­ті­міз­­дің  дамуына  айтарлықтай  үлес қосып жүрген жандар қыз­мет етеді. Теміржолшылардың еңбегі үлкен жауапкершілікпен ұштасып жатыр. Өйткені, теп­ловоз машинистері мен олардың көмекшілері миллиондаған жолаушының өміріне және та­сымалданатын жүктерге жа­уапты. Мұндай жұмысты атқаруға техниканың жарамдылығы, мамандардың кәсіби біліктілігі  және өз ісіне адалдығы қажет. Мерекелік кеште дәл осындай білікті мамандар құрмет төрінен көрінді. Олардың қатарында Қызылорда локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Ізбасқан Сүйінов те бар. Теміржол саласындағы талай жылғы еңбегі ескеріліп, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды.

Ол еңбек жолын 1984 жылы теміржол саласында депоның механизм жинайтын жұмысынан бастап, кейін қазаншы, тепловоз машинисінің көмекшісі, тепловоз машинисі, локомотив бригадаларының нұсқау­шы-машинисі болып жұмыс жасады. 2005 жылдан бері депо басшысының пайдалану жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып келсе, биылғы жылдың сәуірінен тепловоз машинисі болып қызмет жасауда. Еңбек жолында 30 тепловоз машинисін және 10 локомотив бригадасының нұсқаушы-машинисін дайындап шығарды. Оның басшылығының ар­қасында пайдалану цехы он жылдан астам уақыттан бері барлық сапалық және пайдалану көрсеткіштерін орындап, пойыздар және маневр қозғалысында жеті жылдан бері ақау­сыз келеді.

Қазақстан экономикасы­ның өсі­міне теміржолшылардың қос­қан үлесі орасан зор. Себебі жүк тасымалынсыз сау­да-саттық болмайды. Ал барлық жолау­шы және жүк тасымалының ішінде ең үлкен үлес теміржол саласына тиесілі. Ендеше, ел дамуына елеулі үлесін қосып жүрген теміржол қызметкерлерінің еңбегіне жеміс тілейміз.

ҚОҒАМ 03 тамыз 2019 г. 407 0