Қуандықтың ерлігі

 

Отбасымен қыдырып келе жатқан Қуандық көлікті тоқтатып дүкенге бет алған-ды. Алдынан «көмектесіңізші» деген кішкентай бүлдіршін қыздың даусынан, бір сәт тұрып қалды да бар екпінімен жүгіре жөнелді. Ештеңені ойлауға да шамасы келмеді. Айнала қаумалай қалған жұртты қақ жарып, ортаға кіріп барды. Үш-төрт жастағы қыз бала жоғарғы қабаттан құлап түсіп,  ес-түссіз жатыр екен. Ауық-ауық жасанды дем берді. Нәтиже шықпады. Егер сол қыз баланың демі қолында үзіліп кетсе ше... Ондай жағдайда өзін-өзі кешірмес еді.

Айналадағыларды итеріп-итеріп, қуалай бастады. Тіпті үймелеген халықтың тасасында тыныс та тарылайын деген еді. Секундтар сырғыды... Маңдайдан тамған тамшылар тырс-тырс етеді. Иә, алтыншы мәрте... Алтыншы мәрте жасанды дем. Бір сәтте бүлдіршін бір сілкініп, дем ала бастады.

Осы сәт айнала халық уралап жіберді. Бір-бірімен құшақтасып та жатыр. Танымайтын бөгде біреудің қуанышын өз қуанышындай көрген жандардың осындай мейірбандылығына қараған балдырған өмірдің сондай ғажайып екенін түсінгендей еді. Жанарынан нұр төгілген Қуандық алақанымен қыздың шашын қайырып жатып, маңдайынан сүйді. Иә, ол екінші мәрте өмірге әкелді. Бүлдіршін қыздың жаңа өмірге қадам басқанында көрген бірінші адамы да сол – Қуандық еді...

Абыр-сабырда жедел жәрдемге де шақыру кешеуілдеп түсті. Мойнынан үлкен жүк түскендей әсерде болған Қуандық ақ халаттыларға балдырғанды табыстады да, өз жөнімен жүріп кетті.

Мұндай жағдайда не істеу керегін, алғашқы медициналық көмек жасауды көп адам біле бермейді. Әуежайда электрик маман болып істейтін жас жігіт қызметтегі арнайы жаттығулардың пайдасы екенін айтады.

Бейбіт заманда ерлік көрсеткен талай замандасымыз ортамызда жүр. Иә, олар қашан да құрметке лайық. Қуандық Тәңірбергенов те солардың қатарында...

Дәулет ҚЫРДАН.

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 09 тамыз 2019 г. 1 407 0