Жасампаз дәуірдің тұғырлы тірегі

Ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген біртұтас халықтың байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, Ата заңын қабылданғанына биыл 24 жыл толды. Еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам құрып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алған елдің ең басты мерекелерінің бірі – Конституция күні. Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты – сол елдің Ата заңы. Ол қабылданған күнді жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде атап өту Конституцияға деген құрметтен туындаған.
«Қазақстан Республи­касы­ның ең қымбат қазынасы – адам жә­не оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Бұл – Қа­зақстан Республикасы Конс­ти­ту­циясының 1-бабы. Ата Заң­­да мемлекет үшін адам капи­талы­ның қаншалықты маңызды екені нақты әрі анық көрсетілген. Осы арқылы Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің қатарында тұ­руға моральдік құқық алды.
Тарихи шешім қабылдаған сол күннен бері еліміздің құқықтық өмірінде жасампаз жаңа дәуір басталған еді. Содан бері Ата Заң тәуелсіздіктің тірегіне, даму­дың қайнар бастауына айналды. Мемлекет пен қоғамдағы бар­лық саяси-экономикалық, әлеу­меттік реформалардың ілгері басуын жеделдетті. Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарына Конституция негіз  болып келеді. Ата Заңды қабылдаудың маңызы туралы Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында «Тәуелсіздігімізді ал­ғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақыт­пен бірге қадам басып, өткен ұр­пақтың іс-тәжірибесі мен жар­қын болашаққа деген сенімді жи­нақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және де­мократиялық қоғам орнатудың не­гізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» деп жазды.
Ата Заңды қабылдаудың ма­­ңызы туралы Елбасы «Қа­зақ­стан жолы» кітабында «Тәу­ел­­сіз­дігімізді алғаннан кейін біз­­ге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын бола­шаққа деген сенімді жинақтаған Не­гізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қа­зақ­станның Конституциясы ашық және демократиялық қо­ғам ор­натудың негізгі прин­цип­терін баянды етуге тиіс болатын» деп жазды.
Конституция деген сөздің өзі «құрылым» дегенді білдіреді, яғни бүтін бір елдің бір идеяға, бір ту астына бірігіп, мемлекет құруы. Дала демократиясы өркендеген қазақ жерінде Алтын орда дәуірінде Шыңғысханның «Ясасы», Қазақ хандығы тұ­сында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жо­лы», Тәуке ханның «Жеті жар­ғысы» салтанат құрды. Әділет туралы айтқанда ауызға алдымен ілінетін «Қара қылды қақ жару», «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешу», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сияқты мәтелдеріміз «Қасым ханның қасқа жолын­дағы» заң тармақтарынан алын­ған. Қа­сым хан көшпенді халық­тың күн­делікті тұрмыс-тірші­лігіне, салт-санасына, ой-көзқа­расына негізделген тәртіп орнатты.
«Есім ханның ескі жолы» жерге, малға байланысты ереже­лерді, мүліктік қатынас­тарды, ұрлық, кісі өлтіру, қасақана жа­рақат келтірудің жазаларын, әйелдердің қоғамдағы жағ­дайын, әскери міндеттілік, дәс­түрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қарады. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» аты айтып тұрғандай, жеті заңнан құралды. Жер дауы, отбасы-неке, әскери, сот, қыл­мыстық істер, құн, жесір дауы заңдарында осы жағдай­ларға қатысты мәселелер осы жарғымен реттелді.
Кеңес Одағы кезінде Қа­зақстанда 1924 жылы, кейін 1937 және 1978 жылдары Конституция қабылданды. Тәуелсіздік ал­ған соң 1993 жылғы 28 қаңтарда алғашқы Ата Заң өмірге кел­ді. Дегенмен, ол кеңестік демо­к­ра­тия қағидаларына негіз­дел­­гендіктен, кей тұс­тары на­рық­тық қоғамдағы өзгеріс­терге сай болмады. Қазіргі қолда­ныс­­тағы Ата Заң – әлемдегі ең жас, жалпыадамзаттық құнды­лықтарды дәріптейтін ең үз­дік 50 Конституцияның бірі. Бұл жөнінде Елбасы «1995 жыл­ғы Конституция тақыр жерде пай­да болған жоқ. Ол егемен Қа­­зақстанда конституциялық құ­рылыс орнату үшін бұрыннан жи­нақталған тәжірибелерді, сон­­дай-ақ біздің жағдайымызға сәй­кес келетін ең прогресшіл шет­елдік тәжірибелерді барын­ша толық пайдаланған еді. Сон­­дықтан да, кімде-кім елі­міз­дің негізгі заңының рухы мен маңы­зын терең түсін­гісі келсе, оны жасаудың, қалып­тас­тырудың тарихын жақсы білуі керек» деген болатын.
Біздің Конституциямыз бү­кілхалықтық талқылаудан кей­ін қабылданғандығымен де құн­ды. Елдің ең негізгі құжатын көпшілік пікірін ескере отырып қабылдау тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет іске асты. Оны талқылауға 3 миллион­нан астам адам қатысқан. Жұрт­шылықтан түскен 31 мыңнан астам ұсыныстың мыңнан аста­мы Конституция жобасына енгізілген. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конститу­циясын қабылдау жөнінде бүкіл­ха­лық­тық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 проценті қатысты. Олар­дың 89,14 про­центі жаңа Конс­ти­ту­цияның қа­былдануын қолдады.
Соңғы жылдары Конститу­цияға өзгерістер енгізіліп, елі­міздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Мемлекетіміз президенттік-парламенттік бас­­қару тұрпатына көшті. Енді елі­мізде партиялық сайлау жүйесі енгізіліп, Парламент Мә­жілісінің сайлауы жаңа сайлау ережелері бойынша жүзеге асы­рылды. Бас құжатта адам құқықтары мен бостандықтары жоғары баға­ланғандықтан, бұл принцип сала­лық заңнамаларда да көрініс табуда.
Кеңес дәуірінде заң бұзған адамды бұзақы ретінде көру сте­реотипі қалыптасқан еді. Қазір керісінше, кінәсіздік презумпциясы басшылыққа алынады. Өйткені Конституцияда тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары тайға таңба басқандай белгіленген. Мемлекеттің азаматтығын алған адам­ның азаматтық құқық­тарына қоса, тиісті міндеттері де белгіленеді. Конституция бойын­ша біздің елдің азаматы орта білім алуға, заңды түрде белгі­ленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті тө­лемдерді төлеуге, Отан қорғауға міндетті.
Еліміз бен Тәуелсіздіктің тірегі – Конституцияны қатаң ұстану, құрметтеу, қорғау, бар­лық талаптарын сақтау әрбі­рімізге міндет әрі парыз. Бұл жайында Елбасы «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мем­лекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзі­міздің елімізді, өзіміздің та­рихымызды, өзіміздің жетістік­те­рімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүл­тіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәр­тіпке, бейбітшілікке және ты­ныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі бола­шағы туралы айтудың да қажеті жоқ» деп атап көрсеткен.
Тәуелсіз мемлекеттің дамуына даңғыл болған, бетке алған бағдарына жарық түсірген Ата Заң демократиялық, құқықтық мемлекет құру жолында мығым заңдық негіз болып келеді.

Гүлжазира Жалғасова

ҚОҒАМ 31 тамыз 2019 г. 296 0