Қасым ән салғанда...

Қасым ән салғанда, анау бір әңгіме еске түседі. «Дауылпаз деген бір құс бар, даусы жер жарады. Ал жанына барса, күйкентайдай-ақ». Киіктің асығындай шағын денелі, бәкене бойлы Қасымнан бұрын білмеген адам мұндай зор дауысты шынымен күтпес еді. Қасым ән салды дегенше...
Оның өнерге келуінің түп қазығы тым әріде. Мектепте әкесі Тайып ағай (біз бала күнімізден Тай ағай деп атап кеттік) ән сабағын өткізуші еді ғой. Шашын артқа сілке тастап, әуелі иығына біз көтере алмас баян­ды асынып алар еді. Содан соң өзінен басқаға жараспайтын қара мұртын қолмен сипай бастырып, халық әні «Ақбақайды» нәшіне келтіре соза бастайтын.
Ат қайда, Ақбақайдай
шаппай желген,
Қыз қайда, құдашадай
көзі күлген...
Қызды қайдам, мінер ат десе елең ете қалатын бала күніміз. «Құдаша» дегенді мүлде танымайтын шақ. Әуелгі буыны жылқы жайлы басталған соң, «Ә-ә, мынау шаппай желсе, нағыз жорғаның өзі болды ғой» деп іштей өз түйсігіңмен бір қорытып, ағай салған әнге қосыла кететінбіз. Жиырма бес баланың бәрінде дауыс қайда, біреуі шиқылдап, біреуі қиқылдап, әнге жапа-тармағай қосылғанда, бәрібір мұғалімнің қоңыр даусы басып тұратын. Кейде біздің хор ұнамаса, ағай баянын «барқ» еткізіп жауып, арық түйеше шөгеріп тастайтын. Содан соң әннің шығу тарихын қозғар еді. Мұнан бөлек, ән салғанда кеудені қалай ұстау керектігі, үнді қалай шығару, бір дауыста ән салу, т.б. жалықпай түсіндіріп әлек...
Қош, Тайып ағай мектепте әлі де ұстаз. Айтпақшы, баласы Қасымнан бөлек, менің түйдей құрдасым Қоқалақ-Қаһарман да елге белгілі әнші. Талап та таланттан кем емес, кіші ұл Олжас та гитара мен домбыра шертуге шебер. Ауылдастардың қалжыңдайтынындай, «Үріштің ішінде «кәнсербаторія» бар». Айтпақшы, Үріш деген кім десеңіз, осы өнерлі шаңырақтың отанасы, одан бөлек талай жыл бастауыш сыныптарда сабақ берген байырғы ұстазымыз.
Жыл он екі айдың ішінде туған ауылға 2-3 рет барудың сәті түседі. Мұндайда Шархан бастаған барлық құрдас Қасымның әнін тыңдаймыз. Елге қарай бір иығың әуелден бұрып тұрғанда, әншінің туған ауыл жайлы айтқан әніне іштей «аһ» ұратын сәттер көп болатын. Шер тарқайтын. Сағынышты басуға Қасым салған әннің өзі жетерлік.
Жетегіне еріп жалғанның,
Қалаға жедел жетіппіз.
Артынан еріп арманның,
Ауылдан шығып кетіппіз...
Рас қой. Арманы жетектеген әр адам қалада жүр. Жеткені аз. Жетем деп тырбаңдағаны мұнан көп. Әйтеуір, ілдәлаған тірлік. Бірақ, жер-жерді араласаң да, кіндігің сол ауылмен бірге екенін іштей сезесің. Сезесің де сағыныш деген «сары ауруға» тап боларсың. «Әй, осы демалыста тартып кетпесем бе» деп іштей ант-су ішкенмен, қаладағы қобырсыған көп тірлік қолға байлау, аяққа тұсау. Бәрібір, ауылға бару керек қой. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді». Көңілден көшпейтіні де, өшпейтіні де рас еді.
Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта,
Аңқылдайды олар, қарамайды олар
бар-жоққа.
Ауылым жайлы, бауырым жайлы
жыр жазам,
Сүйеніп тұрып анам сүйенген шарбаққа, – деп, соңғы жағына даусын соза түсіп, елге келген жігіттерге Қасым ән айтып тұр. Қолында әкесінің баяны. Құлашын кере тартып, баянның түймелерін ойната тергенде, біздің де делебе қозып, ауық-ауық қосылып қоямыз. Өмірінде ән салмаған сыныптас Ақон да барқыраған дауыспен әннің ырғағына ереді. Кей-кейде ән үзіліп, ауыл сыртындағы бұлақ басында құрдастар қалжыңының тиегі ағытылар еді. Нағыз демалыс еді бұл...
Қасымның өнерге қадамы бала күнінен басталды. Ауыл клубында Қасымсыз концерт өтпейтін. Әлі де солай ғой. Өнерлі жастың көбі қалаға қарай шапқыласа, мектеп бітіріп, жоғары оқуды тәмамдаған соң бірден салып ұрып ауылға оралды. Ән құмар жігіт осылайша өз биігін ауылдан таппаққа талпынды.
– Жұрт ауылдан қалаға қашады. Ал менің туған жерден кеткім жоқ. Өмірім осы ауылға байланған. Той көп болса деп тілейтініміз жасырын емес, қуаныш қой. Қазір баянды асынып, тойдың қақ ортасында жүреміз. Демалыстың болмағаны жақсы, – дейді Қасекең.
Расымен, Бекарыстан би ауылындағы әр отбасында болатын той төрінде төбе көрсетіп жүрген Қасекеңді көресіз. Тіпті, көрші ауылдардан да шақырту түсіп жатады. Музыкалық аспаптың басқа түрлерін өз бетінше үйреніп алған ол ара-тұра шымшыма шумақтармен құрдастардың, дос-жаранның отырысын қыздырады.
– Өнер – үлкен бір әлем. Ол тылсым бойыңа дарыған дарынмен қатар, 99 процент еңбекті қажет етеді. Әкемнен үйренгенімнен бөлек, өзім де қосымша ізденіп келем. Қазір заман дамыған. Есті ән мен есерсоқ әншіні халық бүгінде ажырата алады. Ғаламторды ашып қалсаңыз, әннің неше түрін көресіз. Бірақ соларды қайталамай, елге ұнамды, тәрбиесі бар туындыларды халыққа ұсынған өте жақсы деп ойлаймын, – дейді әнші Қасым.
Айтпақшы, Қасымның әу баста бітірген мамандығы технология пәнінің мұғалімі. Ауыл мектебінде дәріс береді. Ұстаздықпен қатар, ауыл өнерін дамытып жүрген Қасымның талай ән мен жыр-дастан байқауларының бас жүлдегері екенін біз жазып жатпаймыз. Оған ел куә.
Біздің ұлтта «ел іші – өнер кеніші» деген асыл сөз бар. Сыр сүлейлерінің бірі Жәмет жыраудың жырларын жатқа айтып, ауылдан шыққан Күлән Қалымбетова, Балапан Жұбаева, Бектұрған Жібекәлиев сынды әнші һәм сазгер апа-ағаларынан үлгі алған Қасым Балымбетов те қасиет тұнған өлкенің өнерлі ұлы.

Ержан Қожас,
Қазалы ауданы,
Бекарыстан би ауылы.
ҚОҒАМ 31 тамыз 2019 г. 228 0