Сартай батыр әрі би болған

 Қасиетті өңірде есімін қарт тарихымызға алтын әріппен жазып кеткен аруақты бабаларымыз аз емес. Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Жетес би, Бекмырза хан... Осылай жалғасып кете береді.

Осындай халқы қастерлеген аруақты бабаларымыздың бірі – Сартай Байжанұлы. Батыр бабамыз бен жауынгер серіктері жайлы түсірілген «Жаужүрек мың бала» фильмін көрмегендер кемде-кем шығар.

Мақаланы жазу барысында біршама уақыт бұрын қазалылық шежіреші ақсақал, бұл күнде марқұм болған Өмірзақ Ахметовпен тілдескенім есіме оралды. Көкірегі асыл көмбе, шежіреге толы көкеміздің өзі өмірден өткенімен соңында қалдырған асыл сөздер (бүгінгі мақала да кезінде Өмірзақ көкеміз айтқан деректерге сүйеніп жазылғанын атап кету ләзім) көмескі тартқан жоқ. Өмекеңмен сұхбаттасқанда атамыз­дың үйінде ел арасында айтыл­ған шежіре, аңыз, әңгіме сақ­таулы тұрғанын білдім. Сол са­парда шежіреші қариядан Сар­тай батыр жайлы төмендегі де­ректі естідім.

– Нұрмағамбет Қосжанұлы «Сартай батыр» атты дастан жазды. Қомақты дүние. Егер, кемшін тұсы болса сол тұстағы саясаттың салдары кінәлі. Менің әкем Ахмет зерделі, көкірегі ояу адам еді. Сартай батырлығымен қоса әділ би болған. Қашанда елдің мәселесі көтерілсе тартынып қалмапты. Сол тұста он сегізге шыққан балаң жігіт екен. Жас та болса сұңғылалығымен ерекшеленіпті. Үш жүздің дауында іркілмей сөйлеп, небір шешендерді тоқтатыпты. Мінезі қорғасындай салмақты, жаратылысынан зерделі, алғыр болып туған.

Сартайды халық әулие де санаған. Жанқожа батырдың жасағы Райым көтерілісінен жеңіліс табады. Әскері мол, қару-жарағы басым орыс отаршылдарынан атақонысты азат ету жолында әз баба сарбаз жинауға кіріседі. Осы мақсатта «Бәріміз мұсылманбыз, жері­мізді тазалайық» деген сарында хат жазып Бекмырзаны басшы қылып Хиуаға жіберіпті. Олар аман-есен жетіп, ханмен кездеседі. Хиуа ханы әскер беремін дегенмен нақты күнін айтпапты. Сөзін күмілжіңкіреп, шұбалаңқы жеткізіпті. Бекмырзалар елге қайтады. Жол-жөнекей оңашалау жердегі үйді көріп, хабарлас қылыпты. Бұл Бабажанның баласы Майқара бектің үйі екен. «Ежелгі дұшпан ел болмас». Әкесі залым Бабажан Сыр батырларының қолынан өлгені белгілі. Майқара сырын-жымын білдірмей, жыл­маң қағып қарсы алады. Қазақтар сусын ішіп жатқанда Майқара сыбысын сездірмей сыртқа шығып, төрт аттың терлігіне у жағады. Бесіншісіне шала-пұла жағып үлгереді. Бұл Бекмырзаның аты екен. Көп ұзамай у термен денеге жайылады. Арыстай төрт азамат табан астында қаза табады. Бекмырза қатты сырқаттанып елге жетеді. Әз бабаға болған жағдайды айтады.

– Апырмай, қиын болды-ау. Сен Сартай би, Қосым қожа, Дәулет бақсының қабіріне түне. Хабарын берер, – депті Жанқожа батыр.

Бекмырза аруақтарға зиярат қылыпты. Түсіне ат жақты, бидай өңді, келбетті адам еніпті. Күңіренген дауыспен «Оу қо­жалар, бақсылар. Бастарыңды көтеріңдер. Бекмырза жәрдем сұрап тұр. Мәнісін түсіндіріңдер. Көмек жасаңдар» деп дауыстапты. Дегенмен ешқандай белгі байқалмапты. Бұл Сартай екен. Бекмырза шошып ояныпты. Елге оралып, Жанқожа бабаға көрген түсін жеткізіпті.

Сонда Жәкем:

– Әттең-ай, қамын жасаған жөн болар, – десе керек.

Ұзамай Бекмырза дүниеден озыпты. Сартай батыр о дүниеге аттанар алдына ағайындарына «Мені Қосым қожа мен Дәулет бақсының жанына қойыңдар» депті. Өсиеті бұлжымай жүзеге асты. Міне, Сартайдың әулиелік қасиетіне бір дәлел осы» деген Өмекең терең ойға шомған еді.

Ал мына оқиғаны Сағынған қажы Жақыптан естіген едім. Оның бесінші атасы Пірімжар Сартай батырмен дос болыпты. Пірімжардың өзі оқымысты, ғұлама адам екен.

– Сартайдың үлкейген шағы. Бірде би Пірімжарға хабар жіберіпті. «Біз қартайып келеміз. Қосым бабаға түнеп, мәңгілік мекен сұрайық. Мені Діңнің басында күт» десе керек. Уәделі мерзімде Сартай да жетіпті. Екеуі сапарға шығыпты. Жолда Жанқожаның әкесі Нұрмұхамедтің үйіне соғады. Батырға сапарының мәнісін айтыпты. Жайланып болып, жүргелі жатқанда жас Жанқожа «мен де барайын» деп өтініш білдірген екен. Әкесінен рұқсат алып үшеуі бірге аттанады. Қосым қожаның қабірінің басына түнепті. Бәрі де аруақты жандар. Түнде Сартайдың түсіне енген Қосым баба «Сенің орның сақтаулы. Десе де, қиын кезеңде үзілесің. Жете алсаң жарар еді» депті. Би «Сүйегім жетсе қабылдайсың ба?» деп сауал қояды. Сонда Қосым баба «Әрине, мекенің дайын» десе керек. Пірімжардың түсіне кірген қожа «Сенің орның мұнда емес. Мекенің өзің Сартайды күткен жерде. Сол төбені белгілеп, қазық қақ» дегенге ұқсайды. Ал, Жанқожа батырға «Сен әлі жассың. Елге қажетсің. Алайда түптің түбінде көрші болармыз» депті. Берілген аян орындалыпты.

Сартай би жолға шығар алдында түйесі боталаған екен. Бота атанға толған кезде Сартай дүниеден озыпты. Күн қатты ыстық екен. Батырдың сүйегін өгіздің терісіне орап тігіп, сол атанмен жеткізіпті. Қосымның қасына жерленіпті. Пірімжар болса Қосымның зиратынан оралған соң немересі Бекмембетпен бірге Діңнің төбесіне көтеріліпті. Өзіне аян болған Сартайды күткен жеріне қазық қағыпты. Уақыт өте Пірімжар да қайтыс болады. Белгіленген жерді ашса астында қақпақ тас жатыр. Тасты аударған қабыршылар қазулы тұрған лақатты көреді. Дайын қабірге жерлеп, қақпақ тасты қайтадан жауып қойыпты. Жанқожа бабаның зираты Қызылқұмда жатыр. Қосым баба, Дәулет бақсы бәрі де көршілес аймақтан мәңгілік мекен тапты. Қалайша таңданбассың? – деп Сағынған қажы тебіренген еді.

Иә, қазақ даласының әрбір сүйемі киелі екені даусыз.


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
ҚОҒАМ 03 қыркүйек 2019 г. 300 0