Келелі кездесу

Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесін талқылауға арналған басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жүргізіліп келе жатқан шараларды баяндады. Осы жиында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Арал, Қазалы ауданаралық басқармасының басшысы болып тағайындалған Ерболат Әліпбаевты  таныстырды.
Қазіргі таңда әлемнің барлық елдерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оны болдырмау жолдарын қарастыру мәселесі өзекті болып тұр. Бұл ретте жемқорлықтың ахуалын анықтау мақсатында «Transparensy International» үкіметтік емес халықаралық ұйымының биылғы есебі маңызды болмақ.
«Transparency International» – бүкіл әлем бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрестің және жемқорлық деңгейін зерттейтін үкіметтік емес халықаралық ұйым. Бұл халықаралық қозғалыс Бүкіләлемдік банктің бұрынғы директоры Петер Айгеннің бастамасымен 1993 жылы Берлинде басталған. Қазіргі уақытта әлемдегі 100-ге жуық елде ұйымның бөлімшелері жұмыс істейді.
Басқосуда аудан әкімі ап­паратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бө­лі­мі­нің басшысы Байнұр Ізма­ғамбетов баяндама жасады. Белгілі болғандай жемқорлықпен күрес бағытындағы шаралар жоспарға сай өз деңгейінде өткізілуде. Аудан бойынша сыбайлас жемқорлыққа апаратын жағымсыз факторларды болдырмау және жою мақсатындағы шаралардың жол картасы әзірленген. Бұл бағыттағы жұмыстардың білім саласындағы ахуалына аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова кеңінен тоқталды. Мектеп оқушыларының қоғам дертіне қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру бағытында түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Ерекше айта кетер жайт, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауданның 44 орта мектебінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Қазіргі таңда ауданда 2400 клуб мүшесі бар. «Адал ұрпақ» еріктілер клубтары оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде, олардың бо­йында жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптас­тыруда маңызды рөл атқаруда. Жиын барысында денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстар жайы да  сөз болды.
Кездесуде  ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Арал, Қазалы аудан­аралық басқармасының басшысы Е.Әліпбаев ауданда қолға алынған шараларға оң бағасын берді.

Арал ауданы.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
ҚОҒАМ 29 қыркүйек 2019 г. 292 0