Бақылау пәрмені сапаны төмендетпейді

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді» деп атап айтқан болатын. Тұрғындар саулығын сақтауда ең алдымен олардың қауіпсіздігіне назар аударудың маңызы зор.

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мен Фармация комитеті бірігіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті болып  қайта құрылды. Аталған қаулыға сәйкес,  жаңа комитет қоғамдық денсаулық сақтау, халықтың санитарлық-эпиде­миоло­гиялық саламаттылығы, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын қада­ға­лайды. Техникалық регламенттер мен  нормативтік құжаттарда белгіленген, сондай-ақ, тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы талаптардың сақталуын бақылау және қадағалау, құзыретінің шегінде облыс аумағында реттеуші функцияларын жүзеге асырады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа ведомство медициналық қызметтердің сапасын қа­дағалайды, дәрілік заттардың айналымы мен елдегі санитарлық-эпиде­миологиялық жағдайды бақылайды.

Қайта құрылған комитеттің аумақтық құрылымы – облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде бүгінгі күні 8 аумақтық басқарма, 19 бөлім бар. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар, білікті санитарлық дәрігерлер, эпидемиолог дәрігерлер мен гигиенист мамандар, фармацевттер абыройлы қызмет атқаруда. Департаменттің биылғы сегіз айдың бедерінде атқарған жұмыстарын саралаған едік.


Санитарлық саламаттылық маңызы


 Жоғарыда атап өткеніміздей, депар­таменттің негізгі қызметтік ба­ғыт­тарының бірі – халықтың сани­тарлық-эпидемиологиялық сала­мат­тылығын қамтамасыз ету.

Облыста аса қауіпті инфекциялар және туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Тұрғындар арасында аса қауіпті жұқ­палы оба, тырысқақ, күйдіргі, құ­тырма аурулары тіркелген жоқ. Алайда, есепті мерзімде Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасының  ауру­­шаң­дылығы күрт өскендігі байқа­­лады. Мәселен, былтыр  осы мер­­зімде зертханалық жолмен нақты­ланған 3 жағдай тіркелсе, биыл  8 жағдай тіркелді. Өкінішке орай, біреуі өлім­мен аяқталды. Ауру ошақтарында тиісті індетке қарсы іс-шаралар ке­шені атқарылып, барлық ошақтар эпи­­де­миологиялық асқынуларсыз жабылды.

– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуда жылда көктемгі-күзгі мезгілде қолайсыз елді ме­кен­дердегі мал қораларда, мал басына, буферлік аймақ­тарда және елді мекен айна­ласындағы санитарлық-қорғаныш белдеуде кенеге қарсы дезинсекция жұ­мыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарға облыстық бюд­жеттен қомақты қаржы бөлінеді (2018 ж. – 202,052  млн тг, 2019 ж. – 214,501 млн. тг). Бүгінгі күні Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында күзгі науқан жүргізілуде. КҚГҚ бойынша қолайсыз елді мекен саны – 123. Сонымен қатар, КҚГҚ эпидемиологиялық маусымында (наурыз-қазан айлары) барлық медицина қызметкерлері тұрғындар арасында санитарлық-ағарту жұмыс­тарын жүр­гізуде, – деді департамент басшысы Ғалия Бәйменова.  

Биыл сарып ауруының аурушаңдық көрсеткіші былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда бір деңгейде (2018 ж. – 56 жағдай, 2019 ж. – 60 жағдай). Дегенмен, соңғы 2 жылда сарыптың өсу тенденциясы байқалуда. Өйткені, Қазалы және Жаңақорған аудандарында эпизоотиялық ахуал тұрақсыз. Негізгі ауру көзі – уақ мал деп анықталуда. Ветеринария қызметі кешенді іс-шаралар жүргізуде.

Туберкулез аурушаңдығы өткен жылмен салыстырғанда 3,2%-ке төмендеген (2018 ж. – 342 жағдай; 2019 ж. – 331 жағдай). Биылғы 8 айда жалпы жұқпалы аурулардың эпидах­уалы қанағаттанарлық деп бағалануда.

Облыс көлемінде есеп беріп отырған уақыт аралығында жұқпалы аурудың 8 түрі  (құрөзек, сіріспе, көкжөтел, полиомиелит, іш сүзегі, туа біткен қызамық ауруы, қызамық, гемофильді инфекция)  тіркелмесе, 20  түрлі жұқпалы аурудың  деңгейі  өткен жылмен салыстырғанда төмендеген.

Қызылша ауруының эпидахуа­лының тұрақсыздануы жыл басынан бері орын  алып келеді. Зертханалық жолмен нақтыланған 419 жағдай тіркелді. Ауруға шалдыққандардың  78 проценті 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде болса,  оның ішінде басым көпшілігі 1 жасқа дейінгілер (56%).  Ауруға шалдыққандардың  83 проценті –  егілмегендер. Осыған орай жос­парлы иммундау шараларының орын­далуы  оптималдық деңгей аясында жүргізілді. Нақты айтқанда, биылғы 8 айда қызылша, қызамық, эпидпаротит,  ауруларына қарсы жалпы 12540 бала егілген, оның 11710-ы жа­сына сәйкес қамтылғандар. 1 жас­тағы мақсатты топтағы балаға шақ­қанда егумен  қамту көрсеткіші  66 процентті құрады (оптималдық дең­гей 63,3-66,6 процент).  

Облыс көлемінде  жұқпалы жедел ішек аурулары бойынша эпиде­мио­логиялық жағдай тұрақ­ты. Жұқпалы жедел ішек ауру­ларының 458 жағдайы тіркелді.  Аурушаңдық көрсеткіш 58,9-ды  құрап, өткен жылдың  осы мерзімімен салыстырғанда 3 процентке төмендеген.

Облыстық тауарлар мен көрсе­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаменті денсау­лық сақтау және білім басқар­малары «Жұқпалы жіті ішек инфек­цияларының, тағамнан уланудың  алдын алу бойынша екі айлық жариялау туралы» бірлескен бұйрық негізінде көп тірлік атқарды. Биылғы маусым-шілде аралығында  тұрғындар арасында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ма­ман­­дарының қатысуымен халық көп жиналатын орындарда кең көлемді жұмыстар атқарылды.

Аймақта ауыз су сапасының былтырмен салыстырғанда микробио­логиялық,  санитариялық-химиялық көрсеткіші жағынан жақсарғаны байқалды.

Облыс көлемінде өнім қауіп­сіздігін мониторингілеу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық сараптамаға барлығы 2824 өнім сатып алынған, оның ішінде  отандық өнім – 744 (26% құраса), Еуразиялық экономикалық одаққа мүше  елдерде өндірілген өнімдер – 1690 (60%), өзге  елдерде өндірілген өнімдер – 390-ды (14%) құрады.  Жүргізілген зертханалық сараптамалар нәтижесінде сатып алынған барлық өнімдердің 349 үлгісі  (микро­биологиялық көрсеткіш бойынша – 106, физикалық-химиялық көрсеткіш бойынша – 89, таңбалануы бойынша – 152) техникалық регламенттердің талаптарына сай келмеген, оның ішінде отандық  өнім – 117, Еуразиялық  экономикалық одаққа мүше  елдерде өндірілген өнім – 192, өзге елдерде өндірілген өнім  – 40. Мониторинг шеңберінде алынған өнімдердің басым үлесі – тағам өнімі - 2167 сынама, яғни  77% -ті құрайды. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша анықталған сәйкессіздіктер негізінде  18 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, жауапты тұл­ғаларға 14 әкімшілік шара көрілді.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметінің қадағалауында 1418 балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру нысаны бар. Облыстағы білім беру ұйымдарының материалдық-техни­калық базасын жақсарту, бейім­делген ғимараттағы оқу-тәрбие ұйымдарын санитарлық қағидалар талаптарына сәйкестендірудің маңызы бар. ҰБТ науқаны бойынша, балаларды сауықтыру ұйымдарының жаз маусымына дайындығы, жалпы білім беретін мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз етуді жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыстық білім бас­қар­масымен бірлесе білім беру ұйымдарын санитарлық қағидалар талаптарына сәйкестендіру жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бойынша бақылау жүргізілуде.

Балаларды сауықтыру ұйым­дарының материалдық-техникалық базасын жақсартуда Қармақшы ауданында жыл он екі ай жұмыс істейтін 150 орындық лагерь салынуда. Қызылорда қаласындағы  «ПҚҚР» АҚ-ның  «Арай-Санрайз» балалар демалыс лагері күрделі жөндеуден өтті. Жаңақорған ауданын­дағы «Тау самалы» лагеріне 12 орындық құрастырылмалы монша орнатылды және  стритболл алаңы жасақталып, лагерь асханасы қо­сымша электрлі мармитпен жабдықталған.

Облыстағы 6 лагерь (Арал ауданындағы «Қамбаш олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы», Сырдария ауданындағы «Жалын», Жалағаш ауданындағы «Ақтерек», Шиелі ауданындағы «Сыр ұланы», Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» және «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы») жыл бойы  жұмыс жасайды. Барлық аудан, Қызылорда қаласы әкімдеріне балаларды сауықтыру ұйымдарының сапалы дайындығы мен материалдық-техникалық жағдайын жақсарту туралы 22 ұсыныс хат жолданды.

Жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, мектептердегі тығыздық мәселесін шешу мақсатында респуб­ликалық, жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы (Жалағаш ауданындағы №34, Жаңақорған ауданындағы №169 және Қызылорда қаласындағы 600 орындық жаңа мектеп) салынуда. Тағы 3 (№198, 231, 261) мектепке жапсарлас ғимарат қосы­луда. Арал ауданындағы №231 мек­тептің  қосымша құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­берінде республикалық, жер­гілікті бюджет есебінен  4 білім нысанына (Жосалы кентіндегі №27, 30 орта мектепке, «Қармақшы аграрлық-техникалық колледжге» және Жала­ғаш кентіндегі №201 орта мектепке) күрделі жөндеу  жүргізілді. Жалпы білім беретін мектептердің өндірістік бақылаумен қамтылу жағдайы біршама   жақсаруда. Өндірістік бақы­лаумен Арал, Қармақшы, Сырдария, Шиелі ауданы 100% , Жалағашта 80%, Жаңақорғанда 71,4%, Қызылорда қаласында 48%, ең төмен көрсеткіш Қазалы ауданында  10% қамтылған.


Дәрі-дәрмек саудасы бақылауда


Фармацевтикалық бағыт бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, есепті кезеңде 58 тексеру жүргізілді, оның ішінде 36-сы жоспардан тыс тексеру.  Биылғы жоспарға сәйкес 12 про­филактикалық бақылау, 11 лицензияға дейінгі бақылау жүргізілген.

Тексеру нәтижелері бойынша 36 анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Полиция департаменті органдарының өтініштеріне сәйкес дәрілік заттарды бөлшек саудада сату ережесінің 13 заңбұзушылығы анықталды.

Медициналық техниканы пайдалану мониторингі

Биылғы 1 қыркүйегі жағдай бойынша облыстың медициналық ұйымдарында республикалық бюджет қаражатына 2000 АЕК-тен асатын бағаға сатып алынған, пайдаланылмай тұрған медициналық техникалардың жалпы сомасы 640 491,41 мың теңгені құраған.

 Атап айтқанда, көп бейінді облыстық ауруханасында жұмыс істе­мей тұрған томографиялық аппаратын тексеру барысында медициналық техника компрессорының мұздату жүйесі-чиллердің бұзылғандығы, сұйық гелийдің деңгейі нөл процент екендігі анықталған. Сонымен қатар, 2017 жылдың ақпан айында медициналық техниканың бөліктері өртенген. Қазіргі уақытта МРТ ажыратылған режимде (жылы магнит), бөлшектелген күйде және сұйық гелий деңгейі 0 % құрайды. Мекеменің теңгерімінен шығару жоспарлануда.

 Жалағаш аудандық ауруханасында жеткізу кезінде жиынтығының толық болмауына байланысты жұмыс істемей тұрған медициналық техникалар бойынша басқа мекемелерге өткізу жөнінде ұсыныс берілген. Қосалқы бөлшектерін алу мақсатында қаржы қарастырылуда. Атап айтқанда, наркозды ингаляциялау аппараты, биохимиялық анализаторлар, иммуноферментті анализатор, УДЗ аппараты,  АД мониторингтеу құрылғысы және видеоцистоскоп.

Облыстық тері-венерология дис­пан­сері баламалы жаңа аппарат сатып алынғандықтан пайдаланылмай тұрған гематологиялық анализаторды басқа мекеме теңгеріміне беру ұсынылды.

 Шиелі ауданаралық ауруханасында  рентген флюорографияға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, мекемеде жүктеменің жоқ болуына байланысты  қолданусыз тұрған құрылғылар да анықталған.

 Сырдария аудандық ауруханасында оқытылған маман болмағандықтан швейцариялық «Аппарат для ударно-волновой терапии» құрылғысы қолданусыз тұрғаны анықталды. Қазіргі таңда маман оқыту үшін қаржы қарастырылуда.

Облыстық балалар ауруханасын­да да кореялық «Аппарат для мойки и дезинфекции эндоскопов Coolendo» құрылғысы Карл Щторс ком­паниясының видеогастроскоп бөл­шек­терін жууға сәйкес келмеуіне байланысты қолданусыз тұр. Қазіргі таңда медициналық техниканы қайта іске қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.


Қадағалау қапы қалдырмайды


Есепті мерзімде «Фармацевти­калық білімі бар мамандарға біліктілік санатын беру туралы куәлік беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметін көрсетуге 7 өтініш келіп түсті, 4-не куәлік берілді, 3-нің мәліметтері толық емес, толтырылуында сәйкессіздік болуына байланысты бас тартылған. Сонымен бірге тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы әкелуге (әкетуге) келісім және (немесе) қорытынды (рұқсат беру құжатын) беруге мемлекеттік 1 өтініш келген. Өтініште қате болғандықтан өтініш қанағаттандырылмаған.

Ал «Фармацевтикалық қызмет­ке лицензия беру» бойынша 16 өтініш түскен. Оның 14-і қанағат­тандырылған. Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензия алуға 11 өтініш түсіп, оның 6-на берілген.

Қазіргі таңда облыста GDP сертификаты бар 6 дәріханалық қойма (14%) және GРP сертификаты бар 22 дәріхана (9%) жұмыс жасауда. Департамент тұрақты түрде GхP ендіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуде. Биылғы 24-26 сәуір ара­лы­ғында «Агри-5» ЖШС өтінімі не­гі­зінде дәріхана қоймасының тиіс­ті дистрибьюторлық тәжірибе стан­дар­тының (GDP) талаптарына сәйкестігіне инспекциялау жүргізілді.

– Бизнес құрылымдарын тіркеу процедураларын оңайлату және басқа да құқықтық шаралар қатарын ұлғайту мақсаты бар. Қоғамдық денсаулық сақтау, халықтың санитарлық-эпи­де­­­миологиялық саламаттылығы, меди­циналық көрсетілетін қызмет­тер­дің сапасы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, техникалық регламенттер мен  нор­мативтік құжаттарда белгіленген, сондай-ақ тамақ өнімінің қауіпсіздігі салаларына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функциялары Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес жүргізіледі. Кодекске сәйкес  тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексеру басталғанға дейiн кемiнде отыз күн бұрын тексерiлетiн субъектiге жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi болып белгіленді. Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне қа­тысты (қайта ұйымдастыру тәрті­бі­мен құрылған заңды тұлғалар мен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғалардың құқықтық мирас­қор­ларынан басқа) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш жыл бойы тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі қолданылады. Ішінара тексерулер жүр­гізуге тыйым салынады деп айқын­далған. Осы аталған талаптар сақ­талған кезде ғана тексеру заңды болып есептеледі, – деді департамент басшысы.

Халықтың санитарлық-эпиде­мио­­логиялық саламаттылығы саласы бойынша биылғы 8 ай көлемінде ерекше тәртіп негізінде 1026 тексеру, жоспардан тыс 704 тексеру жүргізілген.

Айнұр БАТТАЛОВА.

ҚОҒАМ 01 қазан 2019 г. 232 0