Сыр бойында бір әулеттен 17 адам ғұмырын мұғалім болуға арнаған

Ұстаздар мерекесінің сырбойылық Әбдіқожаевтар отбасы үшін маңызы ерек. Себебі бұл әулеттен тараған 17 жан ғұмырын ағартушылық жолына арнапты, "https://24.kz".  Ұрпақ тәрбиесін өмірлік ізгі мамандығы ретінде таныған мұғалімдер династиясының жалпы еңбек өтілі 221 жыл.
«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың һас жауы». Сондықтан «білім тұңғиығына терең сүңгу үшін баланың бойына алдымен қажырлық, ізгілік пен адамгершілік ұялату қажет екендігін әсте естен шығармаған жөн» деп санайды 24 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Меруерт Әбдіқожаева. Шиелі ауданындағы іргелі мектептің мұғалімі осымен 5-сыныбын орта буынға қосқалы отыр. Педагог-сарапшы категориялы маман соңғы уақытта ұстаз мәртебесін көтеруге жіті мән беріліп жатқаны білім саласына оң өзгеріс әкелетіндігін айтады.
Меруерт Әбдіқожаева, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицей мұғалімі:
- Мұғалімнің артық жауапкершіліктен босатылатындығы, ұстаз мәртебесіне баса назар аударылатындығы айтылды. Әрбір жылымда әрбір шәкірттерімнің жүрегінен орын ала білдім деп ойлаймын. Әрбір оқушыны 1-сыныпта мектеп табалдырығынан қарсы алып, 4-сыныпта қанаттандырып, орта буынға жеткізгеннің өзі үлкен мәртебе, қуаныш. Ұстаз өзі жаратылысынан әр естіген нәрсесін ұмытпайтын, көрген-білгенін жүрегіне түйе білетін алғыр да аңғарымпаз ақыл-ой иесі болып табылады.
15 жылдың көлемінде балғындарды білім нәрімен сусындатып жүрген Эльмира Әбдіқожаева жаңартылған білім мазмұны - заман талабы деп санайды. Оқушы тек күнделікті берілетін тапсырмаларды орындаушы ғана емес, сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдауға машықтанған тұлға ретінде қалыптасқаны жөн. Жаңа жүйе мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына да оң ықпал етеді.
Эльмира Әбдіқожаева, М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінің мұғалімі:
- Маған жаңартылған бағдарламадан кейін 12% қосылып, өте жақсы жақтарын байқадым. Баламен тығыз қарым-қатынас жасауға қолайлы. Екіншіден, ата-анамен қарым-қатынас жасауға жақсы. Балалармен топтық, жұптық жұмыс арқылы барлық балалар қамтуға мүмкіндік көрсетіледі.
Ұстаздан шәкірт озар. Тәлім берген оқушың мерейіңді асырса, мұғалімге одан артық шаттық жоқ. Ағарту саласындағы 12 жылында Райхан Әбдіқожаева ондаған өренді түрлі байқау, олимпиадаларға апарды, барлығы үмітті ақтады.
Райхан Әбдіқожаева, №2 дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің мұғалімі:
- Алғашқы оқытқан шәкірттерім мектеп түлектері бітіріп, алтын белгі иегері атанды. Бұның барлығы ұстаздың бақыты деп есептеймін. Көптеген шәкірттеріміз ғылыми жобада республикалық деңгейде орын алуда.
Өзін өзі танып, үздіксіз ізденіп жүрген ұстаздың бірі Бақыт Әбдіқожаева. Бойындағы бар білімін, асыл қасиеттерін шәкірттеріне арнап, бала жанын түсіне алатын адам ғана ұлы ұстаздық кәсіптің шыңына жетеді дейді ол.
Бақыт Әбдіқожаева, К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектеп мұғалімі:
- Мен өзім ұстаз болғанымды мақтан тұтамын. Анам Нағима да ұстаздық қызмет атқарған. Және де отбасымызда 4 қыз анамыздың ізін жалғап, бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келе жатырмыз. Ұстазда балаға деген мейірімділік, оқушыны өз балаңдай танып, білу керек деп ойлаймын. Сол кезде баламен арада жақсы қатынас болады.
Шиелі ауданы Нартай Бекежанов ауылында тамыр жайған саялы бәйтеректің мәуелі бұтақтары аймаққа жайылып, бала бағбандарының жемісі сырбойылық өрендерге өмірлік азық бола бермек.
ҚОҒАМ 07 қазан 2019 г. 988 0