Бал арасына бап керек

  Шиелі ауданына қарасты Бестам елді мекені тұрғыны Арыстанбек Ахметовтің бал арасын өсіргеніне 4 жылдан асыпты. Ауылдасы бал арасын сататынын айтқанда осы кәсіпке тәуекел еткен. Бүгінде өзі тұрып жатқан ауыл тұрғындарын балмен қамтамасыз етіп отыр.
– Отбасыммен ақылдаса келе алғаш 8 омарта алдым. Көбейгені бар, Шымкент қаласынан алдыртқаным бар бүгінде жалпы саны 30-дан асады. Ара күндіз алып келген шырынын түнімен балға айналдырады. Өнімді аптасына бір рет жинап аламыз. Бір ұя бір аналыққа бағынады. Бәрі белгілі тәртіппен жұмыс істейді. Қарап отырсаң, өзіндік қызық тіршілігі бар. Күтімі жақсы болса, нәтижесі де жоғары болады. Негізінен бал ғана емес сұранысқа қарай гүлдің тозаңын, халық арасында «маточное молоко» аталып кеткен, аналық сүтін де шығара аламыз. Бірақ халық бұлардың пайдасын біле бермейді, – дейді ол.
Омарташылықты кішігірім кәсіп қылып отырған ол алдағы уақытта шағын ісін үлкейткісі келетінін айтты. Сондықтан ара өсірудің қыры мен сырын егжей-тегжейлі үйреніп жүр.
– Бал өнімділігі ауа райына байланысты. Бізге, әсіресе, жаз мезгілі өте ыңғайлы. Бал арасы гүлден-гүлге қонып көптеп бал жинау үшін, шөбі шүйгін, гүлі жайқалған жерге көшіп-қонып отырамыз. Ал жаңбыр гүлдің бетіндегі сөлін шайып жібереді, яғни қолайсыз. Болашақта Ресейден асыл тұқымды аналық ара әкелу ойымда бар. Өйткені, ондай ара ауа райына төзімді және жылдамдығы жоғары, – дейді Арыстанбек аға.

«СБ» ақпарат.
ҚОҒАМ 13 қазан 2019 г. 651 0