Ауылдағы спорт кешені

«Идеяңды игілікке айналдыруда, бизнес-жоспар жасап, оны жетілдіруде мемлекет көмекке келеді. Тек алға ұмтылыс, санаға сілкініс керек». Бұл – Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылының тұрғыны Әсемгүл ­Ермаханованың ұстанымы. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкердің өз ісін өркендету туралы ойына мемлекет ұсынған мүмкіндік қанат бітіріп, табысты бизнес құруына себепші болған. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл орталығынан заманауи спорт кешенін ашқан. Бұл жерде ұсынылған қолдаудың екі жаққа да тиімді тұсы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бастысы, ауыл жастарының спортта мерейі үстем болуына жол ашылып отыр.

– Ауылда бұрын мұндай спорт кешені болмаған. Сондықтан  балалардың бос уақытын тиімді пайдаланғанын қаладым әрі бұқаралық спортты дамытуға өз үлесімді қосқым келді. Іске кірісіп, оңтайлы шарттармен несие рәсімдеттім. Бастаған дүние оңға басып келеді. Мемлекеттің демеуіне ризамын. Бізге кәсіпкер атану үшін психологиялық әзірліктен бастап, бизнес-идеяны таңдау, маркетинг ережелерін игеріп кету оңайға түспес еді, – дейді Ә.Ермаханова.

Қазір кешенде бірнеше спорт секциялары жұмыс жасайды екен. Жеткіншектер еркін күреспен, бокспен тегін шұғылданады. Сондай-ақ, шахмат пен дойбы үйірмелеріне қатысады. Білікті жаттықтырушылар болашақ Әлем, Азия чемпиондарын даярлауға барын салуда. Әлеуметтік нысанның материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Баскетбол, футбол мен гандбол залдары іске қосылған.

– Әрбір істе белгілі нәтижеге жету үшін оны дұрыс ұйымдастыра білу қажет. Бұл орайда маған отбасымның қолдауы үлкен күш берді деп айта аламын. Уақыт өте біз отбасылық бизнесті өркендетуге жұмылдық. Бүгінде бір емес, бірнеше істің басын біріктірген жайымыз бар. Балабақша ашуды армандаған едік, көп ұзамай мемлекет көмегімен оған да қол жеткіздік. Нысанның сырт келбетін ғана емес, ішін де заманауи үлгіге сай сәнді етуге тырыстық. Қазір ауылымыз­дағы «Оралхан» балабақшасында 40-қа жуық бала тәрбиеленуде, – дейді кәсіпкер.

Әңгіме барысында Әсем­гүл ханымның табысты кәсіпкер ғана емес, 11 перзенттің ардақты анасы, 30-ға жуық немеренің  аяулы әжесі екенін білдік. Көпбалалы ананың жолдасы Нұрахан Рысбаев та кәсіпкерліктен хабарсыз емес. Атакәсіпке ден қойған. Төрт түлік ұстау береке деп  есептейді.

– Қазақтың капиталы – төрт түлігі. Біз де ризығымыз­ды өрістегі мал мен шұрайлы жерден алып келеміз. Жасыратыны жоқ, арамызда атакәсіпті ұмыт қалдырғандар бар. Бірақ, төрт түлік ұстау – береке екенін ұмытпау керек. Балаларыма осыны айтудан жалықпаймын. Оның үстіне қазіргі қолдау мен толассыз демеу әрбір шаруашылықтың жұмысын шалқытуға жол ашады, – дейді Н.Рысбаев.

Иә, еңбектің көзін іздесе, пайда табуға болады. Олар шаһар атаулыдан шалғай отырса да, тірлігін дөңгелетіп, берекесін көріп отыр. Алдағы күндердің еншісіне белгілеген жоспарлары көп. Орайы келсе, басқа да кәсіптің көкжиегін кеңейтуді ойлайды. Шаруаның басын біріктіріп, ауыл-аймаққа үлгі болған отбасы өмірдегі бар қиындықты еңбек жеңетінін қаперден шығармақ емес.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ҚОҒАМ 13 қазан 2019 г. 418 0