Адасқанның айыбы жоқ...

Елде бір ағамыз болды. Көршінің жылқысын ұрлаған. Ұрлық дегенді көршінің бақшасынан қауын не жидекті жымқырып кету деп түсінетін бала түсінік оны қорадан жылқы әкетіпті дегенде шошығанымыз рас. Алақандай ауылда әңгіме жата ма, ағамыздың ұсталып, мойындағанын, кешірім берілмей, түрмеге тоғытылғанын да есіттік. Шамалауымша, үш жыл мерзімін өтеп, ауылға оралған оны өз қатарластары да шеттетіп, біз сияқты бала біткен жек көріп өстік. Ол бір рет шатастым, енді адал еңбекпен күн көрем деп талпынып жүрсе де, біздің жұрт тауық ұрланса да соған жабуға бейім тұратын. Өз ауылының өзекке тепкеніне шыдамай өзге ауылға кетіп тіршілік етуде. Сонда қалай? Бір рет сайтанның арбауына түсіп, тәубеге келген кінәліні біздің қоғам қайта-қайта күнәһар етуге неге құмар?

Сіз бұрын сотты болыпсыз...

Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, жұмыс істеп, нәпақа табам, адалынан күн көрем деген жазасын өтеп келуші осы жағымсыз сөзді кез келген жұмыс берушіден естиді. Естиді де бұл да, ол да теріс айналады. «Тұмсығы тасқа соққан шортандай» дейтін бе еді?! Бір емес, бірнеше жердегі осындай жауаптан көңілі қалған ол амалсыз сұғанақтыққа барады не тура жолдан тайып, солақай жүріске көшеді. Оның арты сіз бен бізге түсінікті шығар,  бұл – қапас бөлменің «кезекті қонағы» болу деген сөз.
Облыс орталығында «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығы» деген мемлекеттік мекеме бар. Бұл тек қалада тіркеуде тұратындарға ғана қызмет көрсетсе керек, ал аудандардың ішкі істер бөлімінде бұл мәселемен арнайы айналысатын бір-бір маман болатын көрінеді. Орталықтың аты айтып тұрғандай, бұрын сотты болғандармен жұмыс жасайды. Негізгі миссиясы – халықты әлеуметтік қорғау саласында жазасын өтеген адамдарға еңбек және тұрмыстық орналасуына жәрдемдесу, құқықтық, психологиялық көмек көрсету. Республика бо­йынша ең бірінші Павлодар, содан соң Шымкентте ашылып, үшінші болып Қызылордада осындай мекеме жұмыс істеуде.
Ашылғанына 3 жылдан астам уақыт болған осы орталықтың көмегіне жүгінушілер жылдан-жылға артқан. Көбіне-көп жұмысқа орналасу жағынан мәселе туындайтын көрінеді. Бір ғана мысал, орталықта 2016 жылы 269 жазасын өтеген адамға арнаулы әлеуметтік бағыт берілген. Сол жылы 40 адам жұмысқа орналасса, 47 адам орталық ұсынған жұмыс түрінен бас тартыпты. 2017 жылы 275, былтыр 320 адам орталықтың көмегіне жүгінген. Қарасаңыз, көрсеткіш саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 314 адам есепке алынып, 169 адам жұмыспен қамтылған. 109 адам түрмеден босап шығып, оның 21-і тұрақты жұмысқа тұрған. Қалғандарымен де тиісті әлеу­меттік жұмыстар жүргізілуде.
– Жазасын өтеп келушілерді кәсіпкерлік негізін үйрететін курсқа оқытып, мамандық игеруіне мүмкіндік жасап жатыр­мыз. Әсіресе, кәсіп ашам не техникалық мамандықты игерем дейтін мұндай азаматтарға бізден қолдау жеткілікті екенін баса айтқым келеді. Мұнда әр келушіге әлеуметтік карта толтырылып, орталықтағы психолог пен заңгер тиісті көмегін беріп отыр. Арнайы грант ұтып, шаруасын жасап жүргендерді нақты мысал ете аламын. Сонымен қатар «ол жақтан» келгендерді түрлі спорттық шараларға қатыстырып, шахмат, футбол, волейболдан сайыстар өткізіп келеміз. Ал Тасбөгеттегі жатар жайы мен тамағы қарастырылған арнайы мекемеге жылына 10-нан астам адамды орналас­тырамыз, – дейді орталық басшысы Бақыт Нұртазаев.
Айтпақшы, Тасбөгет кен­тінде орналасқан өмірлік қиын жағдайға қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа өз отбасы бас тартқан сотталған азаматтарды бір жылға дейін орналастыруға мүмкіндік бар. Неге бір жыл десек, әр келушіге қаржы солай қаралған. Жыл ішінде жұмысқа орналасып, пәтер жалдап, тіпті, отбасын құрып жатқандар да кездеседі. Ал кейбіреуі өзге қалаға қоныс аударып жатады. Бұл қайырымды үйге тек түрмеден оралғандар да емес, көше қаңғыбастары да жиі түсетін көрінеді.

Пробация деген не?

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Ресей мен АҚШ-тан кейінгі түрме мен ондағылардың саны жөнінен үшінші орында болыпты. Сол жылдары 107 мың адам темір тордың ар жағында болса, бүгінде ол көрсеткіш азайып, 30 мыңдай адам абақтыда отыр. Тұңғыш Президент-Елбасының «Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарындағы басты тапсырмаларының бірі – бас бостандығынан айыру орнынан босатылған әрбір сотталған адамға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сонымен қатар, 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауап беретін пробация қызметін құру туралы міндет қойылған болатын. Демек, мемлекет саясатының нәтижесінде қылмыстық көрсеткіш бұрынғыдан көп азайып, пробация қызметінің есебінде тұрады. Түрмеден үлгілі тәртібімен немесе рақымшылыққа ілігіп, түрлі жеңілдікпен босатылған азаматтар айына екі рет осы пробация орталығына келіп тіркеледі. Бұдан басқа, белгілі бір аумақта ғана жүріп, кешкі сағат оннан кейін үйінде болуы керек. Бостандықта болғанмен, бірқатар заңмен бекітілген түрлі шектеулер бар. Облыс бойынша пробация қызметінің есебінде осындай 700 адам бар көрінеді.
Қысқаша анықтама бере кетсек,  «Пробация» – латын тілінен аударғанда «сынау» деген мағына. Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты түрде босаған сотталушыны бақылап қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу деген сөз. Қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінгендерді түзеу мекемесіне отыр­ғызбай, қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды.

Жазасын өтегендерге қолдау көрсетіледі

Иә, рас, сотталыпты деген жақсы емес. Ауыр қылмыс жасағандардың жазасы белгілі, ал байқаусызда от басып, әлдебір себеппен түрмеге түсіп, кейін арамызға келген қай пенденің де тағдырына бас қатырып жатқанымыз шамалы. Кейіннен темір тордың ар жағынан сан азапты көріп, «кеше гөр» деп келген адамның арасын ұзатпай сол мекенге қайта аттанып жатқанын естиміз. Неге? Сол жаңағы тұрпайы түсінік. Бір рет адасқанды, енді қайтып түзелместей көретін біздің жаман көзқарас немесе жеккөрушілік. Түрмеден оралғандар өз ортасынан шеттету көрсе, оған кім кінәлі? Бұрын сотталған деген атпен жұмысқа қабылдамай, онсыз да сол жақтан қағажу көріп келген адам амалсыз өзінше күн көрмекке бел буады ғой. Күнкөрісі сол – баяғы ұрлық. Тағы ұсталу. Тағы сотталу. Қоғам болып соттан-сотқа, оттан-отқа итереміз. Ал екінші рет түскен адам сол жерге бейімделіп болған адам деген сөз. Айтпақшы, түрме сотталғанды түзейді дегенге сіз сенесіз бе? Өз басым сенбеймін. Ол жақтан келген тентекті түзейтін өз ортасы, ағайын-туысы, жергілікті халық пен билік.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Қылмыс жасап, бірақ айыбын ұғынып, қоғамға түзу азамат болып оралғысы келетіндерге қолдау жетіспейді бізде. Мейлі, бюджеттік мекемелер бұларды маңына жуытпаса да, арнайы оқытып, кәсіп игертіп, жеке кәсіпкерлердің құзырына жұмысқа орналастырса қалай болар еді?! Әйтеуір, бір амалы болу керек емес пе? Тентекті тезге салатын да, тепкіге алатын да өзіміз екенін ұмыт­пайықшы.
– Егер бұрын сотты болғандар немесе олардың туыстары қандай да бір құқықтық не әлеуметтік көмек сұраса, біз қолдан келгенше демеу беруге да­йынбыз. Тек, жұмыс берушілер олардың тағдырына бейжай қарамай, қатарға қайта қосылуына себепші болып, бізге көмек көрсетсе деген тілек бар, – дейді бізбен тілдескен Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығының басшысы ­Б.Нұртазаев.
Сөз соңында. Ойсыздық опа беріп пе еді адамға?! Сол ойсыздықпен темір торға түсіп, жазасын өтегендер өз ортасынан орнын тапса игі. Адамның соқтықпалы жолдан өтіп, соқпаққа түсуіне қоғам болып көмектескенде ғана іс оңға баспақ.

Ержан ҚОЖАСОВ.

ҚОҒАМ 26 қазан 2019 г. 235 0