Village life: Ауыл - руханият темірқазығы

Қазақ халқының ізгі мәдени құндылықтары – құрмет пен ізеттілік, қайырымдылық пен қонақжайлылық сынды көркем өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек, адами құндылықтардың бастауы ауылдық тәрбиеде жатыр десек, артық айтқандық емес.

Ұлттық салт-дәстүрлер атаның қанымен, ананың сүтімен ұрпақтан-ұрпаққа дарып, ауыл өмірімен біте қайнасып сақталып келеді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауында көрсетілген мектеп туризмін дамыту жұмыстары бойынша және Жастар жылына орай мектеп оқушылары арасында маусым-қазан айлары аралығында «Village life» жобасын ұйымдастырды. Қаладағы 16 мектеп, 800 оқушыны қамтыған жоба екі бағытта жүзеге асырылды. Мектеп оқушылары Сырдария ауданы Бесарық ауылы мен Шиелі ауданы Ы.Жақаев ауылында болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. 

Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын құндылықтар, ұлттық сана-сезім, рухани байлықтың қайнар бұлағы – ауыл екені даусыз. Кішіпейілділік, бауырмалдылық сынды асыл қасиеттерді ауыл ақсақалдары мен абыздарының, дуалы ауыз қариялар мен ақ жаулықты аналардың тәрбиесінен аларымыз сөзсіз. Осы орайда руханият тамыры саналатын ауыл өмірімен таныстыру, ауыл мамандарының (зоотехник, агроном, ветеринар, зооселекционер, т.б.) мәртебесін көтеру, ауылға қолдау көрсету, қала жастарының бір сәт те болса ауыл тынысымен тыныстауына мүмкіндік беруді мақсат еткен жобаның ұсынылуы да, оның құпталуы да, жүзеге асырылуы да – бүгінгі күннің талабы әрі қажеттілігі.

Жоба жаһандану заманындағы заманауи жастардың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын дұрыс бағытқа өзгертуді көздеді. Қай заманда болмасын, қазақ елінің қайнар көзі – ауылдар болғаны бесенеден белгілі. Қазақтың сайын даласының жәннат жайлауы мен күміс күздеуін, көрікті көктеуі мен қытымыр қыстауын көзінің қарашығындай қорып, өз өмірінің өрнегі түскен өңірді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, атадан балаға мирас болып жалғасқан «атамекен» деген қасиетті ұғымға сілтеу түсірмей бүгінгі өкшебесар ұрпаққа жеткізген қайран ата-бабадан қалған соңғы белгі – ауыл емей немене?!

 «Барып қайт, балам, ауылға туған барып қайт, Шалғынға аунап, құмында ойнақ салып қайт...» делінетін ән жолдарының күмбірі құлағымыздан кетпейтін ауыл баласымыз ғой, қай ауылға барсақ та, әдемі ғимарат немесе зәулім үйлер іздемейтініміз анық. Бізге керегі, ақ пейілді, жарқын көңілді, еңбекқор, өмірге құштар ауыл адамдарымен жүздесу, пікірлесу, өмір жайлы өзекті әңгіме өрбіту, жүргізіп келе жатқан ата кәсіппен танысу. Осы бір жан қалауын ізімізден еріп келе жатқан қала жастарына көрсетсек, жаһандану заманына сай өмірлік ұстанымдарына кішкене де болса ұлттық дән ексек деген мақсатты көздедік. Қызығы, жоба сол мүддеден шықты.
 Қазіргі таңдағы өзекті мәселердің бірі – қазақ тілінің өміршеңдігін арттыру жұмыстары «Village life» жобасынан да тыс қалған жоқ. Қала мектептерінің оқушылары жоба аясында архаизм және историзм сөздермен танысты. Көне сөздер бала жадында жаңғырды, сөздік қолданыстарына енді.

 Елбасының "Ұлы даланың жеті қырының" алғашқысы Атқа міну мәдениетімен мектеп оқушыларын таныстырған өз ауылдарының құрметті азаматтары Жұмабай Байзақұлы мен Нұрлан Махмұтұлы жастардың көзіндегі отты, бойларындағы қазақи намысты байқағандарын үлкен қуанышпен жеткізді. Атқа қонғанда тақта отырғандарды менсінбейтін қазақ батырларының ізбасарларын көргендей болдық. Жалын тарта атқа мінген балалардың өздерін сайын даланың иесіндей сезінуі жанды тебірентпей қоймады. Ауылдың ол шеті мен бұл шетін бойлай жүгірген балалардың қуаныштарында шек болмады. Ұлттық аспапта ойнап, күй тартып, ән салып шат-шадыман күй кешкен оқушылар ауылда асыр салып, ата-бабасынан қалған ұлттық музыкаға бей-жай қарамайтынын байқатты. Қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарын өз қолдарымен дайындап, ер балалар  мал шаруашылығына араласып, төл күтімімен айналысты. Көшпенді қазақ халқының баспанасы – киіз үйдің сүйектері мен жабдықтары таныстырылып, нағыз қазақ ретінде ішінде демалуға, тамақтануға мүмкіндік берілді. Қыздар алаша, кілем, ши тоқу өнерімен танысып, ауылдағы апа-әжелермен бірден тіл табысып кетті. Жоба соңында алған әсерлерімен бөлісу мақсатында "Үздік эссе" байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаз оқушылар анықталып, марапатталды.

 Жаһандану заманында техникаға тәуелді жастардың бір сәт телефон, гаджеттерден арылып, қазақтың жаны саналатын ауыл өмірімен танысып, рухани байып қайтқаны бізді қуантқаны рас. Қала мен даланы байланыстырған жоба өз мақсатына жетті. Балалардың рухани әлемі, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы бір саты жоғарылады. Жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мен ел өркениетін дамыту жолындағы білім ошақтарымен бірлесе атқарған жұмыс өз нәтижесін берді.


Бақыткүл БЕКМАМБЕТ,

музей директоры 

ҚОҒАМ 31 қазан 2019 г. 229 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930