Қоршаған ортаға қоғам түгел жауапты

Облыстық экология департаменті табиғатты қорғау  іс-шараларының орындалуына және қоршаған ортаға эмиссияларды төмендетуге ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ, тексеру жүргізу кезінде әкімшілік жауапкершілікке тарту және өндіруді, табиғат қорғау заңнамаларын бұзған кәсіпорындардың шаруашылық қызметін тоқтатуды құзырлы орындарға ұсынады. Департамент басшысы Марат ­Құрманбаев аталған салада жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде тарқатып айтып берді.

Осы жылдың 9 айындағы атқарылған жұмыстарды саралайтын болсақ, қоршаған ортаны қорғау саласында барлығы 65 субъектіге профилактикалық бақылау және қадағалау шаралары атқарылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөнінде біліктілік талаптарына сәйкес 7 субъектіге барып, басқа да тексерулер жүргізілді.

Осындай бақылау шараларының нәтижесінде аймағымызда 158 экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактісі анықталды. Заңды тұлға өкілдеріне Экологиялық кодекстің 117-бабын басшылыққа ала отырып, заң бұзушылықтарды жою туралы  нұсқамалар берілді. Бұған қоса, тексеру қорытындыларымен табиғат пайдаланушыларға 61 әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғалып, айыппұл салынып,  мемлекет пайдасына  өндірілді. Ал мерзімінен кешіктірілген 3 әкімшілік айыппұл мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушыларға жолданды. Айта кетейік, салынған айыппұлдардың басым бөлігі табиғат пайдаланушыларға экология­лық рұқсат құжаттарында көрсетілген шарттарды, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған талаптарды орындамағаны, сол сияқты, мемлекеттiк экология­лық сараптамадан өткiзiлмеген жобалар,  қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң экологиялық рұқсатта белгiленген мөлшерден асып кеткенi,  өндiрiс және тұтыну қалдықтарын есепке алу, кәдеге жарату және залалсыздандыру қағидаларын бұзғаны үшін салынған.

Табиғатты

пайдалану тәртібі

Тексерулер нәтижесімен қоршаған ортаға рұқсатсыз шаруашылық қызметін жүзеге асырған заңды тұлғаларға қоршаған ортаға келтірген  залалды  өндіруге 50 нұсқама берілген болатын. Қазір 38 нұсқама өз еркімен мемлекет пайдасына өндірілді. Ал қалғанын мәжбүрлеп өндіру мақсатында департамент тарапынан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына және Нұр-Сұлтан қалалық сотына жолданып, барлық талап-арыздар қанағаттандырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу барысында ҚР Экологиялық кодексі талаптарын өрескел бұзу, қоршаған ортаға эмиссия­ларға рұқсатсыз шаруашылық қызметін жүзеге асыру және оған әсерін бағалау жобалары болмау фактілері кездесті. Қауіпті қалдықтарды заңсыз орналастыру және қалдықтарды арнайы бейімделмеген орындарда тастап, ластағыш заттардың рұқсат етілген шекті көрсеткіштерден асып кетуі сияқ­ты заң бұзушылықтарға жол берген заңды тұлғалардың  қызметін  уақытша тоқтату туралы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыздар берілді.

Нәтижесінде департаменттің талап-арыздары толықтай қанағаттандырылып, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімі негізінде аталған кемшіліктерді жойғанша 100 объектінің қыз­меті тоқтатылса, қалған 90 ­объект сот отырысына дейін   рұқсат құжаттарын рәсімдеген.

 

Жыл бойына

100-ге жуық өтініш қаралады

Мемлекеттік экология­лық бақылау шараларының нәтижесінде ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, "Қазсушар" ШЖҚ РМК "Арал" салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы қызметіне тексеру жүргізіліп, Белкөл кентіндегі  КНС-тен кәріз судың қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатсыз тасталып жатқаны анықталды. Аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында департамент тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, сарқынды суды тастауды тоқтату жөнінде сот шешімі шықты.

"Саутс-Ойл" ЖШС-на жүр­гізілген профилактикалық бақылау мен қадағалау нәти­жесінде де осындай заң бұзушылықтар орын алғаны анықталған. Бүгінде  қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат құжаты алынды. Сонымен қатар, серіктестіктің «Қарабұлақ» кен орнында мұнай ұңғымасы жанында ұзындығы шамамен  1,8 метр, ені  шамамен  1,5 метр болып, яғни 2,7 шаршы метр жер пайдаланудан шыққан мотор майымен ластанған.  Бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру жөнінде нұсқама беріліп, орындалды. "Қуат Амлон Мұнай БК" ЖШС тарапынан да жоғарыда аталғандай, қоршаған ортаны қорғау талаптары орындалмай, заң бұзушылықтарға жол берілген. Ол  бойынша тиісті жұмыс­тар атқарылды.

Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы қоғамның назарында. Айталық, департаментке осы мерзім аралығында 86 өтініш түскен болатын. Оның ішінде 30-ы заңды тұлғалардан болса, 56 өтініш  жеке тұлғалардан келіп түскен. Өтініштер сапалы, уақытылы қаралып, жан-жақты зерттеліп, жауап берілді.

Қалдықтардың орналасуы қашықтан зондталады

ҚР Энергетика министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арасында қалдық орналасқан жерлерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілім қызметін көрсету бойынша келісім-шарт жасалған.

ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес жасалған келісім-шарт бойынша Қызылорда қаласының аумағындағы радиу­сы 50 шақырым белдеуде қалдықтар орналасқан алаңдарды қашықтықтан зондтау көзделген. Ол бойынша өндіріс және тұтыну қалдықтары орналасуының ғарыштық мониторингі, сондай-ақ, шекараларының өзгеру динамикасының мониторингі, облыс орталықтарының, қалалардың белдеулерінде стихиялық қоқыстардың түзілуін анықтау қарастырылған. Осы­ған орай ҚР Энергетика минис­трлігінің геопорталы (waste.gharysh.kz сайты) іске қосылып, порталдағы ғарыштық мониторинг арқылы космостық бейнесуреттерді зерделегенде биыл Қызылорда қаласының 50 шақырымдық радиусында 228 рұқсатсыз қалдық орны анықталды.

Департамент мамандары геопортал жүйесінде көрсетілген әрбір орынға барып, тиісті әкімшілік аумақтық бөлініс бойынша жергілікті атқарушы органдар мамандарының қатысуымен далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ретсіз тасталған қалдықтар суретке  түсірілді. Нәтижесінде, геопорталға қалдық орындары бойынша дәлелді құжаттармен бірге тиісті белгілер енгізіліп, Қызылорда қаласы және қалаға қарасты ауылдық округтер әкімдіктеріне анықталған қалдықтарды тазарту, бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар атқару жөнінде хат жолданды.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарған іс-шаралар нәтижесінде, анықталған рұқсатсыз қалдық орнының 25-і жойылып, тазартылып, ақпараттар геопортал жүйесіне  енгізілді. Аудандық, қалалық жергілікті атқарушы органдар департамент көтерген мәселені бақылауға алып,  анықталған ретсіз қалдықтарды тазарту жұмыстары жалғасуда. 

Облыстық мәслихаттың шешімімен 2019-2027 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері бекітілді. Онда сапаны бірте-бірте жақсарту қажеттілігі ескеріле отырып, нормаланатын параметрлерінің  белгілі бір уақыт кезеңіне арналған шекті деңгейі реттелген.

Облыстағы  негізгі кәсіпорындардың санитарлық қорғаныш аймағы шекарасындағы  қолайсыз метрологиялық жағ­дай кезеңіндегі әсер ету мониторингінің жоспар-кес­тесі жасалды. "Казгидромет" РМК-дан алынған ақпарат бойынша СҚА шекарасына өлшеу жүргізілді, бұл ретте ластаушы заттардың нормативтен асып кетуі анықталған жоқ.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат

Жыл басынан бері қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін 106 өтінім қаралып, 81 рұқсат берілді. ҚР Экология­лық кодексінің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 17 өтінім, қызмет алушылардың өтініштеріне сәйкес 8 өтінім кері қайтарылды.

Департамент мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу барысында І санаттағы табиғат пайдаланушыларға "Техникалық құрылғыларды герметизациялау" іс-шарасын енгізу арқылы 2838 ластағыш заттардың ұйымдастырылмаған көздерін азайтып, атмосфералық ауаға тасталынатын 1004 тонна ластағыш заттың көлемі төмендетілгенін анықтады.

Айта кетейік, департамент қызметтік міндетіне сәйкес I санаттағы объектілер үшін экологиялық рұқсат беру және I санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. Бұл орайда 9 айда департаменттің мемлекеттік экологиялық сараптамасы бойынша 355 жобалық құжаттама қаралды, оның 149-на оң қорытынды берілді. Жалпы, аталған департаментте жыл бойы осындай жүйелі жұмыс­тар жүргізіледі.

Ғазиза ӘБІЛДА.

ҚОҒАМ 02 қараша 2019 г. 301 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930