Еңбек еткеннің еңсесі биік

Елімізде туған жердің түлеуіне өз үлесін қосып, ауылының ажарын келтіріп жүрген кәсіпкерлердің қатары көп. Солардың бірі Жалағаш ауданы Еңбек ауылының тумасы, «Еңбек жер» ЖШС директоры Шакизатхан Ысқақов.

Кәсіпкер ауылда жомарт­тығымен танылған. Оның елдің берекесін кіргізіп, халықтың бірлігін сақтап, ел еңсесін тіктеу жолындағы еңбегін жерлестері мақтанышпен айтып жүр. Оған себеп те жоқ емес. Биыл Сыр салысын жинауда ауыл шаруашылығы саласы бойынша Жалағаш ауданы облыста көш бастаған болатын. Ауданның жеңіс тұғырынан көрінуінде осы «Еңбек-Жер» ЖШС-ның қолтаңбасы бар. Шаруашылық 1560 гектар алқапқа Сыр салысын егіп, күзде күріштен тау тұрғызды. Ауыл тұрғындары айтарлықтай рекордтық өнімге қол жет­кізді. Гектарынан 78 -80 центнерден астық алғандар бар. Егіл­ген күріштен алынған орташа өнім 63 центнерді құрап отыр. Мұнан бөлек, мал азығы есебінде 186 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 891 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Ең бастысы, осындай тірліктің басы-қасында жүргендердің еңбегін шар­уа­шылық еш ескерусіз қалдырған емес.

Соңғы уақытта қызмет­керлеріне төрағалардың үй салып беруі, су жаңа автокөлік сыйлауы, ауылға қарасуы жиі айтылып жүр. Бұл үрдісті Шакизатхан Ысқақов дәстүрге айналдырған. Былтыр серіктестіктің егін жинау қорытындысы бойынша бір жұмысшысына тұрғын үй салып беріп, шаруашылық үздіктеріне қомақты сыйақы мен 3 автокөлік тарту етсе, биылғы «Алтын күзде» сыйақыға 72 млн теңге қаржы бөлді. Ауыл еңбеккерлеріне 5 су жаңа автокөлік, 4 жаңа баспананың кілті табысталды. Мұнан бөлек 1,5-5,5 млн теңге аралығындағы сыйақы оннан астам диқан мен сушыға берілді.

– Қазір ауылда қандай да бір жобаны жүзеге асырамыз десек, оған «Еңбек-Жер» ЖШС демеуші болады. Шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақовқа ауылдастар атынан алғыс айтамын. Елді мекеннің көркейіп-көгалдануына, тұрғындар әлеуетінің артуына қосқан үлесі зор. Жастар осындай тұлғаларға қарап бой түзейтініне ешкімнің таласы жоқ, – дейді ауыл әкімі Қайрулла Қалданов.

Кәсіпкердің жанашыр­лығының тағы бір көрінісі – өз қаржысына ауыл орталығына 200 орындық мейрамхана мен шағын маркет салып, 9 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнан бөлек, имандылық үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына биыл 25 млн теңге қаржы бөліпті. Мұның барлығы – еліме болсын деген іскер азаматтың берекелі ісінің жемісі.

Шакизатхан Ысқақов тек істің ғана адамы емес, бір жағынан өнер мен білімнің де жанашыры. Өткен жылы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында екі зейнеткерге «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру орталығына ем алуға жолдама және 17 оқушыға оқу құралдары, мектеп формасын және спорттық киімдерін алып берген. Оған қоса оқу жылын үздік аяқтаған бастауыш сыныптың 30 оқушысына велосипед сыйға тартқан. Биыл тағы да сол үрдіс қайталанып, кәсіпкер мектептің 1-2 сынып үздік оқушыларына 25 велосипед пен 3-4 сыныптың үздік оқушыларына 21 планшет тарту етті. Сонымен қатар, 6 оқушыға Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» сауықтыру лагеріне жолдама берілді.

Іскер азаматтың жомарттығы мұнымен толастамақ емес. Ауыл өрендері үлкен сайыстарға қатысса, солардың жол шығыны мен қажетті дүниесіне де қыруар қаржы бөлуді өз мойнына алған. Сондай-ақ,  Еңбектегі «Батыр аналар» ансамбліне де ел ағасы қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Сабантой мерекесінде ауыл балабақшасына 150 мың теңге сыйақы беріп, елді бір қуантты. Бұл кәсіпкердің жастарға, өскелең ұрпақтың болашағына бей жай қара­майтындығын білдірсе керек. Ал, ауыл халқының сөзінше, мұның бәрі жыл сайын қайталанып отыратын дәстүрлі шара екен.

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жар­лығымен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар ара­сындағы достық пен ынтымақ­тастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар ел азаматы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарынан Шакизатхан Ысқақов та көрініп, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Бұл – кәсіпкердің осындай еселі еңбегінің нәтижесі. «Нарық заманы орнады, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді, жақсылық жасаудан қалып барамыз» деген уақытта кәсіпкердің  ауылды жұмыспен қамтып, халықтың тұрмысын көтеруге күш салуы адамның көңілін бір марқайтады. Осындай ел ағалары барда елдің іргесі берік, берекесі бекем болары сөзсіз.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 19 желтоксан 2019 г. 684 0