Қызылордалық ер азамат жарына берген уәдесінде тұрып, 13 жылдан кейін той жасап берді

Қызылордалық Талғат Аманжолов өзінің өмірлік жарына берген уәдесін он үш жылдан кейін орындады. Он жылдан астам уақыт бұрын шаңырақ көтерген екі жас үйлену тойын жасауды қанша қаласа да, ұлан-асыр той өткізуге мүмкіндіктері болмапты. Алты баланың ата-анасы Талғат пен Махаббат тек биыл ғана дүркіретіп тұрып той жасаған. Кең сарайдай мейрамханаға кортежбен келген жұптың үйлену тойларына алты баласы да куә болыпты. «Информбюромен тарихта қал» жобасына қатысқан жұп нағыз махаббат сезімін білдіретін оқиғаларымен бөлісті,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Талғат пен Махаббаттың отау құрған сәттері де қызыққа толы. Достарының тойында танысқан қос ғашық бір-бірін бір көргеннен ұнатыпты. Бір жыл бойы қыз бен жігіт болып жүргендерінде шаңырақ көтеретін шақты қатты аңсап, жақындарын жинап той жасағылары келіпті. Осылайша арудың ақ көйлек кию арманы болып жүргенінде сезімнің жетегіндегі жігіт махаббатын қазіргі Нұр-Сұлтан қаласынан алып қашыпты.
"Беташар жасадық. Бірақ жағдайымның болмау себебінен тойды кейінге шегердік. Махаббатқа уақыты келгенде тойыңды жасап беремін деп, уәде бердім"- деді Талғат Аманжолов.
Арада он үш жыл өтіп, алты бала дүниеге келіпті. Ерлі-зайыптының үлкен ұлдарының жасы 11-ге келсе, кенжесі төрт жасқа толыпты. Бірақ ер азамат уәдесінен айнымай арада біраз уақыт өтсе де той жасауға бел буыпты.
5 желтоқсан күні Махаббат өзінің туған күнінде арман болған ақ көйлегін киіп, екі ғашық мейрамхананың төріне жайғасыпты. Ең қызығы, қос ғашықтың алдына олардың алты баласы отырған. Ұзақ күткен тойға жұптың барлық туыстары мен достары бірі қалмай жиналыпты. Ал Махаббат болса, той үстіндегі толқынысын сөзбен айтып жеткізе алмаймын деді.
"Той жасаған кезде біраз қобалжу болды. Әсіресе, ақ көйлек киген кезде қатты бақытты болдым. Біз бұл тойды шалқып-тасып жатқандықтан жасаған жоқпыз. Күйеуім өз уәдесінде тұрып, оны орындағысы келді", - деді Махаббат Қалыбаева.
Қарапайым отбасының отағасы Талғат тойды несие де, қарыз да алмай өзі жинаған ақшамен жасап шығыпты. Талғаттың достары сол ақшаға шетелге барып, демалып қайтсаңдаршы деп те кеңес беріпті. Бірақ 35 жастағы алты баланың әкесі уәде құдай сөзі деп, берік ұстандым деп қосты.
ҚОҒАМ 24 желтоксан 2019 г. 378 0