Австралиядағы алапат өрт

34,8 миллион доллар. Бүлінген табиғатты қалпына келтіруге Австралия билігі осынша ақша жұмсағалы отыр. «Өрт салдарынан жапа шеккен жабайы табиғатты қайта құруға, ғалымдар, экологтар мен қоғамдық ұйым­дардың жұмысын қолдауға 50 миллион австралиялық доллар (34,8 млн $) бөлу туралы шешім қабылдадым», – деп жазды Авс­тралияның қоршаған ортаны қорғау министрі Сьюзан Лей Twitter-дегі парақшасында. 

Иә, бесінші құрлық бұл күндері күйіп тұр. Тура мағынасында. Дүниежүзілік табиғат қорының мәліметінше, былтыр қазанда басталған алапат өрт 6 миллион гектардан астам орманды шарпып, 28 адам мен миллиардқа жуық жануарды жалмап тынған. 17 адам ұшты-күйлі жоғалып, 1200 үй-жайдың күлі көкке ұшқан. Қазір онда жаз, аптап ыстық. Көктем айы­нан бастап жаңбырдың аз жаууы елді тағы да төтенше жағдайға әкеп тіреді. Орман өртінің тұтануына қатысты түрлі жорамал бар. Біреулер эвкалипт ағашының жапырағы құрамындағы эфир майының санаулы секундта түгел жанып кететінімен, енді біреулер экология белсенділерінің жасыл желекті отауға қарсылығымен байланыстырады.

Орман өртінің зардабы Авс­тралиямен қатар, көршілес аймақтағы елдерге залал келтіре бастаған. Оның ішінде Жаңа Зеландиядағы мұздықтар өрт күлінің кесірінен қоңыр түске боялған. Қызыл жалыннан қырылған табиғатқа, халыққа қол ұшын созу ісіне танымал адамдар атсалысып жатыр. Олардың қатарында теннисшілер Мария Шарапова мен Новак Джокович, экология­лық белсенді Грета Тунберг, актер Леонардо Ди Каприо, актриса Ева Лонгория және тағы басқалар бар. Ал өткен жексенбіде Австралия аспанынан аш қалған аң-құс үшін бірнеше тонна қорек «жауды». «Шатқалды кенгуру» операциясының өкілдері оларға көктен көкөніс сеуіп, жабайы табиғатты қорғауда қарап қалмады.

Алапат өрттен өлген кенгуру, күйген коалаға адамдардың мейірімділік танытқан небір фотосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, жүректі шымыр­латқаны бар. 7 қаңтар күні көптен күткен жаңбыр жауып, өрт сөндірушілер мен жергілікті тұрғындардың қуаныштан билегені көрініс тапқан видеожазбалар да тебірентпей қоймады.

Алайда, ­Австралия үкі­метінің «онсыз да құр­ғақ­шылықта отырғанымызда су тауып бере алмаймыз» деген желеумен 10 мыңдаған түйенің көзін жою туралы шешімі парадокс тудырды. Жануардың тағы бір «жазығы», аптап ыстықтан сая табу үшін желдеткіштер мен өзге де инфрақұрылымды қиратып кететін көрінеді.

Ал «түйенің үлкені – киенің үлкені» дейді қазақ. Ойсылқара тұқымын төрт түліктің төресі деп білген біздің қоғамда бұл жаңалыққа селт етпеген ешкім жоқ-ау...

Назерке САНИЯЗОВА.

ҚОҒАМ 14 қаңтар 2020 г. 150 0