«Аралтұз» АҚ президенті: «Алыпқашпа сөзге сенбеңіздер!»

5 қаңтар күні YouTube хостингінің «Нағыз қазақ» арнасында «Аралтұз» өнімінің сапасына қатысты видеожазба жарияланды. Онда автор тұз құрамында адам денсаулығына зиянды қоспа бар екенін және кәсіпорынның Қытайға сатылып кеткенін жеткізген еді. Алайда, әлеуметтік желіде желдей ескен, көңілге күмән ұялатқан ақпарат жалған болып шықты.

Интернет кеңістігіндегі ша­буыл­­дың негізсіз екенін «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров ресми түрде мәлімдеді. «Тұз құрамында табиғи минералдардан эпсомиттер мен астраханиттерден тұратын табиғи ерімейтін тұнба бар, ағза үшін олар абсолютті бейтарап. Өңдеуге келіп түсетін шикізат экологиялық таза. Біздің өнімді Еуразиялық экономикалық қауымдастық аумағында аккредит­тел­ген тәуел­сіз зертханалар тексереді. Зерт­хана тиісінше сәйкес­тік декларациясын берген. Ас тұзы­ның экологиялық таза еке­нін және әлемдік стан­дарт­тарға сәйкес келетінін сенім­ділік­пен мә­лімдейміз» делінген хабарламада.

Арал ауданының Жақсы­қылыш кентінде орналасқан кәсіпорын 1925 жылдан бас­тап ас тұзын өндіріп келеді. Өнімі елімізден бөлек, ТМД аумағында жоғары сұранысқа ие. Бүгінгі күні мұнда 1200-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етіп жүр. Айдынбек Тауасаров «Аралтұздың» мен­шік иелері компания құ­рылғалы бері өзгермегенін атап өтті. Атап айтқанда, оның 100 процент акциясы отандық кәсіпкерлерге тие­сілі. Кәсіпорын ешқандай қытайлық тарапқа сатылмаған және қытайлықтардың үлесі жоқ.

Жергілікті ас тұзының айна­ласындағы алыпқашпа әңгіме жал­ғыз бұл емес. Былтыр маусым, қыркүйек айларында ұқсас ақпарат тарап, әлеуметтік желі қолданушыларын шулатты. Соның бірі – ресейлік интернет кеңіс­тігінде көрініс тапқан «Славяночка» тұзының құрамында шыны бар дегенге саятын аудио және видеожазба. Оны да компания өкілдері артынша жоққа шығарып, тұтынушы көңілін орнына түсірген еді.

Назерке Саниязова.

ҚОҒАМ 14 қаңтар 2020 г. 388 0