Тіл үйрену – төрткүл дүниені тану

 Қазір ағылшын тілін үйрететін курс та, репетитор да көп. Ықыласты адам ғаламтордың көмегіне жүгініп, аудиосабақ арқылы да меңгере алады. Дегенмен, тіл үйренуді жеңілдететін үйірмелердің орны бір басқа. Шиелідегі «Самғау» оқу орталығының мамандары осыны алға тартады.

Кәсіпкер Мөлдір Дүйсенова­ның оқу орталығында оқушылар ғана емес, кез келген аудан тұрғынының ағылшын тілін меңгеруге мүмкіндігі бар. Мұнда бастауыш сынып оқушыларын жекелеген пәндер бойынша тереңдетіп оқыту қарастырылған. Орталықта көпбалалы, тұрмысы төмен отбасынан шыққан отыздан астам оқушы да тегін білім алуда. Қуантарлығы, соңғы жылдары оларға демеушілік көрсететін кәсіпкер саны артқан.

– Мамандығым – аудармашы. АҚШ-та білім жетілдірдім. Түркия мен Ресей елдерінде де тәжірибе толықтырдым. Уақыт өте туған өлкемде көптен ойда жүрген кәсіпке қанат бітіруді шештім. Ол кезде айтарлықтай қаржы болмады. Бірақ, істің көзі табылды. «Zhas Project» жобасы бойынша грант алдым. Алғаш топта 10 оқушы, бертін келе 20 оқушыға сабақ бердік. Оқушы саны 40-50- ден асқан соң қосымша мұғалім алдық. Уақыт өте келе бала да,  мұғалім қатары да көбейді. Жаңа ғимаратқа көштік, – дейді кейіпкеріміз.

Жалпы, орталық ашылғалы төрт мыңға жуық оқушы білімін жетілдіріп, тіл үйренген. Араларында білім бәсекелерінде аудан намысын абыроймен қорғағандар да бар.

– Ағылшын тілі курсына қатысып жүргеніме  үш-төрт жыл болды. Қазір алты деңгейден тұратын халықаралық стандарттың екінші деңгейіне жеттім. Ағылшынша еркін сөйлей аламын. Болашақта халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуға түскім келеді. Бұл – менің алға қойған мақсатыма жету үшін жасалған қадам, – дейді білім алушы Нұрсила Абдуллаева.

Көп тіл білген ұтады. Сіздің де  мүмкіндігіңіз бар.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ҚОҒАМ 04 ақпан 2020 г. 178 0