Жақсылық жасап жүрейік!

Желіде алуан түрлі ақпар бар. Әйтеуір тіршіліктің сан тарау соқпағы осында. Десе де, осы әлеуметтік желіде жанға жылулық сыйлайтын ақпараттар да кездеседі. 

Жақында «Facebook» же­лісінде ой саларлық оқиғаны көзім шалды. Онда облыстық еріктілер штабының мүшелері тыл ардагеріне көмек қолын созғаны жайлы баяндалған. Былай қарасаңыз, таңғаларлық дүние емес. Жас буынның - аға буынға деген құрметі. Алайда, осының өзі мейірімді болу, мейірімге бөлеу деген асыл қасиеттердің әлі де өшпегенін көрсетеді. Әсіресе, жастарда.

Әсемкүл Нұрхабаева – 97 жастағы тыл ардагері. Ел аман­дығы үшін аянбай тер төккен оның ерлігі бүгінгі бейбіт күннің кепілі десек, артық айтқандығымыз емес. Мұны «Үлкенді сыйлау – ұлылық»  деп білетін жастар да қаперден шығармайды. Олар жуырда ақ жаулықты әжеге қолғабыс етуге барып, ардагердің өнегелі өсиетін тыңдап, ақ батасын арқалап қайтқан екен. Алған әсерлері бөлек және осы шараны енді дәстүрге айналдырмақ ниетте. Осындайда ынтымағы жарасқан жастардың алар асуы мол дегенге келіспеске болмайды.

Иә, қайырымды болу, қол ұшын созу, асарлату – біздің қанға сіңген қасиет. Осы дәстүрімізді өз деңге­йін­де ұлықтай білетін жастар­дың өсіп келе жатқаны да қуа­нышты еселейді. Оның үстіне басы ашық дүние бар: ниеті түзу, жақсылыққа жаны құмар пенденің қашанда қолдаушысы күшті. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өзі «Қайсыбір мұсылман бауы­рына көмектессе, Алла оған жәрдемші» деген екен. Жақсы­лық жасап жүрейік!

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 17 наурыз 2020 г. 280 0