АҚ КЕМЕ АЯЛДАҒАН ҚАЛА

46

0

Адамның кәсіби біліктілігі көп мәселені шешеді екен. Оған өмірдің өзінен көз жеткізуге болады. Арал қаласының әкімі Дәуренбек Мәденовпен сұхбаттасу сәтінде осындай тұжырымға келдім. Мұның мәнісі де бар. Кеңес империясының кезінде атағы дүркіреген шаһардың тізгінін ұстау оңай емес. Абырой әрі асқан жауапкершілік жүктейді. Дәуренбек болса аудандық мәслихаттың үш бірдей шақырылымның депутаты атанды. «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының бақылау бекетінің мүшесі. Президенттің, облыс, аудан әкімінің алғыс хаты, ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы, «Еңбек даңқы» белгісі, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған азамат. Мамандығы – құрылысшы.
Дәукең түрлі қызмет сатыларынан өткен, бар саладан жақсы хабардар тәжірибелі басшы. Мұның міндетті шаруаны дөңгелетіп әкетуіне септігін тигізері хақ. Әкімдердің бос уақыты көп болмайтынын байқап жүрміз. Сондықтан мен еншіме тиген минуттарды ұтырлы пайдалануға, аузынан шыққан әрбір сөзді қойын дәптеріме түсіріп үлгеруге тырыстым. 
Өзінің әңгімесін Елбасымыздың жолдауындағы тапсырмаларды, облыс, аудан бағдарламаларын, жоспарларды заңда көрсетілген құзіретке сәйкес үйлестіріп, шаралар қабылдау қала әкімі аппаратының негізгі жұмысы деп бастаған Дәуренбек Жолдасұлы бірсыпыра іске тоқталды. Байқауымша көше комитеттерінің төрағалары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, мекеме басшылары арқылы тұрғындармен тығыз байланыс жасау жолға қойылған. 
«Жаңарған, жасарған Арал». Теңіз төскейіндегі ежелгі қаланың бүгінгі кейпі осындай бағаға лайықты. Бұл үшін перзенттік борышқа адалдықпен, жанашыр көзқарас қажеттілігі белгілі.  Аралдықтардың бойынан мұндай қасиеттің баршасы табылатын тәрізді. Оған ер мінезді, білікті маман қала әкімі келтірген деректер куә.
Биылғы жылы Арал қаласын абаттандыруға облыстық қазынадан 88 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бүгінгі таңда сол қаржыны мақсатты, тиімді жұмсауға күш салынуда. Түнгі жарық шамдарына пайдаланған электр қуатына, санитарлық тазалыққа, абаттандыруға межеленген қаражат Арал қалалық шаруашылық жүргізу құқығындағы көп салалы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынымен игерілуде. Бұл «есебі дұрыстың ұйқысы қанық» дегенді бағамдатады. Арнайы жасалған қоқыс жәшіктері (контейнер) орталық негізгі көшелерге қойылыпты.
Елең еткізер жаңалық, облыстық бюджеттен қаралған ақшаға бірқатар сор көлді аймақтар көмілген. Игі қадам мұнымен шектелмейді. Комхоздың жарғылық қорын ұлғайтуға, техникалық базасын нығайтуға барынша көңіл бөлінген. Облыстық бюджеттен бөлінген 60 млн. теңгеге түрлі қуатты техникалар сатып алыныпты. Қуаныштысы, бұл алдағы уақытта да жалғасын табады.
Егер қалаға ымырт үйіріле соқсаңыз, керемет көрініске тап келесіз. Көшелердің самаладай жарығынан жоғалған инеңіз табылатындай әсерге бөленесіз. Бұған да облыстық қазынадан қаражат қаралыпты. Сонымен қатар вокзал алаңы, Бекмырза хан, Ж.Нұрпейісов, Әбілхайыр хан, Бақтыбай батыр көшелері мен орталық алаң асфальтталды. 
Тәні саудың – жаны сау. Елбасымыздың жолдауында қозғалған бұқаралық спортты дамыту бағытында мектеп аулаларынан шағын спорт алаңдары, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасымен 15 тұрғын үй, қонақ үй кешені салынды. Сұхбаттан соң аудан әкімінің орынбасары Әділхан Алдановпен бірге жоғарыдағы құрылыс нысандарын аралаған едік. Түзу көшеде, оқтай тізілген әсем ғимараттарға таңдай қақтық. Шатыры, есік-терезесі тіпті қоршауына дейін жарқырап күн нұрына шағылған жай маған ұқыптылықтың шыңындай сезілді. Еңселі қонақ үй көркі қиырдан өзіне арбайды. Мінсіз қалпында қала ажарын аша түсуде. «Шіркін-ай, ертегідегідей үйлерді мекендегендер неткен бақытты!» деген пікір өзінен-өзі көкейде қылаң ұрды. 
Қала тазалығын сақтаудың барысын аудан әкімі тікелей қадағалайды. Санитарлық қадағалау бөлімі, учаскелік полиция инспекторы, қала әкімдігі қызметкерлерінен жасақталған жедел топтың штаб отырысына Мархабат Жайымбетовтың өзі қатысады.
Арал қаласының қиындығы түгел шешілді деу асығыстық болар. Бірақ сәт санап өркениет көшіне ілесіп келе жатқаны даусыз. Қала қақпасында келушілерді ақ кеме күтіп алса, бұл оның бай тарихын сөйлетіп тұрған секілді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ. 
Арал қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз