АҚ ЖОЛЫҢНАН АДАСПА

57

0

Күндегі шалшуағымызға ақсақал ағамен екеуміз келіп
жайғасқан соң, бір-біріміздің сөзімізге бас изесіп ұзақ отырдық.

– Қайдам, шырағым, мына тоқсан дегенге қарай төтелеп тартып
келеміз. Қай күні, қай сағатта ырзық-несібеміз қай жерде таусылатынын бір Алла
біледі ғой, сексен дегеніңнің сеңгірінен асқан соң алдыңа сеніммен қарай алмай,
көңілің үркек тарта береді екен.

– Е-е, інім, со-л-ай! «Іздеп келер інің болса, бақытың
барын содан біл. Аңсап келер ағаң болса, аруағың барын содан біл» дегендей,
сендей сөз тыңдар інілеріміздің көп болғаны біз үшін мақтаныш. Жылқыда да жылқы
бар – қазанаты бір бөлек, жігіт те де жігіт бар – азаматы бір бөлек. Сол
жігіттердің ішінде ойы озық, сана-сезімі жоғары, қайырымды, кішіпейіл сөз
ұғарын айт.

– Я-а, «ұлыларға – қызмет, кішіге – ізет, мүсәпірге – жақсылық,
дос-жаранға – насихат, дұшпанға – қайырымдылық, ессіздерге естелік жасап,
ғұламаларға құрмет етумен өмір сүр” деп хакім Ұлықпан бекер айтпаған болар.
«Ақын жалтақ болса, ақиқат адасады” деген сөздің мағынасын түсіне білсек кәні.

Бір мысал:

– Баяғыда Жәңгір ханның ордасына келген Исатай мен Махамбет
ордада оңаша отырған сарай ақыны – Қыдырбайға кездеседі. Хан тысқа шығып кетсе
керек. Екеуі ақынды ортаға алып: «Ханды жаманда” десе, ол ат-тонын ала қашады.
Сонда Исатай: «Қысқы соғымға бір семіз байтал беремін” десе, Махамбет те: «мен
де біреуін беремін” деп, қолқа салады. Дүниесі құрғыр оңай ма, жан-жағына қарап
алып Қыдырбай:

– Құдайым жауыз ханға жолықтырма,

Жолықтырма дегенім болып тұр ма… дей бергенде есіктен хан
кіріп келіпті. Сонда ақын:

– Жәңгір ханның жанына саулық бергей,

Ханымыз мұнан өзге толып тұр ма, – деп, тез жалт берген
екен.

Сондай-ақ, Махамбетше хан бетіне тіке айтатын тарлан
ақындар қайда?!

– Біреулер аз күндік бақыты үшін, аз күндік нәпақа үшін
көпе-көрінеу ұрыларды қолдайды. Бұл дегенің оның өзі де сол ұрлыққа бой
алдырып, сыбайлас болды деген сөз. Бұл дүниеде маған осындай ұрылар көбейіп
бара жатқандай көрінеді. Ең бастысы, халық дана, кімнің ақ, кімнің қара екенін
ажыратып береді. Менің осы жасқа дейін бір түсінбей келе жатқаным, ақ адал
деген азаматтарымыз ақ жолдан аш шортандай ауға түсіп жатады. «Тегін ірімшік
тек қақпанда ғана жататынын” солардың сезбейтініне таңым бар. «Жердегі жем
аспандағы құсты ұятқа қалдырады” деген сол.

– Ал енді, сен, қаламыңды ыңғайлап мына сөздерді дұрыстап
тыңда, – деді ол маған күлімсірей қарап.

– Адамдардың өзара қарым-қатынасынан дұрыс қорытынды
шығарып, оны қағазға түсіре білген баспасөз адамдарын мен, көзіңше айтты деме,
дана дер едім. Олар жазғандарымен өз халқын басқа елге дана-кемеңгер етіп көрсетеді.
Онысы кейінгі ұрпаққа да тәрбие.

– Ұлылықтың белгісі – әлсізді қолдау. Ұлылықтың да,
күштіліктің де белгісі – адалдық, шырағым!

Е-е, абайлап жүріп, анық басып, аузыңнан шыққан әр сөзіңді
айтпас бұрын, оны сана саңылауынан өткізіп сөйлесе кәні!

«Жамандық келсе
қолыңнан дұшпаныңа жасама, ол да бір күні дос болар”. Жалпы, інім, адам
баласына қастық, дұшпандық ойлама, ондайлардың сазайын бір Алла беретінін
тоқсан жыл өмірімде көріп жүрмін. Құдайдың құдіреттілігі де сонда – ол
пенделеріне тек жақсылық жасап, ізгілікті ғана талап етеді.

– Ең өкінішті өмір – дүниеқоңыздың өмірі. Дүниеқоңыздың
қарыны тойғанымен, ешуақытта көзі тоймайды. Ондай адам мағы­налы өмір сүре
алмайды. Ондайлар ұрлықтан, зорлық-зомбылықтан басқаны білмейді, білуі де
мүмкін емес.

– Менің қорқатыным екі-ақ нәрсе. Біріншісі, Алланың ақ
жолынан тайсам, екіншісі – бір қателік жасасам. Міне, осы екі жолдан таймауға,
адаспауға, қателігімді түзегенше тыншу таппай ұрыну менің басты қағидам болып
келді, бола да бермек.

Адамдар арасында ең бастысы бірін-бірі сыйлау мен сағыну
жетіспейді. Адам баласындағы ең үлкен қасиет – өмірін берекелі етіп, мағыналы
етіп өткізу үшін бірін-бірі сағына, сағындыра білуі керек. Ол жоқ жерде аталы
сөз сөйлейтін ұл, өнегелі ана болатын қыз өсіре алмаймыз. Ал, аталы сөз
сөйлейтін ұлы, өнегелі ана болатын қызы жоқ болса, ол елден не үміт күтуге
болады?!

– Ақылы бар адамның ақылы көбіне ұйықтап жатады. Оны
данышпан – даналардың жақсы айтылған сөзі, не біреудің зорлық-зомбылығы оятады.
Өмірде кейбір елеусіз адамдардың пікірі үлкен даналардың пікірімен сәйкес
келетіні де бар.

Ол аз тыныстап алды да:

– Өмір дегеніміз – адамдардың өзін әлде бір алданышпен
өткізетін ұзақ әрі қысқа уақыты ғана сияқты болып көрінеді маған. Мәселен,
біреуге қорасындағы малы, келесі біреуге әупірімдеп әрең жеткен қызметі, ал
тағы біреуге жас тоқалы мен ұрлап-жырлап, жиған-тапқан байлығы – ақшасы
алданыш.

Әл-Қайс деген ғұламаның:

– Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмаған және
солардың ақыл-ойы мен талантының игілігін пайдаланып, жемісін тұтына алмаған
қоғам ауыр дағдарысқа ұшырайды деген сөзі, сені білмеймін, маған біраз ой
салады.

Шоқан Саққұлақ шешенге былай сұрақ беріпті:

– Біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды?

– Көнеден сұрайды.

– Көне адасса ше?

– Көптен сұрайды.

– Көп адасса ше?

– Көп оқығаннан сұрайды.

– Көп оқыған адасса ше?

– Көп оқыған неге адассын!

Сонда айналып келгенде оқуы-тоқуы көп, білімдар, алысты
болжайтын кемеңгер дана ғана адаспайды дегені емес пе?

Ал бірақ баста жорғалауға жаралған жан ұшпайтыны белгілі
ғой.

Өзегіңді өкініштің уымен күйдіргің келмесе, құдайды құлай
сүюден, өз-өзіңді сынай сүюден ажырап қалма, қарағым!

Ол орнынан баяу, тәлтіректей тұрмақ болып жатқанда мен
қолтығынан демей бердім.

– Бүгінге осы да жетер, – деді ол.

Қартайып, қайраты қайтты дегенмен, әлі тың ақсақалдың
артынан аңтарыла қарап, ол айтқан жаңағы асыл сөздерді зердеме, санама
сіңіргенше тұңғиық ойға беріліп тұрып қалыппын.

Сайлау БОТАБАЕВ,

медицина
саласының ардагері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз