АБЫРОЙ ТӨРІНДЕГІ АЗАМАТ

173

0

Ел тәуелсіздігінің  ширек ғасыр тарихында  еліміз саяси-экономикалық және рухани-мәдени жаңғыртуларды бастан өткерді. Айталық, тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында экономиканың құлдырауы салдарынан елдің әлеуметтік жағдайы қаншалықты қиын болғаны баршамызға белгілі. Осынау сын кезеңнің  ел үкіметіне жүктеген  жауапкершілігі де аса ауқымды болды. Елбасы осы уақыттың еншісінде елді кәсіпкерлікке бейімдеп, сауатты азаматтардың  салмақты жобалар енгізуін ел экономикасын  дамытудың басты талаптарының бірі ретінде алға тартқан еді. Оның ішінде отандық кәсіпті дамытудың алғашқы бастамасы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталды. Дәл осындай ел тағдырының сынға түскен сәтінде жеке қаржатын жұмсап, жұртының жүрегіне үміт шырағын жаққан жігіттің бірі, бүгінгінің «атымтай жомарты», инвестор Имамзада Шағыртаев болатын. Ауылда туып-өскен азамат жасынан-ақ шаруашылық жұмыстарының қыр-сырына қанық болды. Сондықтан әрбір істі қолға алғанда алдымен өзіне жоғары талап қоятын. Осындай табандылығының арқасында талай қиындықтарды еңсеріп, түпкі мақсатына жетті.
Иә, бір жылдары ол мемлекеттік қызметті  де атқарды. Бұл сонау ел егемендік алған алғашқы жылдары, қаржылық дағдарыстың қыспаққа алған шағы болатын. Ауыл әкімі болып халыққа қызмет еткен  уақытында ол саяси қызметтің зор жауапкершілігін сезініп, адамгершілік қағидасынан айнымауды мақсат етті. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда атқарушы биліктің өзіндік құзыреттілігі бар, дегенмен бюджет қаражатын жұмсаудың қатаң тәртіппен реттелетіні белгілі. Осындай себеппен көңіліндегі көптеген жоспарларын дер кезінде жүзеге асыруға мүмкіндік бола бермейтін. Әйтсе де ол туған жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуды азаматтық міндетім деп білді. Дәл осы тұрғыда дағдарыс салдарынан тірлігі тоқтап, тұрмысы шайқалған ауылды қай бағытқа бастап, қаншалықты қолдау қажет? Іргелі елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап қалу үшін нендей шара қолданған жөн? Міне, осындай сан-салалы ойдың жетегінде жүрген азамат Мемлекет басшысының шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған алғашқы іс-шараларының мазмұнымен танысып, ата кәсіп – ауыл шаруашылығымен айналысуға ден қойды. Талабын нықтап, табысқа жетуге тәуекел етті.
Жасыратыны жоқ, алғашында кәсіптің көзін тапқанымен, елді еңбекке жұмылдыру  оңайға соқпағаны рас. Өйткені осыған дейін тек дайын өнімді тұтынып, еңбегіне қарай ақысын алуға қалыптасқан ауыл тұрғындары нарықтың «берсең – аласың» деген бұйымтайына бейім еместігі рас еді. Алайда  қам-қарекетсіз қол қусырып отырған жанға көктен несібе жаумайтыны тағы белгілі. Сондықтан қаржы тапшылығы халықты қалжыратып тұрған сол бір сындарлы шақта қандай да бір батыл шешім қажет еді.
Рас, алғашында азаматтың бойында үмітінен гөрі күдігі басым болды. Өйткені жұмсаған қаражатының пайдасынан шығыны көп, егілген егіннің 20-30 пайызы ысырап болатын. Оның басты себебі, ауыл шаруашылығы техникалары түгелдей ескі,  тыңайтқыштар тапшы, күріш диірмендерінің қуаты әлсіз, сонымен бірге, білікті мамандар да жеткіліксіз болды. Осы тұста ол «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қолдауын пайдаланып, лизинг арқылы замандық техникалар сатып алып, оларды меңгеретін мамандарды өз қаражаты есебінен дайындады. Шынын айту керек, жаңа техникалардың күшімен  жұмыстың сапасы айтарлықтай оң өзгеріске бағыт алды.  Нәтижесінде, ісі ілгері басқан «Таң ЛТД»  ЖШС  аз уақыттан кейін-ақ ауылдастарының сенімін иеленді. Кәсіпке шындап бет бұрған азамат жылдан-жылға егіс көлемін арттырып, сапалы өнім алу мақсатында күріштің жаңа сорттарын өндіруді қолға алды. Кеңес одағы кезінде тек «Кубань» күрішін тұтынып келген тұрғындар енді  «Лидер», «Янтарь», «Титан», «Фаворить»деп аталатын сапасы жоғары өнімді ас-ауқатына пайдалана бастады. Сондай-ақ, жыл сайын көктемгі егіске қажетті  тұқым күрішті қымбат  бағасына сырттан сатып алатын шаруашылық төрағасы, бүгінде серіктестік жанынан тұқым шаруашылығын ашып қойды. Алдағы уақытта күніне 100 тонна күріш ақтайтын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Иә, алғашқыда  елу-алпыс адамды еңбекпен қамтып, «Таң ЛТД» ЖШС-мен жұмысын бастаған кәсіпкер жігіт одан бері «Егінші», «Таң ШҚ», «Манақ баба» деп аталатын шаруашылық құрылымдарын ашып, жұмысын жолға қойды. Қазіргі таңда онда үш жүзден аса адам тұрақты еңбек етеді. Аталған шаруашықтарда биыл жалпы көлемі 3 300 гектар күріш егіліп, орташа 60 центнерден өнім алынуда. Инвестор И.Шағыртаев қарамағындағы жұмысшылардың  еңбекақыларымен уақытылы есептесіп,  жұмыс нәтижесіне орай  жоғары сыйақылар тағайындап, еңбекті бағалаудың өзіндік дәстүрін енгізген. Уақыт ағымына қарай, келешекте ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында көкөніс, бақша өнімдерін егіп, мал азығын  дайындауды  қолға алмақшы. Себебі, аймағымызда бұл өнім түрлеріне сұраныс жоғары екені белгілі.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген, Имамзада ағамыз ауылдағы «Боздақтар» ескерткішін қайта жаңғыртып, айналасын жасыл желекпен көмкерді. Ауылға кіреберіс көшені абаттандырып, ағаштар егіп, эстетикалық үйлесімге сай қоршаулар орнатты. Ауыл орталығындағы жүз жылдық тарихы бар Әбжәли ишан мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мешіт имамының еңбекақысын төлеуді де тұрақты өз міндетіне алған. Сондай-ақ ол мемлекетпен жекеменшік әріптестік аясында ауыл орталығынан типтік жобаға сәйкес 90 орындық балабақша ашып, жасөспірімдерге арнап спорт кешенін салуды қолға алды. Таяу күндерде бұл жұмыстардың да игілігін ел көретін болады.
Иә, бір кездері берекесі  қашқан тірлікті қайта қалпына келтіріп, екі қолға бір жұмыс таба алмай, еңсесі  түскен еңбекшілерді біріктіріп, игерусіз қалған егістікке иелік еткен азаматқа  ауыл ақсақалдары да дән риза. Игілікті істің нәтижесінде, аталған  серіктестіктің көмегімен ауыл іргесіндегі каналдар қазылып, ауылдың аяқсу мәселесі де түбегейлі шешімін тапқан. Бүгінде тұрғындар ауласына бақша дақылдарын егіп, өз-өздерін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге қалыптасқан.
«Талапты ерге бақ қонар» деп атамыз қазақ айтпақшы, ауылының тұрмысын түзеп, тірлігін жолға қойған азаматтың еңбегін ауылдастары да аса жоғары бағалады. Соның айғағы болар,  халықтың  қалтқысыз сенімін иеленген Имамзада Шағыртаев облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Демек ел алдындағы жауапкершілік жүгі де еселеп артты. Ауқымды міндеттерді алға  қойған азамат бүгінде елдің ертеңіне бағытталған  еңселі істердің басында жүр.
Елбасы  өзінің дәстүрлі халыққа  Жолдауында қандай дәрежедегі тұлға болсын, ең әуелі қарапайым еңбектің  дәмін татуы қажет екенін алға тартты. Осы орайда келешекте жастарымызға бірінші кезекте кәсіптік білім беру мемлекеттің маңызды міндетінің бірі саналатынын атап көрсетті. Сонымен бірге, өмір талабына сай Еңбек қоғамына бейімделудің маңыздылығын алға тартты. Ендеше елдік мүддені орындауда адал еңбектің алғашқы орында тұратынына қарапайым өмірден алынған  осындай нақты дәлелдер арқылы көз жеткіземіз.                
Туған жерін түлеткен  инвестор Имамзада Шағыртаев Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Бұл жоғары марапат оның ерекше азаматтық ұстанымы мен  елге еткен еңбегіне берілген әділ баға деп білеміз.
Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз